Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес отырысында әскерилердің жалақысы өсетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев өз сөзінде әскери қызметте “әлеуметтік лифттің” болуы маңызды екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, қазір елімізде әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі.

“Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет. Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс», – деп мәлімдеді ол. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60%-ға өсетінін айтады. 

“Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30 пайызға артады. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралуда. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады. Олар тұрмысына алаңдамай, ел қорғауға сақадай сай болуы керек», – деп қосты Тоқаев. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!