«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалымен кәсіподақ ұйымы «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында филиал қызметкерлерінің балалары арасында конкурс ұйымдастырған еді.

Үміткер 13 бала музыкалық аспаптармен орындаған шығармаларын видео түрінде байқауға ұсынып, М.Қалауова атындағы Қызылорда қалалық өнер мектебі директорының орынбасары Жадыра Қожатаева өрендердің өнерін сараптады. Әділқазы шешімімен 6 бейне шығарма жүлдеге лайық деп танылды.

Атап айтсақ, 12 жастағы байқоңырлық Аян Сабиханов байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байласа, қызылордалық Ақжан Келесбай І орын тұғырынан көрінді. Жүлделі ІІ орынды Нұржан Болат пен Нұраян Марат өзара бөлісті. Ал, ІІІ орынды Айбол Болатбек пен Жарқынай Әбілқасым қанағат етті. Мұнан бөлек қос қазалылық бір отбасының екі баласы Абай Оңғар мен Айым Оңғарға ынталандыру сыйлығы табысталды. Бүгін филиал директоры Айнұр Тобаева додада оза шапқан өнерлі балаларды марапаттады.

«Сіздерді алдымен «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл – балалар үшін ерекше жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде балалардың шығармашылығын, денсаулығын білімін арттыру бағытында түрлі шаралар атқарылуда. Біз де өз кезегімізде сіздерді қуанту мақсатында осы байқауды өткіздік. Өнерлеріңізді тамашалап, сүйсіндік. Кейінгі ұрпақтың талантты, өнерлі болып өсіп келе жатқандығы бізді қатты қуантты. Әрқашан биіктерді бағындырып, мемлекетіміздің байрағын желбірете беріңіздер. Еліміздің ертеңі сіздермен жарқын» – деді Айнұр Тобаева.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар өз алғыстарын шығармаларын орындау арқылы жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!