– Өнер әлеміне қалай келдіңіз?
– Негізі бала күнімнен ән айтамын 2015 жылы жазатайым көлік апатына түсіп, мойын омыртқама зақым келіп, осындай жағдайға түсіп қалдым. Бастапқыда даусым шықпай қалды. Содан үйде жатып, ән айтып, ақырындап даусым шыға бастады. 2017 жылы Youtube желісінен “Карен туз” деген әншіні көрдім. Ол кісі менімен тағдырлас екен. Сол әншіден мотивация алдым. Мектеп бітіру кешінде қайта сахнаға шығып, халықтың қошеметі одан сайын жігер берді. Ән жаздыра бастадым. Байқаулардан жүлделі орындарға ие болдым.
– Эстрадада қай әншіні пір тұтасыз?
– Өнерде “А Студионың” орны ерекше. Сондай-ақ әлемді аузына қаратқан Димашты көбірек тыңдаймын. Бірақ біреуді пір тұтамын деп айта алмаймын.
– Музыка сіз үшін не?
– Музыка мен үшін жеке әлем. Мәселен, сәл-пәл ауырып тұрсам, музыка тыңдасам басылғандай болады. Ол мен үшін жан азығы, мұңымды да, сырымды да шертетін жан серігім. Айтпақшы қазір гитара үйреніп жүрмін.
–Тыңдармандарыңызбен жүздесіп тұрасыз ба?
– Иә, жүздесіп тұрамын. Кездесулер жиі болмаса да ара тұра кездесіп тұрамыз.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға жазылған пікірлердің барлығын оқисыз ба?
– Әрбір оқырманымның пікірі мен үшін маңызды. Сондықтан пікірлердің барлығын жиі бақылаймын.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоспарым өте көп. Концерт ұйымдастыруға рұқсат берілсе, кеш өткізіп, бейнебаян түсіру ойда бар.
– Өмірлік ұстанымыңызды білсек…
– Қатып қалған бір қағидамен өмір сүргім келмейді. Өз мақсатыңа жету үшін бар күш-жігеріңді салу. Шындықпен өмір сүру. Мәселеден қашпау. Бұл менің ең басты өмірлік ұстанымым.
– Тыңдармандарыңызға айтар тілегіңіз…
– Жақсы әрі жағымды күндеріміз көп болсын. Індеттен аман-есен шығып, қуанышты күндерде жүздесейік!
Інжу ЖАҚСЫЛЫҚ
ҚМУ-дың І курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!