Пойызда отырсаңыз, форма киген жігіттердің итпен вагон ішін аралап жүргенін жиі байқаймыз. Бір қызығы, қанша қорықсақ та ол иттер адамға тиіспейді. Себебі иттерге керегі басқа нәрсе. Олар үлкен дайындықтан өтеді, сондай-ақ иіс сезу қабілеті ерекше болады екен. Бұған Қызылорда облысы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік іздестіру иттері дәлел. Бүгінде олардың қылмыс ашуда көмегі орасан зор.

Мәселен, иттердің көмегімен қылмысты анықтауға, із кесуге, есірткі жарылғыш заттарды іздестіруге мүмкіндік көп. Бұл иттер күшік кезінен арнайы оқу-жаттығу курстарынан өтіп, белгілі бір бағыттағы құқық бұзушыларды анықтауға мамандандырылған. Қызметтік іздестіру иті есірткі мен жарылғыш затты бірден сезеді. Яки тапқан бойда жанына отырады немесе аяғымен көрсетеді.

“Кинология қызмет орталығында үш итпен жұмыс істеймін. Олар із кесу саласы, есірткі, жарылғыш затты іздеуге үйретіледі. Өзіме бекітілген осы үш қызметтік іздестіру итімен күніне екі рет жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Кинология қызмет орталығында 21 ит бар. Олар 7 сала бойынша жұмыс істейді. Неміс овчаркасы, лабрадор, орыс төбеті тұқымдары бар. Біз осы иттермен жұмыс істейміз. Өзімнің жұмыс істегеніме үш жылдан асты”, – дейді кинолог Азамат Фазылов.

Орталықта 21 қызметтік-іздестіру иті бар. Олардың 3-еуі есірткі затын іздестіруге, 2-еуі жарылғыш зат іздестіруге, 2-еуі із кесу саласы, 2-еуі одорология (иіс сезу) бойынша және 1 қызметтік іздестіру иті шабуылдау бағыты бойынша қызмет атқарады, 3 қызметтік ит қазіргі таңда үйретілуде. Ал қалалық, аудандық полиция бөлімдерінің теңгерімінде 18 қызметтік-іздестіру иті бар. Олар есірткі затын іздестіру,  күзет қызметі (УҰИ) және ізге түсу бағыты бойынша қызмет атқарады.

– Қызметтік іздестіру иттерін үйрету барысында иттің мінез-құлқы әртүрлі екенін байқаймыз. Итті мінез-құлқына қарап дайындаймыз. Иттер қызметтік іздестіру барысында жақсы қызмет көрсетеді. Бір итті әкелгенімізге үш ай болған жоқ, үш қылмыстың бетін ашты” – дейді кинолог Азамат.

Сонымен қатар бұл иттердің арнайы режимі болады. Тамақты да, суды да мөлшерімен, уақытымен ішеді.

“Итті қауіптен сақтау үшін, ауыртып алмау үшін 510 грамнан күніне бір мезгіл тамақ беріледі. Бұл – өздеріне бекітілген режим. Үш мезгіл су, ал жаз мезгілінде алты рет су ішеді, – дейді облыстық полиция департаменті кинология қызмет орталығының кіші инспектор кинологы, полиция сержанты Азамат Фазылов.

 Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері биыл бекітілген қызметтік іздестіру иттерімен Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Алматы қаласындағы Кинологиялық оқу орталығында үш сала бойынша, яғни есірткі затын іздеу, одорология –  иістерді сәйкестендіру және адам иісі бойынша ізге түсу, 3 айлық  біліктілік арттыру курстарын аяқтады. Оқу курстарының қорытындысымен Республика бойынша кинолог мамандардың арасында өткізілген жарыста Қызылорда ОПД Кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологы полиция аға лейтенанты Азиз Арифов «Вена» атты қызметтік итімен «Заттардан іріктеме алу» және «Абсолюттік сынақ» бойынша жүлделі екінші орынды иеленді.

–  7 ай көлемінде 102 қылмыс ашылды. Оның ішінде 58 ұрлық дерегі, 7 тонау, екі қарақшылық. 34 тағы басқа қылмыстар. Былтыр 134 қылмыс ашылған. Бұл салада 2012 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Із кесу бойынша кинология орталығында оқуда болдым, – дейді Қызылорда облыстық кинология қызмет орталығы бастығының міндетін атқарушы Азиз Арифов.

Кинолог мамандардың бүгінде атқарған жұмыстары көп. Нәтижесі де көңіл көншітеді. Жүлделі орындардан құр алақан емес. Мәселен, Жалағаш аудандық полиция бөлімінің кинолог маманы, лейтенанты Шоқан Махамбетжанов «Виви» атты қызметтік итімен «Із кесу» саласы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленсе, патрульдік полиция батальонының кинологы полиция сержанты Бердібек Жанғабыл «Феликс» және «Вулкан» атты қызметтік иттерімен «есірткі затын іздеу» бойынша жүлделі ІІ орынды және одорология саласы бойынша ІІІ орынды иеленді.

“Ит – адамның досы” деп бекерге айтпаса керек-ті. Кинологтардың досына айналған бұл иттер бізге ғана емес, елімізге де үлкен септігін тигізуде.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!