1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні деп жариялады. Осыған орай, республика көлемінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізілмек. Акцияның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «БҰҰ – әйелдері» құрылымының Қазақстандағы өкілі Мария Доценко нәзік жандылардың құқықтарының қорғалуы мен гендерлік теңдікті сақтау бағытындағы пікірін жеткізді.«Біздің мақсат – гендірлік теңдікті сақтай отырып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау. Бүгінде отбасындағы жанжалдың көбеюі, нәзік жандылардың құқықтарының қорғалмауы сынды мәселелер қоғамда белең алуда. Сондықтан, осы бағытта басқа да маңызды бастамаларды жалғастырып келеміз. 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күніне орай «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы басталмақ. Бұл шара тек 16 күн ғана жалғаспайды. Барлық уақытта осындай акциялар жалғасын табатын болады», – деді Мария Доценко.Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жағдайына тоқталып, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне қатысты ұсыныстарды ескеруге дайын екендігін мәлімдеді.«Жыл сайын әйелдерді саясат пен экономика жағынан дамыту, әлеуметтік қорғау, әйел денсаулығы мәселелері ұлттық комиссияда көтеріліп жүр. Бүгінде аталған мәселелерде ілгерлеу бар деп айта аламыз. Отбасылық және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты мемлекет тарапынан қолдану керек шаралар Парламент Мәжілісінде қаралуда. Нәзік жандылар қай салада болмасын ер азаматтармен иық тіресіп қызмет етуде. Мәселен, орта бизнесте әйелдердің үлесі 50 пайыздан асты. Қазақстандағы әрбір үшінші жұмыс орнын әйелдер ілгерлетіп отыр. Ал микробизнестің 70 пайызы бұрымдылар», – деді Ләззат Жаңылысқызы.Баспасөз конференциясыда әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова облыс көлемінде өтетін шараларды тізбектеді. «Облыста «Зорлық-зомбылықсыз оңалту» акциясы аясында 100-ден аса іс шаралар жоспары бекітілді. Жалпы өткізілетін шаралардың негізгі бағыты – отбасы институтын нығайту. Жанұяда әйелдің ғана емес ер азаматтың да орны ерекше. Жақында №261 мектепте ұл балаларға арналған кіші мектеп жобасы басталады. Одан бөлек, «Отбасы және мансап» тақырыбында іс шаралар жүргізілетін болады», – деді Қаламқас Арыстанқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!