Қолөнер бұйымын заманауи талапқа сай түрлендіріп, сұранысқа айналдыру оңай қадам емес. Оның үстіне әлемдік брендтер нарықты қамтыған шақта ұлттық нышанды сәнді үйлестіру сәтті жүрмесе, істің мәні кетері анық. Сондықтан кәсіпкерлер бұл бағытқа ерекше идея, тың талпыныспен қарауға тырысады. Бүгінде «PodarKing» атты брендпен ұлттық болмысты насихаттап жүрген қызылордалық Байжігітовтер отбасыда аталған үдеден шығып, табыстылардың қатарына қосыла білген.

Нұржан Байжігітов пен жұбайы Жанарағаштан кәдесый, тойтабақ және ойыншықтарды сапалы жасап, халыққа ұсынып келеді. Ерлі-зайыптыларотбасылық кәсіпті өрістетіп, ісін жандандыруға күш салуда. Көздің жауын алатын бұйым­дардың бар­лығы жоғары сапалы, асқан ұқыптылықпен әзірленген. Содан болар, ұлттық бұйымдарға тек егде жастағы тұтынушылар емес, жастардың да қызығушылығы зор.

Үнемі жаңа идея ойлап, ізденіс үстінде жүретін Нұржан сүйікті ісі туралы айтудан жалықпайды. Оның әңгімесінен өзінің кәсібіне жан-дүниесімен берілгенін, мақсат-арманы ел болашағының дамуымен тікелей бай­ланыста екенін аңғару қиын емес. Қаншама кедергіге қарамастан пайданы емес, ойға алған жоспарды жүзеге асы­руға ниет­тенген кәсіпкер бүгінде өз ісінің жемісінкөріп келеді.

– Ағам Бақытжан екеуміз бір жылда ұлдарымызды сүндетке отырғыздық. Ат шаптырып, бәйге бермесек те қуанышымызды ұлттық нақышта жасағымыз келді. Сол кезде ұлттық бұйымдарды табу қиын екеніне көз жетті. Алам жоқ, бәрін қолдан жасауға тура келді. Осылайша, ұлымның қуа¬нышына үлкен әзірліктің соңы кәсіпке жалғасқан жайы бар. Жалпы ағаштан түйін түю – кез келгенге бұйыра бермейтін қасиет. Маған бұл өнер әкемнен дарыған болуы ықтимал. Әкем де қолөнерге бейім  шебер кісі болған еді. Әкенің бойындағы өнер маған мирас болды.

Әуелгіде «PodarKing» – «Сыйлық¬тар патшасы» деген брендпен шыға бастадық. Мақсатымыз – ұлтымыздың баға жетпес байлығын, мәдени мұрасын ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпаққа дәріптеп, нарықта ұлттық трендке айналдыру. Бұл жұмыстан біз рухани азық аламыз, – дейді кәсіпкер.

Расында, «сыйлықтардың патшасына» бұйымдар қызылордалық тұрғындардың көңілінен шығуда. Ұлттық бұйымнан, қолөнерге құмар азаматтар арнайы тапсырыс беріп қолдау білдіруге асық. Тіпті, түрлі жәрмеңке барысында Нұржан мен Жанардың бұйымдарына кәсіби мамандар да жоғары баға беріп. Бірі тапсырыс берсе, енді бірі ризашылықтарын білдіруде.

Елдің ықыласы қанат бітіріп, Нұржанның ойға алған бастамасын жары Жанар да қолдай кеткен. Ерлі-зайыпты бірлесіп жұмыс бастап, алғашқы өнімді шығаруға талпынады. Алғашқы бұ¬йымдар дайын болған кезде саябақтағы қолөнершілер жәрмеңкесіне қатысып, халықпен етене араласу арқылы тұтынушымен жұмыс істеуді игеруге жолын ашқан екен.Қазір бұл кәсіппен үй іші түгел айналысуда. Анасы, жары, балалары, бауырлары да ынты-шынтысымен еңбек етеді. Кәсіптің мәні де осында болса керек. Бірін-бірі қолдап, ойы бір жерден шығып жатса, еңбектің жемісті болғаны.

