Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Елімізде 752 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM.

– Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы орындалып келеді. Көру қабілеті бұзылған адамдардың баспа ақпаратына қолжеткізуін жеңілдету жөніндегі Марракеш шарты ратификацияланды. Жеке көмекші қызметін көрсету, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси қызметін ұсыну мәселесі заңмен реттелді. Мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қолжеткізуін қамтамасыз ету нормалары күшейтілді. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша электрондық дүкендер мәліметін қолдана отырып, техникалық оңалту құралдарының құнын өтеудің кепілдік берілген сомасын айқындау әдістемесі бекітілді. Жыл аяғына дейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты сапасын арттыру және инклюзивті жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту жоспарланған, – деді А.Ертаев.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7 пайызы. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы адамдар – 56%, зейнеткерлер – 29%, балалар – 15%.

– Биыл мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жиынтық шығыстар 1,1 трлн теңге, – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!