Күнкөрістен әрі аспайтын табысқа артық білім қажет емес шығар, десе де ауқымды бизнеске білім-білік, жүйелі ізденіс керек-ақ. Соңғы уақытта кәсіп қарапайым есеппен шектелмейтінін түсінген қызылордалықтар шетел асып, саладағы ұтымды әдісті игеруге құмар. Соның бірі – «Абай Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков. Жуырда кәсіпкер Жапонияға барып, күріш өсірудің қыр-сырын меңгерді.

Қызылордалық кәсіпкер мұндай мүмкіндікке JICA халық­аралық әріптестік агенттігі арқылы қол жеткізген. Бұған дейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына халықаралық агенттік арнайы хат жолдап, екіжақты жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізіпті. Хатта жапондық бизнес өкілдерімен іскерлік байланыс орнату үшін қазақстандық кәсіпкерлерге арналған тегін оқыту бағдарламасын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтылған. Нәтижесінде бір топ қазақстандық кәсіпкер Жапонияға аттанды.
«Қазақстаннан оқуға 7 азамат бардық. Оның үшеуі біздің өңірден. Тек шет елге барып-келу, яғни ұшақтың шығынын ғана өтедік. Қалған оқу, жатын орын, барлығын Жапониядағы ұйымдастырушы компания өздері қамтамасыз етті. Бір айға созылған шарада өзіміз секілді күріш өсіру және өңдеумен айналысатын компаниялардың жұмысымен таныстық. Технологияның мүмкіндігімен өнімділікті арттыру әдістерін көрдік. Өте жақсы тәжірибе болды», – дейді Жасұлан Тұрлыбеков.
Кәсіпкер 10 маусым мен 2 шілде аралығында өткен оқу бағдар­ламасында саладағы жаңа технологияға қанығып, аймақта қолда­нысқа енгізуге болатын әдістерді қаперге алған. Жаңа біліммен елге оралған кәсіпорын өкілі оқу барысында алған тәжірибесін компанияда қолдану мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын жеткізді.
Жалпы, Жасұланның аталған бағытқа қызығушылығы кәсіби қажеттіліктен өзге, кәсіпті ілгерілету талабынан туындаған екен. Себебі, серіктестік күріш өсіру арқылы табысқа кенеліп, сапа деңгейін де осы саламен бағалайды. Сондықтан JICA-дің оқу бағдарламасы қатысу арқылы біліктілігін көтеріп, шетел асуы – кәсіпкерге де, мекемеге де олжа.
Осы орайда шетелде біліктілік арттырған азаматтардың құжаттарды реттеу, жүйелі тәжірибе алуға жағдай жасау бағытында тындырымды жұмыс істеген облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандарына алғысы ерек. Айтуынша, мамандар жапон тарапымен байланыс орнатып, ұйымдастырушылардың тиісті ақпарат алуына мүмкіндік берген.
«Халықаралық агенттік күріш өсіру және өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдерін маусым-шілде аралығында өтетін «Жапон тәжірибесі арқылы бизнестің әлеуетін дамыту» тақырыбындағы оқытуға шақырды. Бұл ұсынысты өңірдегі аталған салада қызмет көрсететін кәсіпкерлердің барлығына жолдадық. Ұсынысымызға «Абай Дәулет» ЖШС-і қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдірді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Алма Пірманова.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!