Үнді қызы Айшани Даттатрея қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. Жуырда ғана әлемнің үздік дауыс иесі атанған оның ән қоры қазақ музыкасымен толыққан. Ұлттық музыкаға ерекше өң беріп, дәстүрді дәріптеген жас дарынмен мереке қарсаңында тілдесіп, қазақ халқына деген ықыласын білген едік.
Айшанидың әкесі – үнді ұлтынан, ал анасы – Арал ауданының тумасы. Жұмыс барысымен Қазақстанға қоныс аударған үнді аза­маты қазақ қызы­мен отау құрған екен. Бүгінде Сыр өңірінің тұрғын­дарына айналған бұл отбасында Айшани екі ағасымен бірге қазақы құнды­лық­тармен танысуда.
Енді байқау барысына тоқ­талсақ. Таяу Шығыстың ең жарқын мегаполисінде Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Кувета, Үндістан және басқа елдердің шы­ғармашылық ұжымдары мен со­листері бас қосқан. Ду­байда өткен халық­аралық музыка және би байқау-фес­тивалінде Айшани Даттатрея үздіктер қатарынан табылып, бірінші орынды жеңіп алды.
– «Вокалдық өнер» номи­нация­сында менімен бірге 50 өнерлі жас жүлделі орынға таласты. Бұл байқауға дайындықты бір ай бойы жүргіздік. Мен танымал «Голос Дети» шоуының жеңімпазы Алиса Кожикина мен американдық әнші Адам Ламберттің репертуарындағы әндерді шырқадым. Жалпы вокал жанры бойынша бес жасымнан бастап білім алдым. Бірақ қазір тек мектеп пәндеріне баса назар аударудамын. Алайда менің репертуарымда ән саны жеткілікті. Соның ішінде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» және «Құсни-Хорлан», «Қазағымсың» әндері бар, – дейді ол.
Қазақ жерінде туып өскен үнді қызы қазақ әндерін ерекше жақсы көретінін айтады. Әсіресе ол ұлы Абайдың өлеңдеріне жазылған музыкалық әуендерді сүйсініп шырқайды.
– Менің музыка әлеміне деген қызығу­шы­лығым ерекше. Көп жағдайда орыс, украин, ағылшын, француз, хинди және қазақ тіліндегі әндерді орындаймын. Ең ұнайтыны – қазақ халқының компо­зи­циялары. Сондай-ақ маған қазақтардың көрімдік, беташар сынды түрлі бағыттағы дәстүрлері ұнайды. Әрі ет тамағын сүйсініп жеймін, – дейді жас әнші.

Гүлдана
ЖҰМАДИНОВА