Бүгін елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні.  Осыған орай бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс шара өтті. 

Іс шарада аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы жергілікті журналистерді, ұзақ жыл осы салада қызмет еткен ардагер қаламгерлерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады. 

«Ғасырға жуық тарихы бар «Жаңақорған тынысы» газеті оқырмандарының белсенділігімен мақтана алады. Бүгінгі күні 6000-нан аса тұрақты оқырманы бар басылымның таралымы ұдайы артып, аудан халқы белсенді тұтына бастағанынан аңғарамыз. Былтырғы бас қосуымызда ауданымыздың төл басылымы «Жаңақорған тынысы» басылымның 90 жылдығын атап өтуді жоспар еттік. Жоспарға сай биыл қаңтар айында жас ақындар айтысы өтті. Наурыз айында А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапханасында «Газет – елдік пен ерлік жаршысы» атты ардагер қаламгерлермен кездесу кеші өтті. Қазан айында республикалық ақындар айтысы мен қорытынды гала концертін өткізу жоспарымызда бар. Биыл 90 жылға толған «Жаңақорған тынысы» газетінің ауқымы аудандық болғанымен алаштық идеяны көтеріп, елдік сана, мемлекеттілік мүдде аясындағы еңбегін ұтымды атқарып келеді. «Жаңақорған тынысы» газетінің ұжымына және аудан жаңалықтарын креативті тұрғыда жариялап жүрген блогерлерге, ардагер қаламгерлерге шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!Еліміздің өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете берулеріңізге тілектеспін. Қашанда Жаңа, Әділетті Қазақстанның идеясын насихаттайтын ауданның төл басылымының бәсі биік бола берсін!», – деді аудан басшысы. 

Сонымен бірге салтанатты шара барысында мәслихат төрағасы Ғ.Сопбеков, сот төрғасы А.Түбекбаева құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білідірді.

Одан кейін «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Б.Үсейнова аудандық газеттің тарихи жолы мен бүгіні жайлы тарихи шолу жасаса, облыстық жас ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын М.Абдуллаев «Жаңақорған тынысы» газетіне арнайы арнауын оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Журналистердің кәсіби мерекесі күні дәстүрлі басылымдар жөнінде ой толғауды жөн көрдік. Қазір қоғамда ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар дәстүрлі басылымдардың рөліне де ерекше мән берілуі керек.

Ғаламторды қанша жерден мақтасақ та, ол газет пен журналдай бола алмайтынына сенімдімін. Заман талабын ескерген дұрыс шығар, бірақ тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары деп ойлаймын. Бүгінде осыған байланысты екі жақты пікір бар. «Газет-журналсыз өмір сүру мүмкін емес. Бұрынғылар ғаламторсыз-ақ газет оқып, көзін ашқан. Ал жаңа заман адамдарының өмірін онсыз елестету қиын.Ғаламтор адамды елітіп, өзіне тәуелді қылады. Қолдану дұрыс та шығар, бірақ газетсіз елдің тіліне нұқсан келеді» деп аға буын өкілдері баспасөз болашағына алаңдаушылық танытса, енді біреулері: «Қолымыздағы тетікті бассақ болғаны, ақпараттың барлығы дайын тұр. Газет-журналға жазылып, ақша шығарып не керегі бар? Тіпті болмаса, сол газеттің электронды нұсқасын оқуға болмай ма?» деп қарсы дау айтып жатады. Бүгінгі ақпараттық технология қарыштап дамыған қоғамда ғаламтор айнымас досымызға айналғандай. Әйтеуір бәрі керемет, бәрі оңай. Дегенмен, ғаламтордың пайдасынан бөлек, зиянды жағы да жетерлік.

Телефонға телмірген жастардың қоғамдық көлікте құлағын бітеп алып, әлеуметтік желілерден шықпай, ешкімді елеместен міз бақпай отыратынын қайтерсің?! Тіпті кіп-кішкентай бүлдіршіндер де ұялы телефонның мүмкіндіктерін біліп алған. Ғаламтормен санасы шырмалған бүгінгі буын ертеңгіге қандай өнеге бермек?! Жастарымыз рухани жұтаңдыққа ұшырап жатқан жоқ па?! Көкейімізде сан сауал… Өз басым, бос уақытымды әлеуметтік желіге арнағаннан гөрі, газет-журналмен дос болуды артық санаймын және мұны әдетке айналдырдым.

Ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды.Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет емес пе? Қажет ақпаратты экраннан оқығаннан гөрі газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге де қонымды, жүрекке жақын. Өзіме солай. Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын айтқан журналистердің мірдің оғындай өткір сөздерін газет бетінен ғана табатын сияқтымын. Алайда қазір жастар газет, кітап оқуға құлықсыз деген пікір қалыптасқан. Мен бұл пікірді теріске шығарар едім. Сол үшін газет-журнал оқырмандарының көп болғанын қалаймын. Сөз соңында айтарым, газет оқу бұл – зиялылықтың белгісі.

Бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратты жеткізетін құрал ғана емес, ұлттық идеологияның жаршысы, мемлекеттік бағдарламалардың насихатшысы, ең бастысы, ұлттық қауіпсіздіктің өзегі. Иә, журналист еңбегі 8 сағаттық жұмыс қалыбына сыймайды. Кейде бір мақала жазу үшін бірнеше күн ізденіп, сөздің киесіне құрметпен қарап, қиналатыны бар. Үздіксіз еңбектің артында сапалы мақалалар туындап, оқырманын сусындатады. Журналистер қауымының осынау еңбегі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ескерілетіні анық. Аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков сөз өнерінің қасиетін жақсы түсінеді ғой, салтанатты кеште тұрақты авторлар мен белсенді оқырмандарға ерекше ілтипат білдірді.

«Газеттің сөзі бір күндік, өзі мың күндік» дегендей журналистер түнді түнге жалғап, шабыт іздеп, мақала жазады. Баспасөз тарихында қазақ басылымдарының орны ерекше. Әрбір мақаланың мазмұны кейде айлар бойы ұйқас іздеп, оқиды, тоқиды, пікірлеседі. Тіпті жылдап жазатын шығармалары да болады. Әрі оны бітіргенінше дамыл таппайды. Мұның бәрі жұмысқа деген жауаптылығы, шығармасына деген шынайылығы, газет өндірісіне адалдығынан. Мұндай ауыртпалықты екінің бірі түсіне бермейді. «Халыққа қызмет – кәсіби ақпаратты дер кезінде жеткізу, мемлекеттік саясатты ақпараттандыру. Мемлекеттік саясаттың негізінде халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмысын сапалы ету жатыр. Сол тұрғыда барлық мемлекеттік бағдарламалар, бастамалардың бәрі халыққа жету мәселелері өзекті. Сонымен қатар күнделікті халықтың көкейтесті мәселелерін шешуде аянбай қызмет етіп келе жатырсыздар. Сіздердің материалдарыңыз арқылы тек қана қоғамдық-саяси, экономикалық өзгерумен қатар әр жеке адамның да өмірін өзгертіп, иә болмаса, өмірін құтқарып жатқан жайттар бар. Сондықтан бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Әрқайсыңыздың арттарыңызда тұтас ұжым тұр. Сіздер арқылы сол ұжымдарыңызды құттықтаймын. Шүкір, қаламгер ағаларымыздың артында лайықты ізбасарлары қалды. Оған бүгінгі «Жаңақорған тынысы» газетінің кескін-келбеті мен мазмұны дәлел. Бүгінде біздің газеттің өңірдегі кез-келген газеттен шоқтығы биік, мерейі үстем. Төл басылым – «Жаңақорған тынысы» алдағы уақытта да осы биіктен түспей, асқақтай беруіне тілектеспін, – деді.

Өтпелі кезеңдерде аудандық газеттің сақталып қалып, дамуына үлес қосқан ардагер қаламгерлер арамызда жүр. Сондай қаламгердің бірі Алмас Бекжігітов:

– 1998 жылы газетке келдім. Бұл кезде Қазақстан нарықтық экономикаға бейімделіп, редакция мен баспахана бірікті. Сөйтіп, баспа кәсіпорыны болып құрылды. 2000 жылы «Қазполиграфия» АҚ аудандық газет редакциясы отырған ғимаратты меншігі екенін мәлімдеді. Сөйтіп редакция ғимаратсыз қалды. Бұдан бөлек, баспахана өндірісінде де қиындықтар болды. Бұдан бөлек, күн тәртібінде газеттің тиражын арттыру, журналистердің жалақысын тұрақты беру және т.б мәселелер тұрды. Мұндай қиындықтарды жеңу оңай болмады. Журналистер қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші. Қалың халық пен билік арасындағы алтын арқау. Сондықтан бұл салаға екінің бірі келе бермейді. Келген күнде оның қадір-қасиетін тереңнен ұғынуға тиіс. Сонда ғана жолынан жаңылмайды, – деді.

Кездесуде газеттің тұрақты оқырмандары да бой көрсетті. «Жаңақорған тынысы» газеті бір-екі сағат кешіксе, редакцияға телефон шалып, ренішін білдіріп жататын оқырмандарымыз көп. Олар газеттің тұрақты оқырманы ғана емес, газеттің тігіндісін жинап, ұрпағына газет оқу мәдениетін насихаттап жүрген көкірегі ашық адамдар. 

Сондай-ақ, Изатулла Нәрзілдаев та жалынды арнауын арнап, журналистерді бір серпілтіп тастады. Кездесу соңында аудан әкімі ардагер журналистер мен «Жаңақорған тынысы» газетінің шығармашылық ұжымын марапат биігіне шығарып, құрмет көрсетті. Шара соңында аудандық журналистиканы дамытуға айрықша үлес қосқан медиа майталмандары мен сала ардагерлеріне аудан әкімінің «Құттықтау хаты» мен бағалы силықтары табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!