Сыр жастарының ойы еркін, рухы азат, болмысы бөлек. Қоғамдық шарада белсенді. Олардың шығармашылығын дамытуға, кәсіпкерлікте шыңдап, біліммен биікті бағындыруына күш салынуда. Соның арқасында жаңашыл жастар жаңаша бағыттағы жобаларды жүзеге асырып келеді. Жақында олар ешқандай артық шығынсыз қайырымдылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Ескі компьютерлерді кәдеге жаратып, балалардың кедергісіз білім алуы үшін ІТпаркпен бірлескен жобаны қолға алды. Бастысы, тұрғындар оған дән риза.

Тағы бір баланың қуанышы: 50-ден астам компьютер таратылды

Бұрын қалай? Бүгін қалай? Есіңізде бар шығар, бала күніңізде үйде үлкен қара түсті теледидар болатын. Жақтаушаларын ағашпен көмкерген бір алып дүние. Ол істен шықса, тұтас ауыл дамудан тысқары қалатындай көрінетін. Өйткені теледидар ауылда бірнешеу ғана. Осындай бір күндерде үйдегілер «ертең мына жарықты да, теледидарды да орныңнан тапжылмастан өшіріп-қосатын дәурен туады, жаңа дүниелер қолданысқа енеді, асықпа!» дейтін. Шынында, қазір технология сайрап тұр. Кешегі онлайн оқыту ептеп енген тұста смартфон, компьютер дегенге сұраныс едәуір артты және оның бағасы да айтарлықтай шарықтай түсті. Ал, оны екінің бірінің қалтасы көтермейді. Бұл ретте облыстық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары жұмылып, тындырымды іс қылуды шешті. ІТ паркпен, қаладағы волонтерлар қозғалысымен бірлесе.

– Ешқандай артық шығынсыз қала тұрғындарының көмегімен бүгінде 150-ден астам компьютер қайырымдылық негізде жинақталып, жарамдысы қажетті жөндеуден өтіп, оның 50-ден астамы мұқтаж отбасыға таратылды. Егер де одан бір ақау табылса, мамандар қолдан келгенше қайта қарап, кем-кетігін келістіруге дайын. Бүгін де жастар бір отбасының қуанышына куә болып қайтты. Гүлнұр есімді көпбалалы анаға қолғабыс етіп, баласының мүмкіндігінше елден қалмай, білім алуына жағдай жасадық. Бұл – игі іс жасадық деп кеуде қағу емес, бірлескенде ғана мықты екенімізді көрсету, – дейді орталық директоры Бауыржан Мәстеков.

Шәкәрім айтқан «адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл». Осы сөздерді тұмар еткен жастардың игі ісіне көпбалалы ана Гүлнұр Молдақожаева «Балалардың білім көкжиегін кеңейту үшін берілген мүмкіндікке деген алғысым зор. Бұл жақсылықтың үлкен-кішісі болмайтынын, өзгеге мейірім сыйлау үшін таза ниеттің өзі жеткілікті екенін көрсетті» дейді. Жастар «Мектепке жол» акциясы аясында қаладағы қолы ашық кәсіпкерлерді тарта отырып, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына қажетті құрал жабдықтар үлестіруге де ден қойғанын айту керек. Бұған дейін 20-ға жуық смартфон табысталған.

«Syrjastary.com» – жастардың жаңа сайты

Халықаралық жастар күніне орай облыс жастарына арналған «Syrjastary.com»сайтының тұсауы кесілді. Мұнда жастарға қатысты күнделікті ақпараттар мен жаңалықтар жарияланып отырады. Көшбасшылар жайлы тың мәліметтер, қажетті кітап қорларының электронды нұсқасы қамтылған. Жастардың қызығушылығын анықтау мақсатында сауалнамалар ұйымдастыру тетігі де қарастырылған. Маңыздысы, жастар бюджеттен бір тиын қаржы алмай, өзіне қажетті дүниені өзінің мүмкіндігін шыңдау арқылы жасақтап шығарды.

Мұнда шетте білім алып жүрген Сыр жастарының еңбегі көп. Әсіресе, Қытайдағы студент Фархат Орынбасардың білгенін, ойға түйгенін туған елде іске асыруы көңіл қуантады. Бұл сайт алдағы уақытта одан әрі жаңғырып, жастардың игілігіне қызмет етпек.

Тегін психологиялық тренингтер

Карантин уақытында барлық салаға өзгеріс енді, жұмыс та ерекше форматқа көшті. Онлайн шаралар қарқын алды. Осы ретте орталық жанынан психологиялық қызу желі жұмыс істеген, яғни ахуалдан қажыған кез келген тұрғын хабарласып, психологтың көмегіне тегін жүгінуге мүмкіндік алған. «Тату отбасы» онлайн марафоны да ұйымдастырылған. Әлеуметтік сауалнамалар жүргізу, жастармен тығыз байланыста болу және оларға психологиялық кеңес беру ісі де жүйелі.

Сауалнамалардың қорытындысы бойынша, вебинарлардың, тренингтер мен онлайн психологиялық жаттығулардың көмегі көп болғаны анықталып отыр. Маңызды мәселені арқау еткен онлайн шараларда орталықтың психологы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдрахманова мен Біріккен ұлттар ұйымының ұлттық тренері, орталық волонтері Жұлдыз Төрәліқызы бұл 60-қа жуық қатысушының сан сауалына жауап берген. Себебі шектеу шаралары кезінде еріксіз үйіне қамалғандардың бірі жалғыздықтан жабырқаса, енді бірі ұйқысы қашып, алдағы уақытта не болады деп уайымға салынған азаматтар. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, мұндай тренингтердің басым бөлігі ақылы. Ал жағымсыз жаңалықтарды жүрегіне жақын қабылдайтын адамдарға, соның ішінде жастарға психологтардың тегін қолдауы маңызды болғаны анық.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