– Отбасы болып жұмыламыз. Қандай бұйым жасасақ та алдымен сызбасын сызып, ақылдасамыз. Барлығының пікірі ескеріледі. Тіпті кішкентайлардың да. Олардың қиялы ұшқыр, тәуір дүние жасауға қанат бітіреді. Біз бұйымдарды кесіп, әрлесек, кішкентайлар құрастырады. Бала біз ойламаған, көрмеген нәрсені байқайды.

Мені ойландыратыны – балалардың телефонға тәуелділігі. Құрастырмалы үй, машина жасаймын. Сырттан келіп жатқан ойыншықтардың бала денсаулығына зиянын ескеріп жатқан жоқпыз. Біздің жасаған ойыншықтар – таза ағаштан, тіпті сырланбаған. Балалардың ой-өрісін дамытуға да, денсаулығына да пайдалы,– дейді Н.Байжігіт.

Бір айта кетерлігі, бұйымдардың алғашқы тұтынушысы да балалары екен. Әр жасалған ойыншықпен ең әуелі үйдегі кішкентайлар ойнайды. Бүлдіршіндер көңілінен шықса, ойнағанда сынбаса, онда сапалы болғаны.

Өнерлі отбасының танылуына арбатта жиі ұйымдастырылған көрменің көмегі көп. Арнайы дүкен ашу тәй-тәй басқан кәсіп иелері үшін оңай емес. Өнер арбатында талай бұйым сатылып, жарнама да жақсы жүргені сөзсіз. Сондай көрмелердің бірінде жасаған бұйы­мына қатты қы­зықан Кәсіпкерлер пала­тасының қыз­мет­кері­лері өнерлі отбасыны кеңес алуға шақырған. Нәтижесінде хоббиге баланған өнерді, табыс көзіне айналудыруға мүмкіндік туған көрінеді.

– Тың идеяларға қолдау бар екенін түсіндіріп, «Бастау-бизнеске» оқуға жөн сілтеген соң, курстан өтіп, бизнес-жоспар жасап, құжат­тарды реттедім. Бұл жерден бизнес әліппесін үйрендім. Иннова­ция­лық идея­ларға арналған конкурсқа қаты­сып, грант ұтып алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Осылайша кәсіпкер болдық, – дейді Н.Байжігітов.

Сапаны бірінші орынға қойған шебер шикізатқа аса мән береді. Бұл үшін ағаштың жақсысы қажет. Шикізат Алматыдан әкелінеді. Нарықта «PodarKing» брендімен танылған Байжігітовтер жасаған бұйымның бұлай аталу себебін сұрадық.

– Көптің есінде қалатындай болса екен дедім. Келешектешетелнарығынашығамыздегенжоспарымыз бар. Солсебептіағылшынтіліндеатауқойдық. Мағынасысыйлықтарпатшасыдегендібілдіреді. Ұранымыз – «Сіздің арманыңыз біздің қолымызбен!», – дейді ол.

Кәсіп бастау үшін айқын мақсат керек. Бірінші кезекте қалтаны қалыңдату емес, сүйікті ісіңді сапалы жасау. Нарықты зерттеу, сұранысқа талдау жүргізу қажет. Аталған ұстанымның үдесінен шығу табысқа бастар негізгі тетік екенін Байжігітовтер отбасы  дәлелдеп келеді. Олар тек қардыны ғана емес, ұлттық рухты көтеруді де мақсат тұтады. Мәселен, шебер жергілікті спортшыларға медаль ілгіш жасап, сыйға тартуды дәстүрге айналдырыпты. Сыр топырағынан шыққан әрбір спортшының медаль ілгіші медальға толса екен деген тілектестік білдіреді.

P.S. Расында, бастаған істі жан дүниеңмен атқара білгенге табыс өзі келеді. Өнерлі отбасының айқын мақсаты мен алға жетелейтінін арманы әлі талай белесті бағындыратыны үміт мол.

Берен Шағыров