Қармақшыдай қасиетті топырақ талай талантты түлеткен. Бойындағы өнері мен дарынын шыңдаған талай жас Қорқытпен ғаламға танымал жыраулар мекенінің айбынын асқақтатып тұр.

Өңір­дің өнерлі жастары­ның қатарында Ғалымжан Шакизада да бар. Өнер ордасындағы Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде қызмет істей жүріп, өзінің шығармашылығын да дамыту үстінде жүреді. Тіпті, елдегі «әу» дейтін өнерпаздарының әрбірінің әнін әрлеп, дауысын жолға қойып келеді. Бүгінде Ғалымжан сахна сәніне айналған жас. Аудандағы әрбір шараның төрінен табылады.
– Өнер дегеніңіз екінің бірінің уысына түсе бермейтін, басына қона бермейтін бақ қой. «Әу демейтін қазақ жоқ» деп айтамыз, бірақ сол әу деу үшін де өнер керек. Әншілік өнердің қыр-сырына қанықпасаңыз, біз білмейтін тұстары жетерлік. Әйтпесе, әлемде қанша әуен бар, бірақ бар болғаны – жеті нота. Сол жеті нотаны орынды пайдалану арқылы көңілге сыйымды, жүрекке жол тапқан ғаламат композициялар өмірге келіп жатыр. Талант жолында басқа идеяның бәрін тәрк етіп, білек сыбана өнер әлеміне енген адам үшін сол өзі ғашық саладан асқан бақыт жоқ. Бұл – бір сиқыр десек те болады, – дейді Ғалымжан Шакизадаұлы.
Қармақшының аспанын әнмен әуелетіп, Жосалының жанын тербеген әншінің әлемі де бөлек. Ол қай уақытта да ойындағы асыл арманына жетіп, өзінің ізін, өзіне ғана тән сүрлеуін қалыптастырғысы келеді. Ғашық адамның ғана жұмысы жұртшылық сүйсінетіндей болады. Ал Ғалымжан – ән өнеріне ғашық. «Көңілім әнді ұғады» деп Абайша толғанып, дарынын дамытып жүрген дарабоз.
– Мен үшін жетістіктің ең үлкені – халықтың қошеметі. Кешегі Ақан сері, Біржан салда да солай болған. Бүгінгілер де бұрынғы үрдістен адасқан жоқ. Үлкеннің батасын алуға, халықтың тілегін алуға құштармыз. Содан да болса керек, қайсыбір сәтте болса да, жолымыз да, аспанымыз да ашық болып жүреді. Ата-анам туралықты үйретті, адал жүріп, адал еңбек етуге баулыды. Солардың тәрбиесін алып, адамдық пен мамандықты қатар меңгере алсам, мен үшін жетістіктің де, абырой мен беделдің де төресі – осы. Тәуелсіз еліміздің айбынын асқақтатып, мерейін үстем ету бағытында ұлт руханиятының дамуына, халық арасында кең қолданыс табуына барынша атсалысамын. Бұл – мен үшін ең алдыңғы миссия. Ал марапаттың ішінен таңдар болсақ, ең қымбат жетістігім – Бексұлтан Байкенжеев атындағы облыстық «Жаңақорған жаңғырығы» атты ВИА байқауында «Үздік дауылпазшы» атағы. Ұрмалы аспапта ойнау – менің оқыған мамандығым болғандықтан, осыны жетілдіру, дамыту, шәкірт тәрбиелеуім үшін қымбат, – дейді өнерпаз.
Ғалымжан Шакизадаұлы өнерге қанат қаққан «Әнші балапан» сәтінен бастап күні бүгінге дейін көптеген биікті еңсерді. Ауданның өнер мен мәдениет саласының дамуына қомақты үлес қосқаны үшін аудандық жастар форумында аудан әкімінің «Жас дарын» номинациясымен марапатталды. «Мен – қазақпын» халықаралық мега жобасында ұлттық өнерімізді дәріптеуге үлес қосқаны үшін де арнаулы марапатқа қол жеткізген. ҮІІІ «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Жастар жылына орай өткізілген «Үздік үйірме жетекшісі – 2019» облыстық байқауында «Вокал» жанры бойынша бас жүлдені қанжығасына байлаған. Бірнеше мәрте аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Сахна төрінде жастардың жүрегіне жол тапқан заманауи хит әндерді шырқап тұр. «Жүрегіңнің есігін қағып тұрмын, аш! Аш!» дейді әнші. Замандастарының көңілін марқайтып, серпілтіп жүретін сері жігіттің өнері бүгін де тыңдарман құлағының құрышын қандырып, көрермен көзайымына айналды. Ал әнші Ғалымжан үшін бұл – мәртебе.
«Кез келген өнер адамы үшін халықтың қошеметінен артық бақыт та, қуаныш та жоқ. Ел қолдап, шабыттандырып отырса, міне, мерейлі махаббат деп осыны айт!» дейді дайындық залында отырып.
Өз саласын жан-тәнімен беріле сүйген Ғалекеңнің өмірі де ән секілді. Бастысы, сол әннің қайырмасы бітпесін!


Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!