Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, жауынгерлік әзірлік жоспарына сай арнайы взводтық тактикалық оқу–жаттығулары басталды.

Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімде биылғы жылдың қаңтар айында өткен бөлімшелерді үйлестіру бойынша өткізілген оқу-жаттығулар жақсы нәтижелермен аяқталды. Өткізілген барлық шаралар барысында санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталды. Пандемия кезінде өткізілгеніне қарамастан бөлімнің әскери жауынгерлік басымдылықтары жоғары деңгейде болды.

Осы қарқынмен әскери қызметшілер ақпан айының басында взводтардың арнайы тактикалық оқу-жаттығуларын орындауға да кірісіп кетті. Оқу-жаттығу, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру мен тақырыптарға сай арнайы нұсқаулық – әдістемелік сабақтар өткізу арқылы барлық взводтарың жоғары жауынгерлік даярлық қарқындылығымен басталды.

Бөлім командирі подполковник Ербол Әбдірайым тәжірибелік-әдістемелік сабақтарды рұқсат етілген температура режимін ескеріп, таза ауада өткізуді, сондай-ақ жаттығу барысында әлеуметтік ара қашықтықты сақтау мен бөлімшелер арасындағы байланысты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Взводтардың арнайы тактикалық оқу-жаттығулары кезінде қауіпсіздік шаралары мен санитарлық нормалар сақталуда. Взводтардың тәжірибелік біліктіліктеріне, тактикалық қимылдарының дұрыстығына ерекше мән берілуде. Жаттығу кезеңдері барысында взводтар өздерінің жоғары шеберліктерін көрсетеді деген сенімдеміз», – дейді әскери бөлімнің топ командирі, лейтенант Мәди Амантай.

Айта кетсек, взводтарды үйлестіру сабақтары кезінде командирлер өз жеке құрамының жауынгерлік іс-қимылдарын тұрақты басқаруға, сонымен қатар, жергілікті соғыстар кезіндегі жауынгерлік іс-қимылдар практикасына сүйеніп, жауынгерлік атыстарын жүргізуге ерекше назар аударады. Осы аталған үйрету жұмыстары күндізгі және түнгі жағдайларда пысықталады.

Негізгі мақсат – взводтар жеке құрамының үйлесімділігін, жауынгерлік дайындық дәрежесін көтеру. Взвод командирлерінің жауынгерлік ұрыстағы дұрыс шешім қабылдауын тексеріп, функционалдық міндеттерін бағалау.

Жауынгерлік жоспарға сай өтетін осындай оқу-жаттығулар жеке құрамның тәжірибелік білімдерінің нығайуына, жаңа қосылған жауынгерлердің тәжірибе алмасуына және жалпы взводтардың қызметтік міндеттерін сапалы орындауына оң әсерін береді.