Үш жүз алпыс бес күнді артқа тастап, жаңа жылға қадам басқалы отырған сіз бен бізге – жылына бір келер мерекені қалай қарсы алатынымыз маңызды. Жаңа жылдың өз-өзімізге есеп беріп, өткен-кеткенді ой елегінен өткізер, жаңа жылға жаңа мақсаттар қоятын жауапкершілікке толы шақ екені мәлім. Алайда «тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, мерекені мән-мағынасынан гөрі аурасы үшін күтетіндер қаншама.

Қыстың аязында қайдағы мерекелік көңіл-күй деп ойлайтын шығарсыз? Ендеше, бүгін біз жаңа жылды қарсы алуға ыңғайлы, ауа температурасы жоғары елдердің тізімін ұсынамыз. Яғни, бір апта немесе бір айға жаз мезгіліне оралуға мүмкіндік бар.
Қыста жазды аңсап, суға түскіңіз келсе, тізімдегі елдердің біріне тартып тұрыңыз.+30/35 градусты көрсететін Таиландта сервис те мықты, тамағы да арзан. Ал дәл осы уақытта, қыста теңіз бен жағажай суы +28 шамасында жылы. Визаны әуежайдан алуға болады. Қазақстан бойынша Алматыдан Бангкокке тікелей рейс бар.
Оқырмандарға ұсынатын екінші ел – Мальдив аралдары. +28/32 көрсететін Мальдивке Қазақстаннан тікелей рейс бар. Туркомпаниялар да жыл бойы тур ұйымдастырады. Саяхатшы Руслан Меделбектің сөзіне сүйенсек, 30 күнге виза керек емес. Қалтаңызға қарай отель мен жағажай таба аласыз. Дегенмен Мальдивке бару үшін бір адамға кемі 600 мың теңге қаражат керек.
Вьетнам – жаңа жылды қарсы алуға болатын ерекше мекен. +28/30 градусты ұстап тұрған елге Air Astana мен VietJet әуе компаниялары Алматыдан тікелей рейс ашқан. Мұнда демалыс құны арзан. Электронды визаны туркомпаниялар дайындап береді. Бұл елге жаңа жылдан кейін тур бағасы арзандай түседі. Бір адамға шамамен 300 мың теңге болады.
Доминиканада жаңа жылды қарсы алуға қалай қарайсыз? +30/35 градус температураны көрсетіп тұратын бұл елге жыл сайын неше түрлі тур ұйымдастырылады. Басты ерекшелігі – мұнда жыл бойы жылы жағажайда өмір сүруге болады. Айта кетейік, тур құны бір адамға 600-700 мың теңгеден басталады. 30 күнге виза қажет емес.
Дубай да қазақстандықтар үшін қыста демалуға арналған тұрақты орынға айналды десек артық емес. +22/26 градустағы ауа-райы көктемгі қоңыр салқын аураны сыйлайды. Р.Меделбек: «Дубай – қазақстандықтар үшін Түркиядан кейінгі ең көп баратын жер. БАӘ жыл бойы сұраныстағы ел. Бұл елге 250-280 мың теңгеден басталатын тур тауып алсаңыз болады. Тіпті, 200 мың теңгелік турлар да жеткілікті. Жалпы мұнда баруға мүмкіндік мол. Әрі қысы-жазы суға түсіп, қай мезгіл екеніне қарамастан жазды сезінуге болады», – дейді.
Египетке ұйымдастырылатын турлар да соңғы кезде ерекше сұранысқа ие. +25/28 градустағы елдің Шарм-әл-Шейх пен Хургада курорттары қыста да хит. Сондықтан мұнда қыста барсаңыз, ең ыстық күндерге арналған жаздық киімдерді ғана апарыңыз. Египетте қыста да су жылы. Суға түсуді ұнататындар үшін таптырмас мекеннің бірі. Ал сіз жаңа жылды қайда қарсы аласыз?

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!