Қадірлі жерлестер,

құрметті Сыр жастары!

Дүниежүзіндегі су тапшылығы мәселесі қасиетті Қызылордамызды да айналып өткен жоқ. Әлем назарындағы Арал ауданының халқы бүгінгі күні ауылшаруашылық саласы бойынша үлкен қиыншылықтарды бастан өткеруде. Осы орайда облыстық жастар ресурстық орталығы, Сыр бойының кәсіпкер, қаламгер, өнерпаз жастары “Жастардан жәрдем” атты акция жариялап, үндеу жолдайды.

Ардақты жанашыр жұрт, аймаққа қарасты аудандар мен қала жастары, еріктілер, белсенділер, кәсіпкерлер! Өздеріңізді Аралдағы ағайынның төрт түлігін жем-шөппен қамтамасыз етуге, арнайы көмек есебінде тасымал құралдарымен жәрдем беруге шақырамыз!

Ел екенімізді білдірейік, тілеулес екенімізді білдірейік!

Арал халқы, біз Сіздермен біргеміз!

Үндеу: Аралға көмектесейік

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл”. Міне, Сыр жастары да Аралдағы жағдайға байланысты шөп ору науқанына атсалысуда. Бұл бастаманы қолға алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Мукеев кешегі брифингте Сыр жастарын бірлесе қолұшын созуға шақырды. Шыны керек, аралдықтар үшін бұл акция үлкен көмек болмақ. Тұрғындардың да еңсесі бір көтеріліп қалады-ау деген үміт те жоқ емес. Олай болса сіз де Сыр жастарының бастамасына қосылыңыз, мәселені бірлесе шешейік.

Арал ауданының ауылшаруашылық саласы дүниежүзілік су тапшылығынан ауыр күндерді бастан өткеруде. Мал азығының жетіспеушілігінен аудан тұрғындары үлкен шығынға ұшырауда. Ауданға материалдық көмек ұйымдастыру мақсатында облыстық жастар ресурстық орталығы барлық саладағы белсенді жастармен бірлесіп, «Жастардан жәрдем» атты акция бастады.

– Акция аясында өңірдегі қалалар мен аудандардың жастарын, еріктілерді, салалық құрылымдардың өкілдерін шөп оруға біріктіріп, кәсіпкерлерді материалдық қолдау көрсетуге шақыру және Арал ауданына дейінгі тасымал құралдарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсат аясында әлеуметтік желілерде үндеудің бейнетаратылымы жарияланды. Қазірдің өзінде кәсіпкер-меценаттар мен белсенді жастар арасында кері байланыс бар. Жерлестеріміз материалдық көмек жасауға мүдделі екенін білдіруде. Сонымен қатар қала және аудандардағы жастар орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері акцияға үн қосуда.  Акцияға қолдау көрсету мақсатында орталық қызметкерлері мен «Jas Otan» ЖҚ облыстық және қалалық филиалының, сондай-ақ«Волонтерлер фронт-офисінің» еріктілері қала аумағында шөп оруға кірісті, – деді Азамат Мукеев.

Бұл игі шараға “Волонтерлар фронт офисінің” еріктілері де жұмылдырылады. “Біздің еріктілер қиын-қыстау кезеңде көмектесуден бас тартпаған. Осы орайда да біз жастардың бастамасын қолдап, оларға мүмкіндігінше көмектесуге дайынбыз. Қай істе болсын еріктілердің белсенділігі керек, сондықтан аралдықтарға көмектесуде еріктілер шет қалмайды, – деді “Волонтерлар фронт офисінің” жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

“Барлық ауданмен байланыс орнатылды. Жеті ауданның да жастары бұл шарада қамтылады. Әр ауданнан 50-100-ге тарта жас қамтылса, жобамен 1000-ға жуық жас акцияға жұмылдырылады деген ойдамын. Әр ауданның әкімдігі жатын орын, азық-түлік мәселесін өз жауапкершілігіне алды. Сонымен қатар аудандағы кәсіпкерлер де қолдау білдірмек. Көлік мәселесін де қарастырып қойдық. Сондай-ақ “Жасыл ел” еңбек жасағының барлық жастары осы акцияға белсене араласады”, – деді Азамат Ырысдәулетұлы.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!