Жас буынның жаңашылдыққа бет бұруы, тың бастамаларға ұмтылысы – келешек кепілі. Бүгінде жастар түрлі салада өзгеріс жасап, ерек идея арқылы Жаңа Қазақстанның қалыптасуына ықпал етуде.

Мемлекет те өз тарапынан ізденімпаз өрендердің өрісін кеңейтуге күш салу арқылы мүмкіндік алаңын қалыптастыруға құлықты. Тіпті, бұл бағытта әлеуметтік бағдарлама, кәсіптік жоба, саяси шешімдер қабылданғанын білеміз. Солардың арасында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының алар орны ерекше. Бұл жобаның мән-маңызы ғана емес, жарыққа шығу уақыты да символикалық ерекшелікке толы. Олай дейтініміз, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жасқа «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыс еткен болатын. Енді, міне, ерекше жоба жалғасын тауып, биыл да грант жалғасуда.

 «2021 жылдан бастап жыл сайын жастарға 3 миллион теңге мөлшерінде «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріліп келеді. Гранқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі жас адамдар үміткер бола алады. Өтінімдерді қабылдау 26 қыркүйектен 26 қарашаға дейін жүзеге асады, қазір конкурстық рәсімдер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 26 қарашаға дейін электронды нұсқада t.urpaktary2023@gmail.com электронды поштасы арқылы қабылданады (байланыс нөмірі: 8 (7172) 74-12-78), – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес.

Бұдан бөлек, жастардың «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына қатысуына мүмкіндік бар. Ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарға ұсынылады.

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Креативті бастамалар», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» секілді номинациялар бойынша өтеді.

Сыйлықты алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

Конкурсқа қатысуға құжаттар 2023 жылғы 20 қарашаға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті (қағаз нұсқада) мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Мәнгілік ел даңғылы 10, «Министрліктер үйі» ғимаратында (14-кіреберіс) қабылданады. Ал электрондық нұсқаны premiya.daryn@gmail.com поштасына жолдауға болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!