фото: ТЖД видеосынан кадр

Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған қайғылы өрттен кейін арнайы техниканың көпқабатты үйлерге кедергісіз өтуі сынды маңызды, бірақ ұмыт қалған мәселенің беті ашылды. Кез келген жерге қойылған көліктер құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайда төтенше қызметтер не істеуі керек және бұл мәселенің шешімі қандай болмақ, оны Tengrinews.kz тілшілері анықтап көрді.

Не болды?

12 сәуірге қараған түні өрт шыққан «Көркем-3» ТҮК ауласы көлікке толы болған, ал кіреберіс темір қақпамен жабылған. Бұл туралы Астана қалалық ТЖ департаменті мәлімдеді.

Өрт салдарынан пәтерлердің бірінде үш бала қаза тауып, олардың анасы аман қалғанымен, аурухананың жансақтау бөліміне ауыр халде жатыр.

Жүргізуші қалай жазаланды?

Астана Полиция департаменті редакциямызға берген мәлімет бойынша, өрт сөндіру көліктерінің өтуіне кедергі келтірген жүргізушіге айыппұл салынды. Ол көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзу бабы бойынша жауапқа тартылған.

Айыппұлдың нақты мөлшері аталған жоқ, алайда бұл бап бойынша айыппұл көлемі 5-тен 15 АЕК-ке дейін (2024 жылы 18 460-тан 55 380 теңгеге дейін) құрайтыны белгілі.

Құтқарушыларға не рұқсат етілген?

ТЖМ Конституция бойынша жекеменшік мемлекеттік меншікпен тең дәрежеде танылатынын және қорғалатынын еске салды. Сонымен қатар өрт сөндіру көліктерінің көпқабатты тұрғын үйлерге кедергісіз өтуі үлкен мәселе болып отыр – үй маңындағы аумақтар жеке автокөліктерге толы.

Құтқарушылар өрт сөндіру кезінде бұл нақты жағдайдағы жалғыз шешім болса ғана өзге біреудің мүлкіне «мәжбүрлі түрде зақым келтіре» алатынын нақтылады. Мәселен, өртсөндірушілер жиі пәтерлер мен үй-жайлардың есігін бұзып ашады, ал өрт сөндіру барысында су төменгі қабаттағы пәтерлерге жайылады.

Азаматтық қорғау туралы заңға сәйкес, егер мұндай жағдайларда өртсөндірушілерге тілсіз жауды ауыздықтап, адам өмірін сақтап қалу қажет болса, олардың әрекеті заңды деп танылады және олар келтірілген шығынды өтеуден қорғалған.

Өзге көлікті соғып өтуге бола ма?

Қазақстан заңнамасында «таран» (соғып өту) термині жоқ және шұғыл қажеттілік жағдайында мұндай әрекеттерге рұқсат беру еш жерде жазылмаған. Сонымен қатар еш жерде бұған тыйым салынғаны туралы да айтылмайды. Астана мәслихаты жақында қалада жол жүру ережелерін бекітті, оған сәйкес шұғыл, жедел, апаттық және коммуналдық қызметтер, мысалы, аулада шлагбаум, қақпа немесе басқа да қоршаулар істен шыққан болса, межелі жерге «еркін өте бере» алады.

Сондай-ақ ТЖМ жеке автокөлікті ірі көлемді өрт сөндіру техникасымен соғып өту жолдың ашылуына кепілдік бермейтінін, ал оның салдары қосымша шығын мен қауіп-қатерге әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.

«Ұзаққа созылған сот талқылаулары құтқарушылар іс-әрекетінің заңдылығын дәлелдеуге кепілдік бермейтінін тәжірибе көрсетті. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл алгоритмі бар: полиция өрт сөндірушілермен бірге шақыртуларға шығып, жолға кедергі келтіретін көліктерді эвакуациялауды қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді министрліктегілер.

Ведомство «Көркем-3» ТҮК-дегі өртті сөндіру кезінде өрт сөндірушілер уақыт жоғалтпай, авариялық-құтқару құралдары мен мобильді аспалы өрт сөндіру қондырғыларын пайдалана отырып, адамдарды құтқаруға кіріскенін атап өтті.

«Негізгі өрт сөндіру техникасы Орынбор көшесі жағына орналастырылды, сол жерден құтқарушылар құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 15-қабатқа жедел көтерілді, сондай-ақ өртті сөндіруге су беру үшін жеңдік желілерді тартты», – деді ведомство.

«Аса қажеттілік» немесе заң төтенше қызметтер жағында болғанда

Сенат депутаты, отставкадағы полиция генерал-лейтенанты Марат Қожаев адамдарды құтқару туралы сөз болғанда, заңнамада «асқан қажеттілік» ұғымы қарастырылғанын еске салды.

«Егер қандай да бір көлік жолды бөгеп тұрса, оны зақымдауға немесе сүйреп апаруға болмайды деген тікелей тыйым жоқ. Керісінше, бізде аса қажеттілік ұғымы бар. Тіпті осы жағдайда төтенше қызметтер біреудің мүлкіне, көлік иесіне зиян келтірсе де, бірақ аса қажеттілік жағдайында, яғни адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін әрекет етсе, меніңше, ол үшін ешқандай құқықтық салдар болмас еді. Бірақ жалпы алғанда, мәселе үлкен», – деді Қожаев.

Депутат мұндай тәжірибенің төтенше жағдайлар кезінде басқа елдерде де бар екенін атап өтті. Сонымен бірге сенатор егер бүкіл аула көлікке толы болса, олардың бірін соғып өтуге тырысудың мәнсіз болуы мүмкін екенін айтты.

