Студенттік шақ – балалықты артқа тастап, ата-анадан жырақта, жаңа ортада шыңдалып, кәсіби маман атануға икемделетін уақыт. Студент бола жүріп, қаржылық тұрғыда қиналмай, ата-анаға салмақ салмау үшін жұмыс істейтін жастардың қарасы көп. Ақылы түрде оқитын студенттерге өзін-өзі асырау тіпті қиын. Түрлі таптаурын жайттар кей студенттердің ойын өзгертіп, жастайынан нәпақа табуына кедергі келтіруі мүмкін. Егер сіз де жоғары оқу орнында оқып, қаржылық тәуелсіздікті қаласаңыз, шегінудің реті жоқ. Себебі мүмкіндік мол.

Мобилография саласы. Қазіргі таңда бұл мамандық иесіне сұраныс жоғары. Смартфон, кәдімгі камераның күшімен шамаласқалы бері сапалы видео түсіріп, монтаждаушылардың қатары артқан. Сәйкесінше бұл саламен шұғылданушылардың да еңбегі жоғары бағаланатын болды. Егер біраз уақыт мобилографияда шыңдалып, видео түсірудің қыр-сырын жетік меңгерсеңіз, ірі компаниялар мен белгілі тұлғалардың өзі сіздің көмегіңізге жүгінуі әбден мүмкін. Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің жеке мобилографы бар. Егер режиссура мен операторлық қабілет креативпен ұштасса, сапалы дүние жасап, қыруар қаражат табуға мүмкіндік бар.

SMM маманы немесе копирайтер. Бүгінде қай компанияның, мекеменің әртүрлі әлеуметтік желіде парақшасы бар. Ол арқылы имидж қалыптастырып, тұтынушы тарту үрдіске енді. Кез келген кәсіпорын контент жасап, өзіндік бренд қалыптастырудан хабары мол жастардың қызметіне зәру. Әсіресе журналистика мамандығында оқып жүрсеңіз, саланы жаңа қырынан меңгеріп, дауыс мәнеріңізді қойып, жазу қабілетін қалыптастыруға таптырмас мүмкіндік.

Курьер. Соңғы уақыттары, әсіресе пандемия сәтінде тамақты немесе қандай да бір керекті затты үйде отырып-ақ тапсырыс беру арқылы тұтынушылар көбейіп, курьерерге де сұраныс артты. Курьер болу үшін автокөліктің болуы міндетті емес. Діттеген жерге кез келген транспортпен, тіпті жаяу жетуге де болады. Сондай-ақ бұл мамандықта нақты кесте жоқ, барлығы өз еркіңізде. Сабақтан кейін немесе сабаққа дейін жұмыс істеп, қомақты қаражат табуға болады.

Студент бола жүріп те, табыс табудың жолы көп. Жоғарыда атап өткен салалар солардың тек шағын ғана бөлігі. Албырт шақта тәжірибе жинаған орынды. Мамандығыңыз бойынша жұмыс істесеңіз тіпті жақсы, себебі шыңдалуға мүмкіндік көп. Дегенмен ізденістен ажырамай, оқу ошағында лайықты білім алуды естен шығармау керек.

Айсұлу ҚОСЖАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!