Үстіміздегі жылдың 25 қазанында Арал ауданында Online форматта Zoom платформасы арқылы «Отбасылық қарым-қатынас мәдениеті» тақырыбында тренинг өткізілді. Бұл тренинг Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Аймақтағы отбасылық-демографиялық саясатты насихаттау» жобасы аясында жүргізілді. Тренингті ұйымдастырушылар – Қазақстан Жастар фракциясы.
Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік іргесі отбасында қаланатындығы белгілі. Әсіресе отбасы берік болуы үшін, онда мәдени қарым-қатынастың болуы шарт. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар. Отбасы шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр. Сондықтан отбасында қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда түрлі жаттығу-тренингтерден тұратын аталмыш іс-шараның тағылымдық маңызы зор болды. Тренингке қатысушылардың дені жастар болғандықтан, ролдік-сюжеттік ойындар арқылы жүргізілген жаттығу барша қатысушыларға тартымды әсер қалдырды. Отбасы мүшелерінің ролдерін сомдаған қатысушылар бір-біріне жағымды сөздер айтып, отбасындағы қарым-қатынас барысында кездесетін кемшіліктерді саралады.
Сонан соң, ұлттық құндылығымыз болып саналатын ат тергеу дәстүріне көшіп, «жеңгелері» «қайынсіңілілеріне» заманауи ат қойып, балдыз бен жезде әдемі әзіл айтысты. Тренингке қатысушы жастар отбасы құндылықтарына негізделген қарым-қатынас туралы өз пікірлерін ортаға салды. Тренингке қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!