«Бір көлікті соғып, олардың үйіндісін жинау апат немесе өрт болған жерге жетуге көмектеспеуі мүмкін. Бірақ кейбір елдердің заңнамасында жолды бөгеп тұрған көлікті төтенше қызметтердің зақымдауы мүмкін екені және бұл үшін олар ешқандай жауапкершілікке тартылмайтыны нақты жазылғанын білемін. Бұл да адамдарды мұндай орындарда көлікті дұрыс қоюға, тұраққа қоюға тәртіптейді», – деді ол.

Таңба жоқ – заңбұзушылық жоқ па?

Марат Қожаевтың пікірінше, Қазақстан қалаларында тұрақ орындары мен өрт сөндіру, жедел жәрдем және басқа да шұғыл қызметтерге арналған «кіру жолдары» деп аталатын арнайы таңбалар жетіспейді.

«Үлкен тұрғын үй кешендері жобаланған кезде, өкінішке қарай, жобалау сатысының өзінде арнайы көліктердің өту жолдары қай жерде болатынын ешкім ескермейді. Сол баяғы жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да төтенше жағдай қызметтері үшін. Аулалар көлік тұрағына мүлдем бейімделмеген. Үйлерді салу кезінде тұрақ орындары, әдетте, тұрғындар санынан аз болады. Сондықтан бұл көліктердің бәрі аулаларда бейберекет қойылады. Мұны мен өз ауламнан да көріп жүрмін. Әрине, көліктерге арналған ешқандай арнайы өту жолдары жоқ. Сонымен қатар тұрғындардың өздері де кейде өз бетінше әрекет етіп, шлагбаумдар мен арнайы қоршаулар орнатып алады», – деді Марат Қожаев.

Сенатор Германияны мысалға келтірді, онда firelines (өрт сөндіру көліктеріне арналған арнайы таңба – ескерт.) деп аталатын жерлерге көлік қойғаны үшін қомақты айыппұлдар қарастырылған. Бұл ережелер ондаған жылдар бойы қолданыста келеді. Қожаевтың пікірінше, осындай таңбаларды Қазақстанда да енгізу қажет.

«Ол жақта көліктер мен шұғыл қызметтер үшін жолын бөгеуге болмайтын арнайы өтпелер бар және неміс жүргізушілері, әдетте, ол жерге көліктерін қоймайды, өйткені бұл үшін өте үлкен айыппұл салынады. Яғни, бұл жерде кешенді шешім іздеу керек. Көпқабатты үйлерді жоспарлау және жобалау сатысында өрт сөндіру, жедел жәрдем және тағы басқа қызметтерге арналған осы жолдардың бәрін есептеген жөн. Сонымен қатар, ТҮК тұрғындары үшін де тұрақ орындарын жоспарлау қажет. Өкінішке қарай, бізде бұл әлі күнге дейін жоқ», – деп түйіндеді депутат.

Жүргізушілердің тәртібін тек айыппұлмен өзгертуге бола ма?

Көлігін аулаға кіреберіс жолға қалдырған жүргізуші бұл жағдайдың соңы неге соқтыратынын болжамағаны анық. Марат Қожаев бұл жерде мәселе тұрақ орындарында емес, адами құндылықтарда екенін баса айтты.

«Егер жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарасақ, адамның өмірі мен денсаулығы кез келген мүліктен әлдеқайда қымбат. «Жүргізушіге көлік қоятын жер болмады» деген не сөз? Біздің адамдардың көлікті қалай болса солай қалдырып кететінін бәріміз көріп жүрміз ғой. Егер біреу дүкенге келсе, міндетті түрде кіреберістің алдына тоқтауы керек. Егер ол осы кіреберістің тұрғыны болса – көлігін өз есігіне барынша жақын қоюға тырысады», – деп түсіндірді Қожаев.

Парламент мүшесі мәселе орынның жоқтығында емес, кез келген жағдайда тек өз жайлылығын ойлау әдетінде деп есептейді.

«Біз бұл әрекетімізбен басқа адамдарға қолайсыздық тудырып, шұғыл қызметтердің өтуіне кедергі келтіретініміз туралы ойланбаймыз. Тек өз ыңғайымызды ғана ойлаймыз. Басқа жерге тұраққа қоюға мүмкіндік болмады дегенге сенбеймін. Үйден сәл алысырақ, аула сыртына да қоюға болады», – деді ол.

Оның пікірінше, бұл – тәрбиеге байланысты жүйелі мәселе.

«Өкінішке қарай, тәрбие мен қоғамдық мүдделерді сақтау тұрғысынан бізде әлі де үлкен олқылықтар бар. Кейде жол бойында көлігін екінші қатарға қойып, апаттық белгісін жағып тастап кете береді – өзіне ыңғайлы болса болды. Ал айналасында не болып жатқаны оны қызықтырмайды», – деп қынжылды отставкадағы полиция генерал-лейтенанты.

Мұндай жағдайлар бүгінде сирек кездесетін жайт емес, үйреншікті әдетке айналған, деп атап өтті депутат. Сонымен қатар ол мәселені тек айыппұлмен шешу мүмкін емес деп санайды. Депутаттың негізгі уәжі – жағдай жасалмаған жерде ереженің сақталуын талап етуге болмайды.

«Кез келген заңнама шынайы орындалатындай болуы керек. Ал біздің аулаларда арнайы техниканың өтуіне арналған жолдарды жасамайтын болсақ, онда көліктер бұрынғыша бейберекет қойыла береді. Бұл заң жұмыс істемейді», – деп сендіреді Марат Қожаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!