Өзгеге қол ұшын созуды өзіне мақсат еткен еріктілер жыл соңына қарай марапат төрінен табылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Волонтерлік – өмір белесі» тақырыбымен өткен облыстық волонтерлер слетінде оларды облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет марапаттады.

Серік Әбжәліұлы бірліктің нағыз үлгісін көрсе­те білген барша азаматқа, азаматтық қоғам белсенділеріне алғыс айтты. Сонымен қатар ең жоғары марапат – «Халық алғысы» медалін, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатын, республикалық волонтерлер фронт-офисі директорының алғысын және «Жыл волонтері» облыстық сыйлығын табыстады.

Айта кету керек, олардың қатарында Қазалы ауданы, Өркендеу ауылының азаматы Талап Мырзалиев бар. Жалынды жас жастар ұйымына жетекшілік етеді, қоғамдық шараларда белсенді, әрі қайырымдылықта үлесі бар. Бүгінде Талап бастаған жастар Өркендеудегі жалғызбасты анаға үй салып, қолғабыс етуде. Бұл жаңалық көптің көңіліне қуаныш ұялатты.