Тұрғындар тарапынан жиілеген шағымдар мен нақты проблемаларға байланысты 3 сәуір күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиалы арнайы кездесу ұйымдастырып, автобус паркі қызметімен ашық диалог алаңын құрды.

Жиын барысында партия өкілдері мен сала мамандары қоғамдық көлік жүйесінің бүгінгі ахуалын жан-жақты саралап, тұрғындарды алаңдатқан түйткілдерге нақты жауап іздеді. Бұл кездесу формалды жиыннан гөрі, нақты мәселелерді көтерген, өткір пікірлер айтылған ашық алаң ретінде өтті.

Қоғамдық көлік – кез келген қаланың әлеуметтік-экономикалық тынысын айқындайтын маңызды сала. Ол тек тасымал қызметі ғана емес, халықтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Таңнан кешке дейін жұмысқа, оқу орындарына, емханаларға және басқа да маңызды бағыттарға қатынайтын тұрғындар үшін автобус қозғалысының тұрақтылығы мен сапасы – өмірлік қажеттілік.

Тұрғындар талабы – тұрақты көлік: саладағы кемшіліктер ашық айтылды

Алайда, кездесуде көтерілген мәселелер бұл салада әлі де шешімін таппаған проблемалардың жеткілікті екенін көрсетті. Тұрғындар тарапынан ең алдымен «Сабалақ» елді мекеніне қатынайтын автобустар санының аздығы қатты сынға алынды. Аталған бағыттағы қоғамдық көліктің сирек жүруі халықты ұзақ уақыт аялдамада күтуге мәжбүрлейді. Бұл, әсіресе, жұмысқа немесе мектепке асыққан азаматтар үшін үлкен қолайсыздық туғызуда.

Сонымен қатар, «Арай» мөлтек ауданы тұрғындары тарапынан жалғыз №21 бағыттағы автобусқа қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, көлік қозғалысы тұрақсыз: автобустар жиі кешігеді, белгіленген кесте сақталмайды, тіпті кей жағдайда жол ортасында тоқтап қалу деректері де кездеседі. Бұдан бөлек, демалыс күндері бұл бағытта қоғамдық көлік мүлдем қатынамайтыны халықтың наразылығын арттыруда.

Әсіресе, қыс мезгілінде аялдамаларда ұзақ уақыт күту және кейбір автобустарда жылыту жүйесінің тіпті күндізгі уақытта да өшіріліп тасталуы жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Сонымен қатар, жүргізушілердің 2GIS қосымшасындағы навигацияны өшіріп тастауы да тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық туғызуда. Бұл жолаушылардың автобус қозғалысын бақылауын қиындатып, қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігіне кері әсер етуде.Кездесу барысында айтылған бұл мәселелер жай ғана тұрмыстық шағым емес, жүйелі проблема екені байқалды. Қоғамдық көлік қызметінің тұрақсыздығы тұрғындардың уақытын жоғалтып қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігіне де кері әсерін тигізуде.

         Өз кезегінде автобус паркі басшылығы көтерілген сұрақтарға жауап беріп, жағдайдың себептерін түсіндіруге тырысты. Олардың айтуынша, «Сабалақ» бағыты бойынша жолаушылар ағынының төмен болуы маршрут санын көбейтуге мүмкіндік бермей отыр. Ал №21 бағыттағы автобустардың бір бөлігі жеке тасымалдаушыларға тиесілі болғандықтан, олардың жұмысын толық бақылау күрделі екені айтылды.

         Дегенмен, бұл түсініктемелер тұрғындардың алаңдаушылығын толық сейілте алған жоқ. Себебі, халық үшін бастысы – нақты нәтиже мен сапалы қызмет. Кестенің сақталуы, автобустың уақытылы келуі және барлық бағыттар бойынша тұрақты қатынастың қамтамасыз етілуі – бұл талаптар кез келген заманауи қала үшін қалыпты стандарт болуы тиіс.

Тұрғындар талабы – тұрақты көлік: саладағы кемшіліктер ашық айтылды

         Кездесу барысында партия өкілдері мәселені тек тыңдап қана қоймай, оны шешудің жолдарын да ұсыну қажеттігін атап өтті. Қоғамдық көлік саласын дамыту үшін кешенді тәсіл қажет екені, оның ішінде маршруттарды қайта қарау, бақылауды күшейту, жеке тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру секілді нақты шаралар керек екені айтылды.Сондай-ақ, қоғамдық көлік қызметін цифрландыру, қозғалыс кестесін ашық көрсету, тұрғындармен кері байланысты күшейту де маңызды бағыттардың бірі ретінде ұсынылды. Себебі қазіргі таңда халық тек қызметті пайдаланып қана қоймай, оның сапасына тікелей ықпал еткісі келеді.

         Жиын қорытындысында көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, тиісті органдарға ұсыныстар жолданатыны белгілі болды. Бұл бастама қоғамдық көлік саласындағы жүйелі өзгерістерге жол аша ма, жоқ па – уақыт көрсетеді. Алайда бір нәрсе анық: халықтың үнін елемеу енді мүмкін емес.

Жақсыгүл ОРАЗАЛИЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!