Көктем мезгілінің айтулы мерекелерінің бірі, жыл басы Наурыз – жүректердің тоғысқан сәті. Ұлыстың Ұлы күні 22 наурызда туыстар мен достар бір-біріне қонаққа барып, тілек айтып, дастарханнан дәм татады.

Ата-бабаларымыз осы күні бір-біріне қандай сыйлық тарту еткен? Қандай дәстүрлерді қазір де қолдануға болатынын тарқатсақ.
Жастар үлкен кісілердің үйіне «белкөтерер» апарып, бата алған екен. Бұл – қарт кісілерге арналған жылы-жұмсақ тағамдар. Олар әрі дәмді, нәрі мол қазы, жент, қымыз, ақ ірімшік, бал, тағы сол сияқты тамақтардан әзірленеді. Мұны балалары, көрші-қолаң, сыйлас кісілер арнайы дайындап апарады. Бұған риза болған қарттар оларға ақ батасын жаудырады.
Осы күні жас қыздар мен жігіттердің бір-біріне беретін ерекше сыйлықтары – «селтеткізер» мен «ұйқыашар». Сағат он екіде, жұрт ұйықтап қалмауы үшін жас келіншектер, қыздар ұйқыашар деп аталатын дәм тағайындап, өздері ұнатқан жігітке апарып береді. «Ұйқыашардың» қарымтасына жiгiттер селт еткендіктен «селтеткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни, қалауынша айна, тарақ сияқты бұйымдарды сыйлайды. Бұл салтты қазіргі заманға сай етіп, Наурыз мейрамында сүйікті жандарыңызға дәстүрлерімізге сай сыйлықтарды тарту етіңіз! «Ұйқыашар» мен «селтеткізер» – қыз бен жігіттің бабалар ғұрпын сақтап, сезім мен сенімге толы салтпен көңіл қосып, екі жастың бір-бірін тауып, қосылуын үгіттеген игі дәстүр.
Қазақ халқы бала дүниеге келгеннен бастап сый-сыяпат берген. Наурыз мейрамында балаларда да қалтасы асыққа, қолы тәттіге толған. Сонымен бірге домбыра, қамшы сыйлап, қазақы дәстүрді дәріптеуге тырысатын.Мейрам қарсаңында кішкентайларға ойыншық, ойлауды дамытатын үстел ойынын, өнерге жақын балаға түрлі ұлттық аспап, микрофон, спортқа жақын балаға велосипед, коньки, ролик сияқты спорт заттарын сыйлаған абзал. Сонымен бірге смартфон, планшет, құлаққап сияқты пайдалы әрі қажет заттарды да сыйлауға кеңес береміз!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!