Экологиялық мәселелерді тудырушы, олардың алдын алудың қозғаушы күші – сіз бен біз. Яғни, таразының қай жағына тартатынымыз өзімізге байланысты.
Жақында сайланған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова ауаның ластануымен күресу үшін елордалықтарды автомобиль мінуден бас тартып, жаппай қоғамдық көлікпен жүруге шақырған болатын. Алайда жас министр халықтың әлеуметтік жағдайы мен еліміздегі автобустардың жайын ескермеген сынды.

Жапонияда жұрттың бәрі метромен жүреді

Елорда ғана емес, өңіріміздің өзінде автобустың жетіспеушілігі мәселесі шешімін тауып келе жатқанмен, қоғамдық көліктерде түбегейлі сенімді жүйе жоқ. Ал көне көліктерді мінген қазақстандықтарды қалай айыптаймыз? Автомобильді автобусқа ауыстырсақ, экологиялық мәселе шешім таба ма? Астанада жоқ жағдайды түгел Қазақстанда жасауға қауқарымыз жете ме?
Зүлфия Сүлейменованың Астанадағы халықаралық мектеп оқушыларымен кездесуінде айтқан ойы көпшілікті дүрліктіріп жібергендей. Бірі мұны әзіл деп бағамдаса, енді бірі «министрдің тілі мен миының байланысы нашар» деп жазуда. Айта кетейік, Сүлейменова ауа сапасын жақсарту үшін автопарктерді жаңартып, тұрғындардың қоғамдық көлікке көшуі керектігін атап өтті.
«Автопаркті жаңартып, қоғамдық көлікке көшу керек. Өйткені қоғамдық көлік экологиялық жағынан таза. Өз басым автобуста жүргенді жақсы көремін. Мүмкіндік болса, қажетті жерге қоғамдық көлікпен барамын. Жапониядан елге келгенде, таныстарым такси қызметі туралы айтты. Ол кезде мен ондай қызметтің бар екенін де білмеппін. Өйткені Жапонияда такси құны өте қымбат. Жұрттың барлығы метро, қоғамдық көліктермен қатынайды. Біз де соған көшуіміз керек», – деді Зүлфия Сүлейменова.
32 жастағы министрдің ұсынысы, әсіресе, елордалықтарға жақпай қалған сынды. «Жылдық орташа температурасы 15 градус жылыны көрсететін Токио мен Астананы саналы адам салыстыра ма? Астананың ақтүтек боранында қар басқан жолға батып қалған автобусты 30-40 минуттап күтсе, көрер еді… Айналайын-ау, Еуропада есі дұрыс қыс та болмайды. Сосын олардың автобусы белгіленген уақыттан жарты минут та кешікпейді. Мың тармақты метросы «барам» деген үйіңе дейін апарады. Бір ғана қаладағы автобустың мәселесін шеше алмай жатып, ауаның ластануын шешем дегені қай сасқаны? Қазақстанда Астананың ауасынан басқа экологиялық мәселе қалмады ма? – деп жазды астаналық Алмас Алтай.

Жүргізушісіз көлік. Автокөліксіз Астана.


