Оның туған жерінің тұмса табиғаты да жанға шабыт сыйлар ерекше мекен. Елді мекен ортасында орналасқан Қоғалыкөл атты айдынды көлдің жағасында өскен Бауыржан Баймағамбетұлы кішкентайынан өнерге бір табан жақын болды. Бәлкім, атақты алыптарды өмірге әкелген қасиетті топырақтың құнары Бауыржанның да бойына дарыған болса керек. Бүгінде Қызылорда қаласындағы Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде шәкірт тәрбиелеген ұстаз ізінен ерген талай жастың талантын тап басып тауып келеді.

«Өнер дегеніңіз бір ерекше тылсым нәрсе. Суретші, ақын, жазушы, зергер, әнші мен сазгер: оның барлығының арқауы – шабыт. Шабытың келіп қалса, алакеуімдеп атқан таңда да, күні қызарып батқан кеште де қолыңа қаламыңды алып, шығармашылық жайыңа тартып отырасың. Қазір келген тақырыпты дер кезінде қаузап, қаламыңа арқау етпесең, ертең кеш болады. Шабыт – қоңырау шалсаң, құстай ұшып келетін досың емес, ол саған айтпай келеді, айтпай кетеді. Осылайша бар ынтаң мен ықыласыңды арнай алсаң, өнердің көгіне қанатыңды қағасың. Содан бақыт табасың. Әйтпесе, өнерді түсіне білмесең, қиын. Бастысы, өзіңді өзің тануың керек» дейді Бауыржан Палымбетов.
Талантты жас көбіне бейнелеу өнерінің ішіндегі кескіндеме бағытымен шұғылданады. Оның қаламынан туған талай туынды көрерменнің оң бағасын алған. Заманауи тұрғыда графити аэрозольмен сурет салу әдісіне көп мән береді. Бұрын майлы бояулармен салатын сәтте бір сурет салуға көп уақыт кететін. Қазір дамыған өнерді меңгере түскен. Өзінің қиялындағы көріністі 30 минут көлемінде салып, аяқтай алады. Әлбетте, бұл ретте жас ұстаздың терең ізденісі мен өзіне-өзі талап қойып, шыңдала түскенін ерекше айту керек.
«Өнерде болсын, басқа да қай салада болсын, алдымен мамандығыңды шын сүйіп, іске кіріспесең, бәрі бекер. Шын қалаған мақсатыңа міндетті түрде жетесің. Абай атамыз «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Өзіңе сенімді түрде жарқын болашаққа қадам басып, әлемдік сурет салу дағдыларын зерттеп отырып, тиімділігін, ойыңдағы көріністі қаз-қалпында көркем, әсем етіп салу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Біз оқушыларды осы бағытта тәрбиелеп, олардың талантын дамытып келеміз»,- дейді талапшыл ұстаз.
Иә, Бауыржанның таланты бала күнінен оянған. «Әрбір жаннан титтей нәрсе үйренсем, ұстазымның қатарына қосамын» деген өнерпаз бейнелеу өнерінің соңына оқушылық кезден шам ала түскен. Бүгінде жеткен жетістіктері осы еңбекқорлығының арқасында болса керек. Қазақ бейнелеу өнеріндегі тұғыры биік көп тұлғаны ұстаз тұтып, олардың жақсы қырларын өзіне сіңіріп келеді. Өйткені, өнерде де өмір бойы ізденіс пен білім алу қажеттігі заңдылық.
«Өнерімнің іргетасы мектептен бастап қаланды. Білім ошағындағы бейнелеу өнері пәнінен берген ұстаздарым осы бойдағы дарынды дамытуға үлес қосып, «бұлақ көріп, көзін ашқан» асылдар. Кейін университет қабырғасында көптеген ұстаздар болды. Солардың бірі – Омаров Тұрсынбек ағайымыз. Сол кісіден суретті қалай салу керек, ол үшін ал­ғаш­қы қадамдар қалай болу керек, тәртібі мен ережесі қандай, түстерді қалай таңдау керек, портрет салуда адамның көлеңкесін салуды да осы кісілерден үйрендік. Алған тәліміміз бен тәжірибемізді кейінгі ұрпаққа беріп, ұстаздардың алдындағы ұрпақтар сабақтастығына өз үлесімізді қосып келеміз. Ең маңыздысы, өнерді дамыта отырып, қаламның қасиетін ұғыну, соның қадіріне жету»,- дейді Бауыржан Баймағамбетұлы.
Өнерді тәңірден келген қасиет деп ұғатын ұлтымыз әрбір талантын бағалап, қолдауын көрсетіп, дарынын дамыта білген. Қастеевтен қалған ғаламат өнердің қайнаған қазанында жүрген Бауыржанның қаламынан талай туындылар өмірге келді. Көрмелердің төрінде тұратын жас суретшінің картиналары көздің жауын алады. Алдағы уақытта да өнердің әлі талай сырына қанығамын деген жас ұстаздың мақсатқа жетудегі ұстанымы көпшілікке үлгі.
Табиғат аясында мольбертке қарап ойланып жас суретші тұр. Оның ойындағы сары күздің ғаламат көрінісі туған жердің табиғатының көркемдігіне ерекше бір әсемдік сыйлап тұрғандай. Міне, Бауыржан тағы бір картинасын салуға кірісіп кетті…

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!