Жаңақорған ауданында ерекше кәсіппен айналысушылар қатары уақыт өткен сайын артуда. Әсіресе, мемлекеттік бағ­дарламалардың көмегімен қайтарымсыз грант алып, өз ісін дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік. Жалпы ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға ұлғайып отыр. Тиісінше са­ладағы белсенділік көрсеткіші 96,8 пайызды құрады. Аталған ақпаратты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жаңақорған ауда­нының әкімі Мұрат Тлеумбетов хабарлады.

– Жаңақорған – кез келген кәсіппен айналысуға ыңғайлы аймақтың бірі. Осы себепті жыл сайын ауданда кәсіпкер қатары көбейіп, өнімдер өзге өңірлерге де жөнелтілуде. Аудан бойынша жыл басынан бері 230 жобаға 1 млрд 599 млн теңге қаржылай қолдауы көресетілген. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 100,6 млн теңгені құрайтын 73 жоба грант жеңіп алса, 131 жобаға 1 млрд.200 млн теңгенің несиесі берілді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алуға 3 млрд.400 млн теңгеніқұрайтын 505 жоба іріктелді. Ал бөлшек сауда көлемі 3 млрд 405 млн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 111,9 пайызды құрады, – деді аудан әкімі Мұрат Тлеумбетов.
Бұған қоса ауданда электр желілерін жаңғыртуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен 899 млн теңге, ал 2023 жылы 1 млрд 600 млн теңге бөлініп, бүгінді тиісті жұмыстар жүруде.
– Өткен жылы демеушілерді тарта отырып, 9 елді мекеннің электр желісін жаңғыртуға жоба жасалып, сараптамадан өтті. Жобалардың жалпы құны 2 млрд 300 млн теңгені құрады. Аталған жобаны бастауға 2023 жылы республикалық, облыстық бюджеттерден 503 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, осы жылдың басынан демеушілер есебінен тағы да 10 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғыртуға жоба жасап, 2024 жылдың бюджетінен қаржы бөлдіру үшін салалық министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылды. Жобалардың жалпы құны 3 млрд 300 млн теңге. Осы жобалар жүзеге асқан уақытта электр желілері жаңартылады, – деді аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлы.
Аудан әкімі баспасөз конференциясында Жаңақорған кенті ғана табиғи газға қосылып, тұрғындарға шаққандағы газдандыру үлесі 38,8 пайызды құрағанын, осы жылдың сәуір айында Бірлік, Қыраш елді мекендеріндегі газ пайдалануға берілгенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!