18 тамыз – Шекарашылар күні
«Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Ал сол Отанның тұтастығы мен тыныштығы мемлекеттік шекараның беріктігіне байланысты. Мемлекеттік шекара – елдің тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын белгісі. Сондықтан шекараны күзету – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, аса жауапты әрі мәртебелі міндет. Шекарашы болу – жай ғана мамандық емес, ол – мемлекеттің алдындағы қасиетті борыш, үлкен сенім мен адалдықтың көрінісі.
Жыл сайын 18 тамыз елімізде Шекарашылар күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген шекарашыларға көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі. Осы мерекеде халық олардың ерен еңбегін бағалап, елге сіңірген қызметіне алғыс білдіреді. Себебі бейбіт өмірдің әрбір сәтінің артында көзге көрінбейтін қажырлы еңбек пен қырағы күзет тұр. Ел тыныштығын күзеткен шекарашыларымыздың қоғамдағы беделімен, ел алдында атқарып жүрген еңбектерінің қаншалықты бағаланатынын, қызметі жайлы ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің офицері, аға лейтенант Әкімжан Еркінұлымен сөйлескен едік.
Әрине, шекара шебіндегі жауапты қызметке қызығатындар көп. Әйтсе де, бұл қызметтің ауырлығы да бір атанға жүк болардай. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Тіпті бұл қызметке қабылдау тәртібі де ерекше.
– Шекара қызметіне 18 жасқа толған азаматтар қабылданады. Үміткердің орта арнаулы немесе жоғары білімі болғаны дұрыс. Сонымен қатар дене дайындығына да үлкен мән беріледі. Себебі шекарашының қызметі оңай емес, әрдайым физикалық тұрғыдан дайын болып, кез келген жағдайға төтеп бере алуы керек. Одан бөлек, тәртіпке бағыну, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншілік те маңызды қасиеттердің бірі, – дейді Әкімжан Еркінұлы.
Оның айтуынша, қызметке келген жас сарбаздар ең алдымен әскери өмірге бейімделеді. Күн тәртібіне, әскери тәртіпке үйреніп, өздеріне жүктелген міндеттерді орындауды меңгереді. Дене шынықтыру жаттығуларына қатысып, қару-жарақпен жұмыс істеу, шекараны күзету сияқты қызметтік бағыттар бойынша дайындықтан өтеді. Бұл дайындықтардың барлығы жас шекарашының өз міндетін дұрыс әрі жауапкершілікпен атқаруына бағытталған. Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы «тәртіпке бас иген құл болмайды» деп еді ғой. Әскердегі темірдей тәртіптің жайы бөлек. Өзіне тән ережелері де бар.
– Шекара қызметінде тәртіп бірінші орында тұрады. Әр әскери қызметкер белгіленген күн тәртібін сақтап, өзіне берілген тапсырманы уақытында орындауы керек. Үлкенді сыйлау, басшылықтың тапсырмасын орындау, бір-біріне қолдау көрсету сияқты қарапайым дүниелердің өзі әскери ортада маңызды. Себебі шекара қызметінде бір адамның жауапсыздығы бүкіл қызметке кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әркім өз міндетіне мұқият қарайды, – дейді аға лейтанант.

– Негізгі міндеті – тәуелсіз еліміздің шекарасын қорғау және оның тұтастығын сақтау, – деп алысқа көз тастады офицер.
Иә, шекара шебіндегі ерен еңбектің қайсыбірі де тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағы үшін емес пе?! Мұндағылардың қайсарлығы мен асқақ рухын отандық фильмдерден де көріп жүрміз. Кейде жай фильм ғой деп қарауымыз мүмкін. Бірақ «Алтыншы пост», «Шекара шебінде» фильмдерін көргенде құйқаң шымырлап, кеудеңді бір алапат сезім билейді.
– Шекарашы үшін ең бастысы – елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі. Мемлекеттік шекараны күзету барысында белгіленген тапсырмаларды орындап, шекара тәртібін бақылауға атсалысады. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Өйткені шекарада тұрған әрбір әскери қызметкер елдің қауіпсіздігіне өз үлесін қосып жүр, – дейді аға лейтенант.
Расында осылай. Түн баласы дамыл көрмей, Отан қорғау жолында кірпік қақпай жүрген талай тарланға халықтың ризашылығы зор. Олардың күн тәртібінде бір сәт те бос орын жоқ.
– Шекарашының күні әскери тәртіпке сай басталады. Таңертең жұмысқа барып, кезекшілікке түседі. Кезекшілік кезінде өзіне берілген тапсырмаларды орындайды, қызметтік міндеттерін атқарады. Күндіз жағдайға байланысты әртүрлі жұмыстар жүргізіледі. Кейде шекара күзетінде болса, кейде дайындық сабақтары мен жаттығуларға қатысады. Кешкі уақытта да белгіленген тәртіп бойынша қызметін жалғастырады. Жалпы, шекарашының әр күні әртүрлі өтеді, бірақ басты мақсат өзгермейді – өзіне жүктелген міндетті сапалы орындау, – деп аға лейтенант шекарашылардың бір күнін ашық түсіндіріп берді.
Мұнда тек осы күн тәртібі ғана жүзеге асырылады десек, қателесер едік. Атаулы күндер мен мерекелер, сондай-ақ, өзара спорттық іс-шаралар, мәдени жиындар да мұнда өтіп тұрады.
– Мәдени және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Түрлі спорттық жарыстар, мерекелік шаралар, әскери-патриоттық кездесулер өткізіледі. Мұндай шаралар әскери қызметкерлердің бір-бірімен жақынырақ араласуына, командалық рухтың қалыптасуына жақсы әсер етеді. Сонымен бірге қызметтен тыс уақытта көңіл сергітіп, бос уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік береді, – дейді офицер аға лейтенант.
Бұл қызметтегілерді мемлекет тарапынан қолдау да жетерлік. Әлеуметтік қолдаудың да бірнеше түрі бар.
– Бұл жерде шекарашылар деп бөлек қараудың қажеті жоқ. Себебі барлық әскери қызметкерлердің бір басты міндеті бар, ол – Отанды сыртқы қауіптен қорғау. Сондықтан мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге қандай әлеуметтік жағдайлар мен қолдаулар қарастырылса, соны барлығы пайдалана алады. Әскери қызметтің жауапкершілігі ескеріліп, қызметшілерге тиісті жағдай жасауға көңіл бөлінеді, – дейді Әкімжан Еркінұлы.
Бүгінде жас шекарашылар өзіміздің Сыр өңірінде қызмет атқарады. Қызылорда облысының шекараға жақын аумақтарында қызметтік міндеттерін атқаруға және қай жерге жіберілетіні қызметтік қажеттілікке байланысты болады. Ең бастысы – қай жерде қызмет атқарса да, өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, елдің шекарасын қорғауға үлес қосу.
Фариза ТӨРЕХАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!