Ақтөбедегі арнайы интернатында балаларды ұрып-соғып жатыр деп полицияға анонимді шағым түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Түсірілімнен скриншот

Ақтөбеде арнайы мекеме қызметкерлері балаларды ұрып-соққаны айтылды. Құқық қорғау органдары бұл жерге барып, қауіпсіздік бақылау камераларын тексерді және бұл факт расталды. Кадрларда баланы итеріп, содан кейін есіктен тартып жатқанын көруге болады.

Орталықта нейропсихиатриялық аурулары бар кәмелетке толмаған балалар оқиды. Тәрбиеленушілерді тексеру кезінде 8 жастағы баланың көзінен гематомалар байқалған. Мұнда оқитындардың жартысының ата-анасы жоқ.

«Қызметкерлерден жауап алынды. Олар бала осы орталықтың басқа тәрбиеленушісімен төбелесіп қалғанын айтты. Бірақ бейнебақылау арқылы зерттей бастағанда, қызметкерлер соққыға жыққаны анықталды», – деді қалалық прокуратура бөлімінің аға прокуроры Ләззат Тайланова.

Полиция қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті анықталды. Олар мекемеде тәртіп сақшылары болып жұмыс істейді. Құқық қорғау органдары бейнебақылау камераларындағы басқа жазбаларды да зерттейді.

Соңғы екі жылда №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері тарапынан балаларға қолын көтеру фактісі төрт рет болған. Осыған байланысты қалалық прокуратура интернат басшылығына шара қолдану үшін облыс әкімдігіне жүгінді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!