Фото: Ашық дереккөзден алынды

Некеден кейін де қилы тағдыр бар. Елімізде ерте шаңырақ көтерген отбасылар жиі ажырасады екен. Олардың ажырасуына түрлі фактор әсер етеді. Әсіресе соңғы жылдары баспаналы болу үшін өтірік ажырасатындар көбейген.
Ажырасудың негізгі себептері тұрмыстық жағдайдың төмендігі, өзара түсініспеушілік десек те, отбасын құру атты маңызды қадамға аяқ басқан әрбір жан өзін алдыда күтіп тұрған кез келген қиындыққа дайындауы керек емес пе?! Сондықтан да ажырасудың негізгі себебі әрбір адамның өзінде жатыр. Алла Тағалаға рұқсат етілген амалдардың ішіндегі ең ұнамсызы ажырасу екен. Бұл – мәселенің ең соңғы шегі, басқа жол мүлдем табылмағанда қабылданатын амалсыз шешім. Қазақта: «Отан отбасынан басталады», деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы мекемеде қаланған.
Қазір қоғамдағы ажырасу дерегінің күн санап өсіп келе жатқандығы көңіл алаңдатады. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Себебі, қазіргі кезде, тіпті, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер де үлкен өмір табалдырығын ерте аттап жатқандығын жасыра алмаймыз. Оған қоғам болып жауап беруге, қоғам болып әр жастың бойына тәрбие сіңіруге тура келеді. Қызылорда облыстық Әділет департаментінің мәліметіне сүйенсек, некеге тұруға өтініш берушілер арасында кәмелетке толмағандар да кездеседі. Оларды Неке және отбасы туралы кодексінің 10-бабына сәйкес жүкті болған жағдайда және ортақ бала туған кезде неке қиюды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органдар неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетеді. Мұндай жағдайлар қазіргі қоғамда таңсық емес. Бастысы, екі жақтың келісімі болса жеткілікті.
Дегенмен сол келісім күшінің көпке бармауына іштей қынжылып келеміз. Некенің бұзылуы – отбасы өміріне ғана емес, қоғам өміріне де кері ықпалын тигізетін жағымсыз әрекет. Сондықтан ажырасудың залалын, кері әсерін отбасында үнемі ескертіп, баланың жауапкершілігін көтеруге тырысқан жөн.

Ақерке КЕНЖЕБЕК,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!