Мұхиттың ар жағынан асып келген мамандармен байланысқа түсу соңғы жылдары ептеп қолға алынды. Шетелдік тәжірибелік білімді арттыруға келген оқытушылар еліміздің әр қаласында қарқынды жұмыс атқарып жүр. Білікті маман даярлауда жоғары оқу орындары да бірінен бірі қалыс емес. Академиялық ұтқырлық, ғылыми жоба мен басқа бас-тамалар жүйелі жүргізілуде. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу бағдарламасы да болашақ мамандарға сапалы білім беруде. Салалық менеджментті арттыру, нарықтық экономикада бой көтеруге шетелдік тәлімгерлердің берер пайдасына көз жүгіртіп өтсек.
Ғалымдардың пайымдауынша Қазақстандағы білім беру әдістемесіне жаңашылдық қажет. Кеңестік дәуірдің ұшқыны білінетін қазіргі оқу бағдарламалары мамандарға кедергі болады. Ал шетелдік технологиялар қай салада болсын көш бастап тұр. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бағдар­ламасына енген шетелден мамандар тарту үшін жыл сайын қыруар қаржы бөледі. Игеруге берілген қаражат шетелдік ұстаздар Қазақстанға тартуға жұмсалынады. 2010 жылдан бастап Қазақстан «Болон процессіне» енді. Бұл 49 мемлекет қол қойған декларация білім алуға зор мүмкіндік жасайды. Шетелдік оқытушылар Қазақстандағы зияткер қоғамның қалыптасуына негіз.
Қорқыт ата университетіндегі шетелдік ұстаздар тіл мамандарын дайындайды. Десе де тілдік барьердің кедергі келтірмейтінін айтты.
«Ағылшын тілінен сабақ беремін. Алайда студенттермен байланысқа түсуге бұл еш кедергі жасаған емес. Себебі ағылшыннан бөлек орыс тілін түсінемін. Сондай-ақ студенттер білімді. Олармен ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлесе аламын. Қазақстандағы универ­ситетте тәжірибе алмасып жатқанымды мақтан тұтамын. Студенттер алғыр. Олардың сабақ барысында қоятын сұрақтары, білімге құштар­лық­тары жұмы­сымды қызықты етеді», – дейді оқытушы Анна Кубас.
Ұстаздардың біліктілігін студенттердің нәтижесіне қарай білуге болады. Шетелдік оқытушылар білім берудің өзге әдіс тәсілдерін қолданып, шәкірттерді машықтандырады.
«Мен 2 курста оқимын. Шет тілі пәні мұғалімі мамандығын меңгерудемін. Ағылшын пәнімен қатар кәріс тілін таңдадым. Кореядан келген Ким Ён Бом есімді оқытушы 2 жылдан бері сабақ береді. Өте тәжірибелі және студенттеріне мейірімді, қамқор. Сабақ берумен қатар, өміріндегі қызықты оқиғаларымен бөлісе отырып, уақыттың пайдалы өтуіне ықпал жасайды. Әрқашан студенттің ойымен санасып, еңбекті, ізденім­паздықты адал бағалайды. Болашақ маман үшін бұл өте маңызды. Оқу тобымыз Ким Ён Бом ағайға бауыр басып қалды. Сабақта ғана жүздеспей, бірге шай ішіп, ой бөлісеміз. Қазақтың дәстүрі мен ұлытымыздың тарихына қызығушылық танытады», – дейді студент Досым Әділхан.

Нұршат Нышанова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!