«Әлем ханымы – 2020» атанған Жұлдыз Әбдікәрімоваға байқаудың лентасы мен тәжі ресми түрде табысталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін елордада Жұлдыз Әбдікәрімоваға конкурстың тәжі мен лентасы ресми түрде табысталды. Оларды ұйымдастырушылар Болгариядан поштамен жіберген.

«24 желтоқсан соңғы дауыс беру күні болды. Ал 23 желтоқсанда олар маған хабарласып, поштамен тәж бен лентаны жіберіп жатырмыз деді. Бір күн бұрын жөнелтті. Өйткені олар да, біз де Жұлдызды ешкім басып оза алмайтынын түсініп отырмыз», – деді байқаудың Қазақстандағы ресми өкілі Арай Әлімхан.

Жұлдыз Әбдікәрімова Әлем ханымы атанғанын енді ғана сезінгенін айтып күлді.  

«Қасымдағы қыздардың бәрі осы уақытқа дейін қандай сезімдесің деп сұрап жатыр. Шыны керек, мен осы уақытқа дейін толқып жүрдім. Сезінбедім. Басымда ол кезде тәж болмады. Жалпы «Әлем ханымы» деген атақ алғандарды сахнада көріп жатамыз. Ресми түрде табыстағанын енді сезіндім», – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!