Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, 1999 жылғы әлем чемпионы Болат Жұмаділов екі бөлмелі пәтерінен айырылып қала жаздаған. 

Бұл туралы Қазақпаратқа «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестінің төрағасы Азамат Қарлығашев айтып берді.

Спикердің айтуынша, бірнеше ай бұрын оған банк өкілдері хабарласып, спортшыны іздеп таба алмай жатқанын хабарлаған.

«Бокстан қазақтың жарық жұлдызы Болат Жұмаділов – біздің қоғамның құрметті мүшесі. Сондықтан банктен мән-жайды сұрағанда, оның банктегі қарызын қайтара алмай жүргені белгілі болды. Оның үстіне, сол кезде сот шешімі шығып, сот орындаушылары мен бағалаушылар келіп, пәтерін алып қоймақшы болған. Осы сын сағатта біздің Спортшылар одағы, спортшылар мен Олимпиада чемпиондары Болатқа көмек көрсетуге бел шештік.

Біз «ForteBank» пен Ұлттық банк басшылығына хат жазып, аталған мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрадық. Сондай-ақ олармен кездестік. Осыдан соң комиссия құрылып, қайта қаржыландыру, аресті алып тастау, басқа да шешімдер шықты. Аллаға шүкір, мәселеміз шешілді. Осы орайда Болаттай қазақ боксының жарық жұлдызын ескеріп, мәселесін түсініп, көмек көрсеткені үшін банктердің басшылығына алғыс айтамыз. Қазір Болат отбасымен Астанада, өзінің екі бөлмелі пәтерінде тұрып жатыр», – деді Азамат Қарлығашев.

Айта кетелік, Болат Жұмаділов тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы саналады. Ол 1999 жылы Хьюстондағы әлемдік сында топ жарған. 

Одан бөлек, 1996 жылғы Атланта, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері.