Түркістан облысы Мақтарал ауданында он күннен бері із-түссіз  жоғалып кеткен мұғалім іздестірілуде. 38 жастағы әйел көрші ауылға алтын бұйымдарын сатуға шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Наурыз ауылының тұрғыны Гүлсім Наржігітова 31 шілдеде сағат 10:00 шамасында үйінен Дихан ауылына шығып, сол күйі қайтып оралмаған. Жоғалған тұрғынның туыстарынан сұрау барысында оның Дихан ауылында екі-үш адамға алтын бұйымдарын сатқаны анықталды. Сондай-ақ  құны 1 миллион теңгеден асатын алтын бұйымдары болған. Ал кешкі сағат 10-нан кейін ұялы телефоны сөндірулі болған. Жақындары содан бері онымен байланысқа шыға алмай отыр.

Бес баланың анасы Гүлсім Наржігітова  Наурыз ауылындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Туыстарының айтуынша ол қосымша табыс көзі ретінде алтын бұйымдарын сатады. 

Әйелдің 1 тәуліктен астам хабар-ошарсыз жоғалғаны күмән туғызған. Сотқа дейінгі тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды. 

Он күннен бері ұшты-күйлі жоқ болған 38 жастағы ауыл тұрғынын іздестіруге аудан, ауыл әкімдігі мен прокуратура, полиция бөлімдері мен мешіт имамдарынан құралған штаб құрылған.

Жергілікті тұрғындар мен еріктілер тобы да әйелдің баруы мүмкін деген барлық жақын аумақтарды тексеріп жатыр.

Жоғалған келіншектің фотосуреттері көрсетілген ақпараттар барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдеріне жіберілген. Әзірге еш нәтиже жоқ. 

Оның бойы 160 см, орта денелі, шашы ұзын қара түсті. Үстіне қызыл көйлек, аяғына ақ түсті жазғы аяқ киім киген. Қызыл сөмкесі мен ұялы телефоны болған. 

Егер Гүлсім Наржігітова туралы қандай да бір ақпарат болса, Мақтаарал АПБ-ға 8-725-41-21-2-02, 8-747-541-62-56 немесе 102 телефондары бойынша хабарласу қажет.
 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!