Министрдің айтқанының мәнісі жоқ емес. Жапония – алашордалық Әлихан Бөкейханов бабамыз үлгі етіп, ұсынып кеткен экономи­калық, экология­лық, ұлттық идеология­лық жағынан даралығын сақтап тұрған ел. 2016 жылы шетелдіктерді таң тамаша қалдырған жапон көлігінің тағы бір түрі Intelligent Multimade Transit System IMTS шықты. Интеллектуалды көлік сериясына жататын автобус адамның көмегінсіз, яғни, жүргізушісіз өздігінен жүреді. Автобустың ішіндегі 16 ұзын орындыққа 50 жолаушы сияды. EXPO-2005 кезінде жапониялық IMTS жүйесіндегі үш интеллектуалды автобус қызмет көрсеткен болатын. Табиғи газбен жүретін IMTS автобустарын Жапонияның шағын қалаларынан көруге болады. Автобустың алдыңғы орындығында оператор қызметін атқарушы бір адам ғана отырады. Ол автобусты айдамайды, автоматты түрде өзі жүретін көлік жолдан кісі немесе ит, мысық сынды жан-жануар көлденең өте қалған жағдайда тоқтату функциясын ғана атқарады. Жалпы Жапониядағы қоғамдық көліктердің ешқайсысы улы түтін шығармайды, іші-сырты айнадай жалтырап тұрады. Яғни, жолаушыға да, қоршаған ортаға да пайдалы болмаса, ешбір зияны жоқ.
Мәселен, отандық экологтар Алматы тұмшасының 20%-і көліктен шығатын түтінмен толатынын анықтаған. Автомобиль, автобус және тағы басқа транспорттан шығатын түтін адам ағзасына да зиян. 70-ке жуық адамның таксиге мінгені мен сонша адамның бір автобусқа мінгенін салыстырсақ, қоршаған ортаны сақтау жағынан автобус тиімді транспорт саналады. Алайда Астана сынды ірі қаланы қойып, өзіміздің Қызылорданы алсақ та, автобустардың жайы айтпай-ақ түсінікті. Уақытынан кешігетін қоғамдық көліктерді айтпағанда, саны көбейіп, сапасы жоғарылайды деген қызмет, жыл сайын жөндеуге түсетін жол тағы бар. Ал сағат сайын кептеліс туындайтын Астананы елестете беріңіз…

Амалдың, ақшаның жоқтығы


Қоғамдық көліктердің қызмет көрсетуі, саны, сапасы әзір халықтың сұранысына сай емес екенін айттық. Ал жеке көліктер ше? Неге қазақстандықтар министр мысалға келтірген тозығы жеткен көліктерге құмар? Спорт журналисі Аслан Қаженов: «Сөздің шыны керек, біздегі қоғамдық көлікті тым ұзақ күтесің, үнемі лық толы, басқа да мәселе жетеді. Оның үстіне жеке көліктерді, әсіресе, министр айтқан тозығы жеткен көліктерді жұрт еріккеннен алмайды. Амалдың жоқтығы. Ақшаның жоқтығы.
Жақында Дубайда 15 жыл бұрын қолданысқа берілген метроға міндім. Келіп жүргендер біледі. Біздегі жыр болған LRT сияқты. Бірақ мұнда жыр қылмай, уақытында жүзеге асырып тастаған. 76 бекеті бар. Ұзақтығы – 90 шақырым. Жүргізушісіз пойыздар әр 2 минут сайын қатынайды және дәл осылай күнделікті жүздеген мың адамды тасымалдайды. Соның өзінде жергілікті тұрғындар «қоғамдық көлік мәселесі шешілмеді», «әлі дұрыс жағдай жасалмады» дегенді алға тартады. Яғни, мұндағылардың өзі бізге ғарыштағыдай болып көрінетін нәрсеге көңілі толмайды. Сәйкесінше, билік әлі де оны жетілдіру жолдарын іздестіруде. «Біз жағдай жасадық, қоғамдық көлікке отырыңдар» демеді», – дейді.
Климаттың өзгеруімен, экологиялық лас ауамен күрестің бірі – парниктік газды көп шығаратын ескі көліктерден құтылу екені мәлім. Статистика агенттігінің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылы елдегі 3,8 миллионға жуық көліктің орташа жасы 20-ға теңескен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Автопарктегі көліктердің жартысына жуығының шаң басқан жолда шапқылап жүргеніне 20 жылдан асып кеткен (1,88 миллион).
Алайда ескі көліктерді ескергенде айналып соғатын тағы бір маңызды мәселе – қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы. Ішерге асы артылып, киерге киімі табылып тұрса, неге жарқыратып жаңа көлік мінбеске? Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас. Жоғарыда айтылған арабтар секілді ауруымызды жасырмай айта алсақ, естір құлақ, көрер көз бар шығар. Бірақ «жол да, басқа да ретімен жақсарып келеді. Шүкірміз ғой» дейді біздікілер. Біздің шүкірлік шынайы шүкірлік пе осы?

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!