Есімім емес, еткен еңбегім еленсе дейтін, атасының емес, халқының баласына айналған азамат көп. Мінбеде тұрып ұрандамай-ақ, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген Сәрсенбай Оспанұлы – сондай азаматтың бірі де бірегейі. Бүкіл ғұмырын ұсталыққа арнап, маңдай тердің мерейін көріп жүрген «Еңбек ардагері» жақында он жеті облысты түгел аралап шығуды мақсат етіп, сапарға шықты. Алғашқы аялдама – Қызылорда облысы. 72 жас­тағы жиһангез кейіпкерімізбен ұзақ жолды сапар, ұлттық құндылықтарымыз жайлы сұқбаттасқан едік.

– Ата, он жеті облысты жаяу сапарлау идеясы қайдан келді?

– Өзім 1950 жылы Жаңарқа ауданы Атасу поселкесінде қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әке-шешемнің бізге, балаларына көрсеткен өне­­гесі еңбек пен бейнет жолы болды. Алғаш 17 жасымда жүк тиеуші боп жұмысқа орналастым да, кейін әр жылдары құрылысшы әрі автокраншы,өндіріс бойынша оқытудың шебері, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, агроном, архитектура бөлімінде көлік жүргізуші, шебер, темір ұстасы, ағаш шебері, құрылысшы, алюминь қорытушы ретінде біраз салада еңбек атқардым. Осылайша зейнетке  шықтым. Бірақ бос отыруға шыдамаймын, әлі күнге дейін ұсталық жасап келемін.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Қазақстанның барлық облысын түгел жаяу жүріп өтсем деп ойлағанмын. Соның сәті биыл түсіп, сапарға шықтық. Сапарды қазақтың шаңырағы Ұлытаудан бастадым. 31 наурызда Ұлытаудан шығып, Жезқазғанға соқтым да, сонда өз үйіме қондым. Арбамды жөндедім. Содан 3 сәуір күні қайта жолға қамданып, Қызылордаға бағыт алдым. Жол жаман, күніне 40 шақы­рым әрең жүріп отырдым. Жоспарға сай 13 сәуір күні таңертең осында жеттім. Қызыл­ордалықтар құрметпен күтіп алды. Алдымен дәрігерлер қан қысы­мымды, денсау­лығымды тексерістен өткізді де, бәрі жақсы екеніне таңданып, риза болып қалды.

– Бұл алғашқы сапарыңыз екен. Жолға шыққанда қажетті затты ұмытып кетпедіңіз бе?

– Елсіз жолда жалғыз, жаяу жүру оңай емес. Өзіме қажетті заттарды арбаға саламын да оны итеріп жүремін. Арбада қажеттінің барлығы  бар. Бір жағынан өзіме салмақ түспейді, бар күш арбада. Екінші жағынан алыстан көрген мәшинелерге, адамдарға жай келе жатпағаным білінеді, яғни тегін жарнама. Жолда жүзден аса көлік арнайы тоқтап, жөнімді сұрап, мақсатымды біліп қуанып жатыр. Бірақ көпшілігі Ұлытауды білмейді екен. Ұлытауды білсе де, тарихын білмейді. Көбісі бірінші рет естіп тұрмын деп таңданысын жасырмайды.

Менің бұл сапарға шығуыма қолдау көрсетіп жүрген бір-екі адам бар. Ұлытау қорық-музейінің директоры Бақтияр Қожахметов есімді азамат телефон арқылы хабарласып, жолда жағдайымды біліп отырады. Далада жүргендіктен бет пен қол терісі жарылып кетеді. Алғашқыда соған арналған жақпа майларды, визиткаларды ұмытып кетіппін. Міне, сол азамат көлігімен әкеп берді. Одан бөлек әлеуметтік желіні жүргізуге Бақтиярдың ұлы көмектеседі.@ulytaumen деп ашылған инстаграм парақшамда 8000 оқырман бар.

