Биыл қазақтың біртуар тұлғасы, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Қонаевтың туғанына − 111 жыл. «Мансап» мектебінің оқушылары тарихи тұлғаның еңбегін замандастарына насихаттау мақсатында ерекше дайындық жүргізуде. Мәселен, Анжелика Квач әртүрлі көркемдік стильде аниме суреттерін салса, Ержігіт Латиф мәнерлеп оқудан алдына жан салмай келеді. 

Жуырда аңыз адамның мемлекетке және халқына сіңірген еңбегін кейінгі буынға үлгі ету үшін «Мансап» мектебінің ұйымдастыруымен «Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім – Қонаев» атты мектепаралық көрме өтті. Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» жүргізілген көрмеге Байқоңыр, Арал, Жаңақорған ауданы мен қала мектептерінің оқушылары, сондай-ақ өнер орталықтарының шәкірттері әзірлеген суреттер қойылды. Оның қатарында Анжеликаның Дінмұхамед Қонаев бейнесін аниме стилінде салған суреттері де бар. Тоғызыншы сыныпта оқитын  үздік оқушының жұмысы аз ғана уақытта дайын болған екен.

– Анжелика − өте талантты қыз. Ол сегізінші сыныптан бастап мектепішілік «Мансап арт-студиясы» бағдарламасы бойынша білім алуда. Біз оның қабілетін дамытуға тырысамыз. Бірде Анжеликаға Дінмұхамед Қонаевтың суретін аниме бағытында бейнелеуін өтіндім.  Ол планшет арқылы бір күнде барлығын үздік жасап шықты, − дейді ұстазы Гүлзат Жұрқабаева.

Ал «Мансап» мектебінің 4 сынып оқушысы Латиф Ержігіт мәнерлеп оқудан мектепішілік, қалалық байқауларда топ жарып жүр. Көрмеде ақындар өлеңін жатқа оқыған оның бұл қабілеті көпшілікті сүйсінтті. 

− Әдебиет − жақсы көретін пәндерімнің бірі. Әр баланың бойында Отанды сүюге деген махаббатты арттырады. Ата-бабамыздың жүріп өткен жолынан хабар беретін бұл пәннің тарихпен байланысты болғаны ұнайды. Әжем де «адам қаншалықты көп жыр жаттаса, соншалықты есте сақтау қабілеті артады» деп айтып отырады. Осы сөз әркез санамда болған соң  өлең, поэма жаттағанды ұнатамын. Екінші сыныптан бастап түрлі байқауларға қатысып, білімімді шыңдап келемін. Қасиетті Түркістан қаласында өткен «Ұлы дала ұрпағы» атты республикалық байқау маған ерекше әсер қалдырды. Ал Алматы  қаласында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік − тұғырым» атты халықаралық байқауға ерекше дайындықпен қатысып, І орын иелендім. Жалпы көркем сөз оқуда бағыт-бағдар беріп жүрген әжем Айкүміс Қайруллақызына,  сынып жетекшім Бақыт Омарова, жетекшім Балауса Қанжарқызына алғысым шексіз, − дейді ол.

Айта кетейік, концерттік бағдарламаға жалғасқан көрме барысында оқушыларға қоғам қайраткерінің кітаптары, арнайы Алғыс хат пен төсбелгі, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!