Арал теңізінің маңында орналасқан Қаратерең ауылының ел әзілдеп айтатын тағы бір атауы бар. Бәрі дамыған заманда байланыстың жоқтығын ескерген былайғы жұрт алыстағы қонысты «құс ұшпайтын ауыл» деп әжуа қылатын. Анығында телефонды желіге жалғай салу балық аулаудың бейнетін көрген тұрғындардың қолынан келетін дүние емес еді. Әйтпесе адамзатты алаңдатқан соғысқа вагон-вагон балық жіберген жұрттың не нәрсеге де күш-қуаты жететіні рас қой. Биыл білім саласы онлайн форматқа ауысқалы бері «құс ұшпайтын» сол ауылдың мұғалімі мен оқушысынан, қаладан ауылға амалсыз ағылған студентінен маза кетті. Бәрінің дегбірін құртқан бір ғана сөз «сеть тағы ұстамай тұр»…
Қаланың кез келген нүктесінде тұрып қиындықсыз қоңырау шалуға үйренген адам ауылға келгенде әр үйдің шатырына бекітілген белгісіз бір құрылғыны байқар еді… Даладағы ызғырық желмен қалбалақтай тербетілген оның атқарар қызметін алғашында ешкімнің түсінбейтіні де рас. Тек телефоны «тіл-құлақсыз» қалғанда ғана жан-жағына асып-сасып қарайды ғой… Сонда ғана баяғының теледидарға жалғанған антеннасындай «қол бұлғап» тұрған сеть тартқыштың ауыл тұрғындары үшін аса маңызды екенін іші сезе қояды. Оның өзі көп үйде кезікпейтін дүние екені, құрылғысы жоқтар көршісінен көмек сұрап байланысқа шығатыны қарапайым халық үшін үйреншікті жайға айналып кеткені қашан…
Былайғы жұртқа сол сеттің зардабы қатты әсер етпегенмен, оқушылар мен студенттердің сабақты онлайн оқимын деп көзі талған. Бірі үйге орнатылған ақылы уай-файға қосылады, бірі сеть ұстайды-ау деген үмітпен терезенің жанында немесе даладағы төбешіктің үстінде сағаттап тұрады, келесі бірінің ауруханадағы немесе мектептегі құрылғыға жүгіріп бара жатқаны… Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айжанның да әр күні осылай көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін сетті «аңдумен» өтетінін сіз де сезіп отырған шығарсыз…
Мектепте жүргенде алдыңғы қатарлы оқушылардың сапынан көрінген Айжан ҰБТ-да өзі ойлаған нәтижеге жете алмаса да, қалауындағы мамандыққа оқуға түскен. Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде кәсіптік оқыту мамандығының 4 курс студенті. Биыл жас маман атанғалы отырған білімді бойжеткеннен онлайн сабақ пен құбылмалы сеттің жай-күйін сұрадық. Ауылдың ақ пейілді, мінезі ашық қызы ә дегеннен байланыстың әупірімдеп ыңғайға келетінін әңгімелей бастады.
− Негізі онлайн сабақ өту барысы «қызық» болды. Сабақтың бәрі Zoom платформасы арқылы өтеді. Кейде таңертеңгі уақыт Wi-Fi арқылы байланыс жақсы ұстайды. Содан қуана дайындалып, сабаққа қосылған бойда сеть «жоғалып» кетеді. Қалайда сабаққа қатысты деген тізімге ену керек, сол үшін Zoom-ға қосылған бойда «сабақта болды» деп растау үшін ноутбукты суретке түсіріп аламын. Үй жағдайында сабаққа қатысу мүмкін болмаған сәттерде өзім бітірген мектепке барып оқыдым. Осы орайда мектеп әкімшілігіне үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Мектеп мұғалімдері студенттерге арнайы аудитория беріп, Wi-Fi желісіне қосып, көп көмек жасады. Соның арқасында мен бір семестрді ойдағыдай аяқтадым. Тапсырма орындауда еш қиындық болған жоқ, тек орындалған тапсырманы оқытушыға жіберу біз үшін үлкен мәселе еді.