Алдымнан шыққан адамдар елсіз жолда, түнде қасқырлар жолықпай ма деп сұрайды. Қазір қасқырлардың тоқ кезі. Сондықтан ол жағынан айтарлықтай қорқудың қажеті жоқ. (күлді)

– Шыны керек, сіздің бұл сапарыңыз ерлікке тең. Мақсатыңызбен бөліссеңіз…

– «Жол мұраты – жету» дейді ғой бабамыз. Дегенмен осынау сапарға шығуға асығуым бекер емес. Жөн сұрағанның бәріне ерінбей айтып, ой тастап келемін. Негізінен үш мақсатым бар. Бұл сапар «Ұлытауға бардың ба…» деп аталады. Қазақстанның тарихи-географиялық орталығы, шаңырағы Ұлытау туралы аңыз-әңгіме, тарихи фактілерді алдымнан шыққандармен бөлісу арқылы насихаттауды мақсат еттім. Екіншісі – қазақтың ұлттық қолөнер шеберлерімен жүздесіп, тізімін түгендеген соң ЮНЕСКО-ға беру. ЮНЕСКО-ның өкілдері қазақстандық қолөнер шеберлерінің тізімін толық ала алмай отыр. Осындай сапарға шыққаннан кейін маған аманатын сеніп тапсырды. Қазақстан бойынша 3000-дай қолөнер шебері бар деген ақпаратты естігенбіз. Бірақ аты-жөні, шығармашылық жұмыстары тіркелмеген. Қызылордаға жеткенше 10-нан аса адамды тіркедім. Осы орайда Үкімет басшысы ұлттық өнерді ұлықтап жүрген қолөнерші, ұсталарға қолдау көрсетсе деген тілегім бар.

Үшінші мақсатым – ертеден тойланып, қазір елеусіз қалған «Қымыз» мерекесін жандандыру. Оның емдік қасиеті бар екенін бәрі біледі. Президент ұмытылып кеткен ұлттық мейрамымызға бір күнді таға­йын­дап, күн­тізбеге мереке ретінде енгізіп берсе, бір асқақтап қалар едік. Дүние жүзінде жылқыны  қолға үйреткен, қымызын ішкен – біз. Демек ұлттық дәстүрімізді сақтап қалу бүгіннің еншісінде тұр.Осы ­ең­бе­гі­міз­дің, мақса­ты­мыздың нәти­же­сін­де әлеу­меттік желілер мен БАҚ өкілдері арқылы Ұлытаудың тарихы және қол­өнер­ші­лердің ұсы­ныстары наси­хат­талып, жақсы бастамаларға себеп болады деген ойдамын.

– Келесі қай өңір?

– Ұлытаудан Қызылордаға дейін 600 шақырымға жуық жер ғой. Бұл басы ғана. Бұйырса алға қойған мақсатыма сай он жеті облысты аралап шығамын. Үлгерсем, қарашаға дейін, үлгермесем, қысты өткеріп, жаз шыққан соң қайта жалғастырамын. Жалпы жүретін жер көлемі– 7400 шақырым. Ұлытау– Жезқазған – Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Таразы – Алматы – Талдықорған – Аягөз – Семей – Павлодар – Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Петропавл – Қостанай – Ақтөбе – Орал – Атырау – Ақтау. Соңғы аялдама Ақтау қаласымен бітеді.

Күніне 40 шақырым жүремін деп жоспарлағанмын. Алайда алдымнан шыққан адамдар бұл сапарыма қызығып, жөн сұрасып, Ұлытаудың тарихымен бөлісіп, көбінесе соған уақытым кетіп қалады. Қызылордаға 13 сәуірде жеттім. 15-22 сәуір Қызылорда – Түркістан бағытында 8 күн жүруім керек. 23-24 сәуір демалыс. Осылай қарашаға дейін жоспарлап қойдық. Амандық болса, мақсатымды толыққанды орындаймын.

– Қайда жүрсеңіз де, сапарыңыз оң болсын!

Әңгімелескен

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!