Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы мен «Асыл мұра – Орда» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен “Әділетті Қазақстанның” қалыптасуындағы азаматтық қоғам бастамарының дамуы» атты ХІ Азаматтық форумның облыстық кезеңі өтті. Форум бұл жолы Жаңақорған аудандық «Талдысу» тынығу лагерінде өткізіліп, оған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысып, азаматтық қоғамды дамытудың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады. Жиынның жалпы отырысына «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясының» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ізден Анар Жарылқасынқызы модераторлық етті.


Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Азаматтық форум еліміздің басты демократиялық дәстүрлерінің бірі әрі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ашық пікір алысатын үнқатысу алаңы саналады. Ашық пікірлесу алаңына айналған форумда алғашқы болып қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов сөз алып, аймағымыздағы «үшінші сектордың» даму барысына, оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен көмектерге тоқталып өтті. Басқарма басшысы азаматтық қоғам секторларына қолдау көрсету алдағы уақытта да өз жалғасын табатына тоқталып, бұл форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жүйелі жүмыс жүргізуіне жаңаша серпін беретінін де атап өтті.
Азаматтық қоғамның дамуы үшін қоғамдық ұйымдардың қосатын рөлі маңызды. Қоғамдағы салмақты мәселелерді шешіп жүрген қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар және билік институттары бас қосқан форумның негізгі мақсаты да қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі қолданбалы идеялар мен бастамаларды көтеріп, азаматтық белсенділермен бірлескен жұмыс жоспарын талқылау болды.
Биылғы жылы Азаматтық форумның облыстық кезеңіне барлық аудандар мен қаладан арнайы өкілдер қатысып, құнды ұсыныстар, өзара түсіністік пен қолдау, ашықтық пен азаматтық бағытында бірқатар сұхбат алаңдары құрылды. Атап айтқанда, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясының» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден «Халықаралық ұйымдармен байланыс», Қазалы аудандық «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру қоғамдық қорының төрайымы Шынаркүл Жеңісбаева «Ауылдық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасау әрекеті», «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шакизат Қаратайұлы «Заманауи ата-ананың рөлі. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі» тақырыбында арнайы баяндама жасап, қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Екі күнге ұласқан азаматтық форум қатысушы қонақтардың табиғат аясындағы демалысымен жалғасын тапты.
Алдағы уақытта азаматтық қоғам өкілдері еліміздегі саяси жүйенің табиғи деңгейде жоғары дәрежеде дамуына тікелей ықпал етіп, қоғамды қалыптастырудың өзіндік бағытын айқындайтын болады. Сонымен қатар, форумда жолданған ұсыныстарды іске асыру бойынша алдғы уақытта қажетті шешімдер қабылданып, облыстағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында іскерлік-әріптестік байланыс орнатылмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!