Таудай талпыныс пен сенім бар жерде еңбек ешқашан зая кетпейді. Әсте елең еткізетін жаңалық, тіршілік пен тұрмысқа оң әсер ететін тың жоба жалғасын тапса бұқара бөркін аспанға атып қуанбақ. Тиісінше зерттеу нысаны мен шешімі халық игілігіне жараса құба-құп. Жаңаны үйренуде жалтақтамай, әркез білімін тәжірибемен ұштастыратын, қайтпас қайсар адам ғана ұлы ғалым, ірі қайраткер атанады. Ал саланың салмағын түсінбей, көлденеңнен килігіп, күріштің арқасында күрмек су ішіп жүргендердің мансабы баянсыз болатыны белгілі. Ғылым жолының жауапты жүгін көтеруде жүрексінбеген, даңқ қуып даурықпаған адам шынайы шенге, нағыз атаққа лайық болады. Бүгінде ғылымға құштарлықпен келіп, шетелде білімін шыңдап жүрген жас көп. Соның бірі – үздіксіз дамуды жөн көретін жерлесіміз Маржан Аябекова.

– Еуропаның екі елінде Литва мен Италияда білім алған болатынмын. Әрі қарай білімімді жетілдіру керегін ескеріп, докторантураны Америкада оқуды құп көрдім. Өйткені білім беру деңгейі жоғары. Менің негізгі бағытым – білім саласы. Сондықтан оқуға атүсті қарамайтын студенттерге ыңғайлы жағдай жасап, алаңсыз білім алуына жол ашқым келеді. Қазіргі таңда Гарвардта оқыған, сонда қызмет атқарған профессормен бірлесе жоба дайындап жүрмін. Мәселен, студенттер шетелге оқуға келген кезде қандай қиындық басынан өткереді, оны қалай еңсерді, ата-анасымен қарым-қатынасы және олардың шешім қабылдауында қоғамның рөлі секілді тақырыптарды негізге алып, сайт жасаған болатынбыз. Ғылымға енгізгім келетін жаңалық та осы. Яғни Қазақстанның білім алушылары шетелге оқуға түсерде кедергіге кездеспес үшін бағыт беретін сайт пен бағдарлама жасау, – деді Маржан Нұрлыбекқызы.
Ғылым саласында жетістік пен кемшілік қатар айтылады. Бірі қолдау жетпейтінін айтып қамықса, енді бірі ұялмай ұрлыққа барып, өзгенікін өзінікі етуге даяр адамдарды айтып қапаланады. Мұны қазір плагиатқа балап, ғылымға жасалған қиянат деп атап жүрміз. Жұрттың “жалған ғалым” да болуы мүмкін деп жаға ұстайтыны содан. Маржан осы жайында тілге тиек етті.
– Жалпы ғылымда түрлі аппараттар мен құрылғылар жеткіліксіз. Сондықтан елімізде лабораторияға көп көңіл бөлінуі қажет. Мәселен, Гарвард университетінде психологтарға арналған клиника бар. Психологияның өзін төрт бағыт бойынша қарастырады. Тақырып бойынша талдау, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, студенттерге жағдай жасалған. Ал плагиатқа тоқталсам, жоба барысында көшіріп алушылар өте көп. Дегенмен плагиат деп те шу шығаруға болмас. Ғалым барлық ақпаратты, ресурсты пайдаланады. Сол уақытта сілтемесін беріп, авторын жазуды ұмытпауы керек. Осындай келеңсіздіктер елімізде жаңа жобаларды жүзеге асырып жүрген нағыз ғалымдар барын жоққа шығармауы тиіс, – деді ол.
Кез келген елдің білім беру жүйесі әртүрлі болатыны анық. Сол себепті бір орында тұралап қалмай, тәжірибе жинақтауды жалғастыру білімді арттырмақ. Шетелде шеберлігін шыңдаған кейіпкеріміз екі елдің білім беру тәсілін де атап өтті.
– Әлбетте Қазақстанның білім беру сапасы жаман емес. Дегенмен елде 4 жыл оқып алатын білімді Еуропада 4 айда меңгеруге болады. Америкада ғылымда көбінесе еркіндік бар. Мәселен, профессормен пікір алмасу, хат жазып, оны реттеу сынды көптеген бағытты үйренуге мүмкіндік мол. Сондай-ақ ғылымға жоғары деңгейде көңіл бөлінеді. Менің бағытым білім саласы болғандықтан түрлі жоба ұйымдастырып, анализ жасау арқылы әрекет етеміз. Егер химия-биология мамандығы болса лабораториялар жақсы дамыған. Сонымен қатар Америкада профессордың көрсететін қолдауы, қаржымен қамтамасыз етуі көп көмек. Ал елімізде әр профессордың компаниясы жоқ, – деді ол.
Жас болса да қатарының алды болып, дамудың даңғыл жолында дағдарысқа ұшарамай, асқақ арманына жетуді көздеген Маржанның мақсаты айқын. Мамандығына мақтанышпен қарап, таңдаған саласына жанашырлық танытатын маманның еңбегі қашан да жемісті болмақ.
– Алға қойған мақсатым өте көп. Соның бірі үлкен мектеп ашсам деймін. Яғни көбісі оқуға түсерде құжат және виза бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы, нотариус, заңгер қызметіне жүгініп, жүгіреді. Осы орайда мен адамдардың уақытын жолғалтқанын қаламаймын. Төлқұжатын ғана тапсырып, барлық ісін реттеп беретіндей деңгейге жеткізгім келеді. Тағы бір мақсатым – әлемдік деңгейде профессор болу. Түрлі университетке барып, студенттерге білгеніммен бөлісіп, сабақ беруді қалаймын, – дейді инемен құдық қазған жас.
Түйіндей келе, ғылымды үйреніп, оны іске асыра алмау еңбектің еш кеткенін білдіреді. Бастапқы талпыныстан таймай, тоқтамастан әрекет ету берекесін беретіні белгілі. Маржан Нұрлыбекқызының білім саласына баса назар аударып, кәсіпкерлік бағытта да бақ сынауы білсем деген ниетінен.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!