Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл ауылында «Балалар жылы» аясында баланың шығармашылығын, ой-өрісін, қабілетін дамыту бағытындағы облыстық суретшілер байқауы өтті. Сән және қолтаңбалы өнер шебері, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ләтипа Қожықованың 130 жылдығы аясында Қоғалыкөл ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен «Өмірі үлгілі – өнері өнеге» байқауына 9 қылқалам шебері қатысты.

Облыстық байқауда 8-14 жас аралығындағы балалар өзара бақ сынады. Екі кезең бойынша шеберлік байқасқан суретшілер қатарында қоғалыкөлдік Әсет Қуаныш, қармақшылық Дильназ Тынышбекова, шиелілік Айбек Насихат, Айзере Құралбаева, жалағаштық Айнұр Құдайқұл, Салауат Ібайділда, ақжармалық Асылжан Әлайдар, қызылордалық Жандос Мұхтаров, аманкелділік Ақнұр Базарбай бар. Алғашқы кезеңде суретшілер өнер шебері Ләтипа Қожықованың портретін салды. Ал еркін тақырыпта салынған суретте олардың шығармашылық әлеуеті сан қырынан байқалды. Суретшілердің туындыларына аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Әбдірайым Тоқаяқов, №44 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Ләззат Бакирова мен Жанкерім Қосжанова әділ бағасын берді.

Негізінен, қазақты біртуар суретшісі Ләтипа Қожықованың бойында сан қырлы өнер ұштасқан. Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген дара тұлға суретші, сән үлгісінің шебер тігіншісі атанған. Дарын иесі суретшілік шеберлігімен қазақ драма театрында және Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында еңбек етіп жүрген кезінен ерекше көзге түседі. Ол 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне, қазақ опералары киімдерінің авторы ретінде қатысады. Өнер қайраткерінің мемлекет тапсырысымен тіккен костюмі АҚШ-тың бұрынғы президенті Франклин Рузвельтке сый ретінде берілген. Жерлесіміз, данқты тұлғаның жүзден аса туындысы Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт, Вашингтон музейлерінде сақтаулы тұр.

«Артынан өшпес із қалдырған Ләтипа Қожықованы еске алуға арналған облыстық байқаудың балалар шығырмашылығын өсіруге өзіндік үлесі зор. «Балалар жылы» аясында ерекше өнер иесінің есімін жаңғыртып, оның өмір жолын кеңінен насихаттауды мақсат етіп қойған жерлестері жарады. Бірнеше сағатқа созылған сурет байқауында айрықша мәнге ие бірқатар туынды жарыққа шыққанына қуаныштымыз. Жас суретшілердің өнерін жоғары бағалаймыз«, – деді қазылар алқасының төрағасы Әбдірайым Тоқаяқов.

Қоғалыкөлдік дарын иесі дәріптелген байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды қоғалыкөлдік Әсет Қуаныш пен қармақшылық Дильназ Тынышбекова, ІІ орынды шиелілік Айзере Құралбаева, І орынды аманкелділік Ақнұр Базарбай иеленді. Өз кезегінде барлық жүлдегер мен қатысушыға арнайы диплом мен бағалы сыйлық берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!