Жаңақорғандық жас жайдарманшылар Астанадан олжалы оралды. Республика бойынша 200-ден астам құрама қатысқан іргелі сайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Иә, жайдарманшылар үшін маусымашар қашан да үлкен байрақты байқау. Жаңа маусымға, жаңа жылға, жаңа леп беретін жастар жалыны.

Мойындау керек, «Жайдарман» еліміздің талантты жастарының басын қосатын танымал алаңға айналып үлгерді. Осы тұста, айтулы сайысқа Жаңақорған кентіндегі іргелі білім ордасы «Заңғар» интеллектуалды мектебінің өнерлі шәкірттерінен құралған «Заңғар» құрамасы қатысты.
«Жайдарманның» балалар, жасөспірімдер және жоғары лигала­ры­на іріктеу Астана қаласындағы «Жастар» сарайында өтті. Сайыс шымылдығын түрген Қазақстан КВН Одағының төрағасы Есен Елеу­кен: «Биылғы жылдың маусымын «Әдемі маусым» деп атадық. Осы жылғы маусымды әдемі өткізуіміз керек. Біздің балаларымыз әдемі сөйлеуі керек, әдемі ойлау керек, әдемі қолдаушылары болу керек. Бұл біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Әдемі» маусымды бірлесе атқаруға баршаңызды шақырамын», – деді.
Маусымашарға еліміз бойынша 220 коман­да­дан құралған 2000 жайдарманшы өз өнерін ортаға салды. «Заңғар» мектебіндегі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжарқын Берікқызы бастаған «Заңғар» құ­ра­масы «Ба­ла Жайдарман» ли­га­сында алғаш үлкен сах­­наға шығып, әдемі әзіл­­дерін паш ет­ті.
– Шыны ке­рек, «заң­ғарлық­тар­ға» «Жайдар­ман» сах­на­сын­да 4-5 жыл­дан бе­рі өнер көр­сетіп жүрген кіл мық­ты­лармен қа­тар өнер көрсету оңайға соқпады. Ал­ғаш­қы күні КВН жұлдыздарының қаты­суы­мен семинар-тренингтер ұйымдас­тырд­ы. Танымал әзіл­кеш­тер, тик-токерлер, бло­­гер­лермен бірге тәжі­рибе жинақтады. Жалпы, сайыста шәкірттеріміз барынша намысты қолдан бермей әділқазылар алқасының көңілінен шыға білді. Әрі жоғары ұпайға ие болды. Біздің құрама қатарында: Рамазан Шамшудин, Бегайдар Көсел, Нұрәли Батырхан, Жұлдыз Ерболатова, Кәусар Әлімхан секілді мықты жайдарманшы балаларымыз барын салды. Астарлы әзілдері арқылы қазылардың жүзіне күлкі үйірді, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақжарқын Тасболатова.
Байрақты бәсекеге инттеллектуалды мектептің кураторы Диа­­ра Аббаз, «Қазақ­стан КВН одағы» респуб­лика­лық жас­­тар қоғам­дық бірлес­ті­гі­нің Жаңақорған ау­дандық филиал ди­рек­торы Ас­хат Құлта­сов баста­ған «Жа­ңа­қор­ған» құ­ра­масы да бар­ды. Жай ға­на ба­рып қоймай, аға­­лық ақыл­ын ай­тып, тә­жі­рибелерімен бө­ліс­ті. Айта ке­ту керек, «Заңғар» командасы бұ­ған дейін аудан­дық Жайдарман лигасында топ жарып, облыс­тық турнирде жолдама алған болатын.
«Бала Жайдарман» лигасында ІІ орын алған жас жайдарманшылар арнайы диплом мен «Аvatariya» балалар ойын сауық орталығын да тегін ойнауға сертификат жеңіп алды. Осылайша Астана төрінде үлкен сахнада аудан абыройын асқақтатқан «Заңғар» құрамасы қолдау көрсеткен мектеп құрылтайшылары Нұржан Ақылханұлы мен Гүлмира Тұрарқызына, «Заңғар» мектебінің директоры Гауһар Тұрғанбайқызына, демеу көрсеткен Нұржан Шамшидинұлына алғы­сын білдіреді.

Әбдісамат ӘБДІШ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!