Ғаламтор желісіне бағытталған веб-сериал түсіру идеясы кең тарауда. Көптеген танымал азаматтар кәсіби деңгейде кино түсіріп, оны онлайн платформа арқылы насихаттауға көшкен. Сыр жастары да жаңа бастаманы қолға алып, «Азулы асаба» сериалын YouTube-арнасында жариялады. Жуырда идея авторы Азамат Нұрмағанбетпен тілдесудің сәті түсті.

Азамат, «Азулы асаба» сериалын түсіру идеясы қалай пайда болды?
– Көп жылдан бері асабалық өнерді серік етіп келемін. Той-томалақта түрлі оқиға, қызықты жайт орын алады. Әрбірі бүтін фильмге арқау қылуға жарайтын оқиғалар десем, артық емес. Сондықтан сол оқиғаларды өнер тілімен жеткізу мақсатында «Азулы асаба» сериалын түсіруді қолға алдым. Оның үстіне Сыр жастары да кино түсіре алатынын көрсеткім келді. Алдымен сце­на­рий, ке­йін «қаң­қасын» қағазға тү­сі­ріп, дос­тар­мен фильм барысын талқылау басталды.
Сериалдың негізгі өзегі – асаба өмірі. Жасыратыны жоқ, көптің көзіне асабаның жұмысы жеңіл көрінуі ықтимал. Алайда жауапкершілік, дайындық машақаты, ұйқысыз түндер бұл жұмыстың жеңіл емесін көрсетеді. Веб-сериалдың негізгі идеясы да осы ой төңірегінде өрбіп, әзілмен астарлап жеткізу ойластырылған.
Түсірілім барысында шығармашылық ұжымның потенциалы толық ашылды ма?
– Ескеретін жайт, түсірілім толықтай достардың көмегімен өтті. Техникалық топ болсын, шығармашылық топ болсын, өмірде аралас-құралас қыз-жігіттерден құралған. Барлығы дерлік өнердің құнын түсінетін, шығармашылықтың мәнін ұғатын азаматтар. Бұл ойым түсірілім барысында да үстеле түсті. Әрбірі жүктелген міндеттің үдесінен шығуға талпынып, фильм сапасының артуына септесті. Алғашқы кинотуындым болғандықтан барынша ақыл-кеңесін аямай, келіспейтін тұсын түзеп отырғанын достарға алғысым ерекше.
– Өзіңіз асабалық кәсіптен алыс емессіз. Түсірілім барысында бұл ерекшеліктің көмегі болды ма?
– Өмірдегі қалып пен көркем әлем, яғни фильм образы екі бөлек дүние. Күнделікті өмірде еркін сөйлеп, мінез-құлық бостандығы сезілетіні анық. Ал камера алдында қысылу, болмысың мен кәсіби жұмысыңды ашыла көрсету қиынырақ. Мүмкін өнердің басты құндылығы да осында шығар. Дегенмен, бар үрейді жиып, негізгі образды шынайы жеткізуге талпындым. Сөйлеу мәнері, көзқарастың шынайы өмірдегі Азаматқа жақын болуына күш салғанымда айта кеткенім жөн. Ал оның қаншалықты нәтижелі болғанын көрермен айта жатар.
– Сериалдың интернет желісіне тарағанына айға жуық уақыт болды. Осы аралықта көрермен қандай баға берді?
– Қазіргі таңда YouTube-арнаға сериалдың 2 бөлімін жарияладық. Арнада жазылған пікірлерге сүйенсек, халықтың көңілінен шығуда. Оның үстіне асаба тақырыбы елге таныс, жұртқа жақын. Әзіл барысы да ой сергітуге ықпал ететін сюжетке толы. Бұрыннан кино саласында еңбек еткен аға-әпкелердің пікірі де біршама жетілдіретін тұсты көрсетті. Сондықтан әрбір сериал сайын көрерменнің көңілінен шығуға тырысамыз.
– Қазақстандағы киноиндустрия саласының дамуы туралы ой бөліссеңіз.
– Мысалмен сөйлейін. 2000 жылдары қазақтілді көрерменнің тұтынатын кинотуындысының басым дені «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі еді. Олар жылына 2-3 фильм шығаратын. Оның өзі тарихи жанрға негізделген. Ал қазіргі ахуал қалай? Кез келген адам қолдағы смартфонның көмегімен фильм түсіруіне болады. Көрерменге ұсыну мүмкіндігі де мол. Әлеуметтік желілер, ғаламтор кеңістігі – тегін аймақ. Сол себепті заманауи қазақстандық киноиндустрия саласын қарыштап дамып келе жатқан бағыт ретінде қарастырған жөн. Мұны киноөндірісіндегі қазақша кино санының артуынан-ақ аңғару қиын емес.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан


Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!