Жас буынның жаңашылдыққа бет бұруы, тың бастамаларға ұмтылысы – келешек кепілі. Бүгінде жастар түрлі салада өзгеріс жасап, ерек идея арқылы Жаңа Қазақстанның қалыптасуына ықпал етуде.

Мемлекет те өз тарапынан ізденімпаз өрендердің өрісін кеңейтуге күш салу арқылы мүмкіндік алаңын қалыптастыруға құлықты. Тіпті, бұл бағытта әлеуметтік бағдарлама, кәсіптік жоба, саяси шешімдер қабыл­данғанын білеміз. Солардың арасында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының алар орны ерекше. Биыл қос жерлесіміз – Дина Әділбекқызы мен Әлия Махсатқызы аталған жоба грантын иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Бұл жо­ба­ның мән-ма­ңы­зы ғана емес, жарыққа шығу уақыты да символикалық ерекшелікке толы. Олай дейтініміз, өткен жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жасқа «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыс еткен болатын. Енді, міне, ерекше жоба жалғасын тауып, биыл да грант қайта табысталды.
Жалпы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының мақсаты – шығармашыл жастар шоғырын қалыптастыру, олардың идеяларына қолдау білдіру. Бұл бағытта «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша жоба қабылданып, тың бастамалар сарапқа түскен. Нәтижесінде үміткерлерден «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 1000-нан астам өтінім түсіп, 33 жоба үздіктер қатарынан көрінген. Жеңімпаз қатарынан көрінген сырбойылық Дина Әділбекқызы «Мәдениет» бағыты бойынша ерекше жоба ұсынып, қолдауға ие болғанын жеткізді:
– Өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына қатысуға мүмкіндік болмады. Биыл бағымды сынап көруді шешіп, хабарландыруды естіген бойда қажетті құжаттарды жинауға кірістім. Оған қоса ойда жүрген ерекше идеяны жүзеге асыруға жол ашылатынын түсініп, ұсынатын жобаны жетілдіруге күш салдым. Соған сәйкес, Қазақстан аумағындағы ескі шаһар – Ақ орда мемлекетінің астанасы болған Сығанақ қалашығының 3D реконструкциясын ұсындым. Мақсатым – 3D арқылы жастардың еліміздің мәдени мұрасына қызығушылығын ояту. Себебі, мен үшін тарихтың, ұлттық мүдденің орны ерекше. Халқының өткенін білмеген жас өнерін өрістетуге ықпалы жоқ, келешекті қалыптастыруға қауқарсыз, – дейді Дина Әділбекқызы.
Бүгінде жеңімпаз Дина Қызылорда қала­сындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. Додада үздік шыққан оның үлгерімі жоғары, жетістігі жетерлік. Сөзінше, грант аясында ұтып алған 3 миллион теңгені жобаны жетілдіруге және жүзеге асыруға жұмсамақ.
Қызылордалық Әлия Махсатқызы да жобаның игілігін сезінгендер қатарында. Жоба комиссиясының шешімімен ол да грант иегері атанып, қаржылай сыйлыққа қол жеткізді. Сырбойылық ару «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстау рәсімі туралы ой бөлісіп, жобаның маңызы төңірегінде ой бөлісті.
– «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын салтанатты табыстау рәсімі жоғары деңгейде өтті. Сайысты ұйымдастырып, жастарға үлкен мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Бұл дода тың идеялардың өмірге келуіне түрткі болумен қатар Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған жастардың ой алмасып, идея талқылауына мүмкіндік жасады. Сондықтан, жобаның негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық ортасын қалыптастыру идеясы жүзеге асты деген ойдамын, – дейді Әлия.
Айта кетейік, аталған жоба түрлі сала мен бағытты қамтып, қоғам дамуына септесетін тың бастамалардың жүзеге асуына жол ашты. Мәселен, олардың арасында «Бизнес» бағытында тағам қалдықтарын тиімді пайдалану үшін арнайы қоқыс жәшігін орналастыру идеясының авторы Райымбек Махамбет, «Мәдениет» бағыты «Өнер – мүмкіндікті шектемейді» инклюзивті театр ашу жобасын ұсынған Айдана Байтусоваларды ерекше атауға болатындай. Ұйымдастырушылардың сөзінше, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты келер жылы да жалғасын тауып, номинациялар саны артпақ.
Жастардың ықылас-ниетін қолдау қашан да жемісті нәтижеге жеткізері анық. Олардың жаңалыққа құштарлығы, мәселеге өзге қырынан қарау арқылы тиімді шешім ұсына білуі көңіл көншітеді. Сондықтан, тәуелсіз елдің жаңашыл жастарын демеу маңызды қадам екені даусыз.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!