Жалпы онлайн білім берудің артықшылығы жайлы ешнәрсе айта алмаймын, тек жүйені цифрландыру, заман ағымына қарай даму демесек, оқушы, студент, мұғалімдер үшін қазіргі сәт қиын болып тұр. Байланыс желісінің нашарлығы бір мәселе болса, жаңа платформада жұмыс істеудің машақаты қандай екенін өзіңіз де түсінетін боларсыз, − дейді Айжан желінің баяу жұмысына күйініп. − Өз басым онлайн форматқа ауысқан сәтте шәкіртақыдан айырылып қала жаздадым. Себебі интернет желісіне уақытылы қосыла алмай, көп сабаққа қатыса алмадым. Сабақ барысын алыстан бақылап, тапсырма орындап қатарыңа ересің.
Онлайн оқу кезінде оқытушы алдыңда тақтамен тұрмайды, тақырыпты егжей-тегжейлі түсіндірмейді. Осы тарапта кейде түсінбеушілік болып тұрады. Биыл бізде соңғы курс болған соң мұғалімдер көп тапсырма беріп «қинамады». Алайда ауылда жүргенде жаңа тақырыпты түсінбей, сабаққа ілесе алмай қалған кездерім де болды. Қазір бастапқы курстағыдай сабаққа көп уақыт бөліп, мұқият дайындалам деп айта алмаймын. Таңертеңгі 9:00-ден түскі 14:00-ге дейін сабағымды мұқият қарап шығамын. Бұйырса іс-тәжірибеден өту барысында білікті маман ретінде шыңдаламын деп ойлаймын, − дейді Айжан.
Кейде ауылдағы тірлікті сырттай бақылап, асықпай ойлансаңыз бір күн келесі тәулікте де айна-қатесіз қайталанып, бәрі бірсарынды өтіп жатқандай көрінеді. Үлкендер үшін бұл жағдай қалыпты көрінгенмен, жастардың ойын бөлерлік дүние болмаған соң жалығатыны да жасырын емес. Біздің кейіпкеріміз де осыны айтады.
− Шынымды айтсам, ауылдағы кейбір сәттер мені жалықтырып жібереді. Таңертеңнен түс ауғанша сабақта боламын, арасында онлайн марафондарға, курстарға да қатысып жүрдім. Сол үшін үй тірлігіне көп уақыт бөлемін деп айта алмаймын. Өзім пікірсайысшы болған соң бос уақытымда саяси ақпараттар оқимын, тіл жаттықтырып, нақты сөйлеуге өз-өзіммен жұмыс жасаймын. Соның арқасында ауызша сабақ айтудан еш қиналған емеспін, − дейді жан-жақты студент.
Пандемия кезіндегі жағдайды ескерсек, шалғай ауылда жүріп білім алудың өзі үлкен тәжірибе екені сөзсіз. Осы орайда Айжаннан алдағы жоспарлары туралы да сұрадық.
− Қазіргі уақыт − білімділер заманы. Көп білуге ұмтылған сайын көш бастауға қабілетті боласың. Дәл осы сәтте болып жатқан барлық жаңалықтан хабардар болып, соған сай шешім қабылдап, бағытымызды өзгертіп, тез шешім қабылдай алсақ, сынақ емес, үлкен тәжірибе болар еді. Өзім университетке алғаш барған сәттен пікірсайыс алаңында жүрдім. Көп ізденуге, мүмкіндігінше жаңалықтан хабардар болуға тырыстым. Себебі білім бәсекесі ‒ үздіксіз жарыс. Әрбір сәт бізге берілген мүмкіндік. Бұйырса алда үлкен қадам тұр, пандемиядан кейінгі уақытқа жас маман, жаңа Айжан ретінде есік ашамын. Болашақта тіл маманы болу үшін екінші жоғары білімді жалғастырғым келеді, − дейді ол.
P.S. Әдетте ауылдағы жақыныма хабарласа қалсам, байланыс бірде ұстап, бірде үзіліп, соңында айтар сөзімді ұмытып кетуші едім. Жақында Қаратереңге де желі тартылды деген сүйінші хабар жетті. Бұрынғыдай емес телефонмен сағаттап тілдесуге мүмкіндік бар, бірақ әлі күнге студенттер интернетке ұмтылған құрылғының бабын таппай әлек…
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!