Ішкі істер органдарындағы қызмет – кадр саясаты мамандарынан басталады.
Бір қарағанда, кадр саясаты бөлімінің жасап жатқан жұмысы көзге көрінбейді. Бірақ, бұл бөлім мамандары қиын салада жеке құрам қызметкерлерін ынталандыру мақсатында атақтар мен марапаттар беруді, қызметкерлерді жоғары лауазымдарға ұсынуды, зейнетақы тағайындауды, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін, ішкі істер органдарының ардагерлерін, сондай – ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларын әлеуметтік қорғау мәселелерін қамтамасыз етеді. Қызметкерлерді іріктеу, даярлау, тәрбие жұмыстарын жүргізу, олардың кәсіби деңгейін көтеру де дәл осы кадр саясаты қызметкерлерінің мойнында. Жанұя мен жұмысты қатар алып жүрген майор Гүлмира Алтынбек 2010 жылдан бастап Ішкі істер органында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде кадр саясаты бөлімінің бастығы лауазымында қызмет етеді. Құзырлы органдық құрылымның ішінде аталмыш басқарманың рөлі ерекше.

  • Кадр саясатында еңбек ету әр қызметкерден кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі жоғары жауапкершілікті сезінетін қызметкерлер ғана осы маңызды механизмнің үйлесімді және тиімді жұмысын жүргізе алады. Дәл осындай мұқияттылықтың арқасында бірде-бір рет тәртіптік шараға тартылмай, керісінше түрлі марапат иесі атандым. ІІМ-нен беріліп отырған төсбелгінің де маңызы зор. Біздің қызметіміз қылмысты ашпайды, оларды жасауға қатысы бар адамдарды ұстамайды, қылмыстық істерді тергемейді. Алайда, осы салада лайықты қызмет атқарғысы келетін үміткерлерді мұқият іріктеу – біздің негізгі міндетіміз болып табылады. Әр қызметкердің қызметтік міндеттерін табысты орындауы, қызмет мәселелерінде құзыретті бола алатын білікті мамандарға айналуы, күйзеліске төзімді бола білуі, Қылмыстық-атқару саласында жедел шешім қабылдауының, азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасауының, олардың проблемалық жағдайын оң нәтижеде шеше алуының түп тамырында біздің жасап жатқан тынымсыз еңбегіміз тұрады,-дейді кадр саясаты бөлімінің бастығы, әділет майоры Алтынбек Гүлмира.
    Жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болған маман Қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек ете жүріп, жанұясына да ерекше көңіл бөледі. Ол бүгінгі таңда екі ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана. Төзімділік пен мейірімділікті бойына сіңірген ару қызметтің қиындығына қарамастан, отбасы мен жұмыстың тізгінін қатар алып жүр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!