Інжілде «Ең әуелі сөз пайда болған. Сөз Құдай еді. Онсыз ештеңе де болмаған» деген тәмсіл кездеседі. Иә, сөзден жара­тылыс өрбіді, оның киесін таныған адамзат баласы қашанда өзге тіршілік иелерінен үстем болды. Демек сөздің иесі де, киесі де бар.

Қарусыз майданда жеңіс сыйлайтын немесе жерге кіргізетін де – жалғыз ауыз сөз. Сондықтан қолына қалам ұстап, жазуға серт еткен жауынгерлерге, соның ішінде журналистерге артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. «Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатесіз бір өлшеуіші – баспасөз. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді, яки, қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық» дейді Міржақып Дулатов.

Жарықтың жылдамдығынан қалыспай әлемге қазақ тілінде, сапалы, сауатты, шынайы ақпаратты ұсына білу алдымен ұлттың медиа мәдениетін қалыптастыруға сеп болады. Ақпарат кімде – әлем соның қолында. Қазіргі қазақ журналистикасы сәт санап өсетін батырлар жырының бала кейіпкеріндей сағаттар сырғып, күндер жылжыған сайын алға қадам басуда. Басылым мен радио, телевизия мен интернет ресурстарын өзара алмастырып келген БАҚ енді әлеуметтік желідегі медиамен толығып жатыр. Бүгінгі журналистиканың халы қалай? Қазақ тілі ғаламтор қолданушылардың тілі ме? Жауапты мамандықтың сыры белгілі, ал журн­а­листердің қоғамдағы мәртебесі қандай? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік.

Ақпараттық технологияның қарқынды дамуымен әлемдік медиа жүйесіндегі даму тенденциясының елеулі өзгерістерге түсуі бүгінгі қазақ журналистикасының дамуына да өз әсерін тигізгенін мойындауымыз керек. Алғаш ІХ ғасырдың 2-ші жартысында «Түркістан уалаяты газеті» жарық көрген күннен бастау алған кәсіби қазақ журналистикасы өзінің сан ғасырлық тарихында бірнеше даму сатысынан өтті. Орынбор қаласынан таратыла бастаған алғашқы радиохабарлар «Алтын қорда» сақталды, кейінірек пайда болған фотожурналистиканың шежіресінде есімі бірінші аталатын фототілші Рысқали Дүйсенғалиев қаншама тарихи сәтті, ұлы тұлғалардың бейнесін бізге жеткізді, ал қазақ телевизиясы 1958 жылы дүниеге келіп, тікелей Алматыдан хабар таратылды.

1959 жылы баспасөз құралдары өкілдерінің тұңғыш шығармашылық ұйымы – Қазақстан журналистер одағы құрылды. Осылайша өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі мен бұрынғыны сараласақ, қазақ журналистикасының даму процесі жылдам бола түскенін байқаймыз. Онжылдықтарды араға салып жаңалық жасайтын сала қазіргі таңда құрылымдық, жанрлық, тақырыптық жағынан тоқсан сайын өзге кейіпке түрленуде.

Мәселен, әлемдік БАҚ-та әлдеқашан орнын сайлап алған «интернет журналистикасы» ұғымы қазақстандықтар үшін соңғы жылдары ғана толықтай қолданысқа енді. Бүкіл газет-журнал жеке сайттарын, интернет нұсқаларын жасап алды. Радио мен телеарналар да бағдарламаларының интернет арқылы таратылуының тиімді жолдарын қарастыруда. Мұның бәрі кеңістік пен уақытқа тәуелділікті азайтып, ақпаратты жеткізудің жеделдігі мен баршаға ортақ болу мүмкіндігін сыйлады.Осының нәтижесінде ақпараттық сыйымдылықтың көлемі едәуір артумен қатар БАҚ-тың интерактив сипатын қарапайым көрініске айналдырды.

Қазақстанда пандемияға орай 2020 жылдан бастап интернет ресурстарын, әсіресе, әлеуметтік медианы пайдаланушылар саны күрт өсіп кетті. 2021 жылдың қаңтарында 12 миллион адамды құраған, бұл 2020 жылдың басын­дағы көр­сет­кіш­ке қара­ғанда (2,5 мил­лион адам) бірнеше есе жоғары. Түрлі бағыттағы сайттардың орнын әлеуметтік желілер мен мессенджерлер басты, мұнда кез келген ақпарат мәтін, сурет, бейнежазба түрінде ұсынылады. Theopenasia.net ресурсының мәліметі бойынша 2020 жылы Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі vk.com болған. Дегенмен бұл статистика шындыққа жанаспауы мүмкін. Себебі әлеуметтік желілер бір пайдаланушыға бірнеше профайл ашуға мүмкіндік береді. Келесі орында Instagram (6,8 миллион), содан кейін Facebook (2,4 миллион), Odnoklassniki.ru (2,4 миллион) тұр. Тізім соңында – Telegram (шамамен 2 миллион пайдаланушы), Snapchat (1,8 миллион пайдаланушы) және Linkedin кәсіби желісі (790 мың пайдаланушы) бар.

 Дегенмен қолжетімділігі көңілге қонып, әлеуметтік желінің бұқаралық ақпарат құралдарының қатарына енуі кәсіби журналистика мен блог жүргізудің арасында ақпараттың фейк еместігін, шынайылығы мен таралу жылдамдығын бір жүйеге түсіре алмай келеді. Бұл туралы белгілі редактор, медиатренер Назгүл Қожабек: «Қазір журналистика мен медианың аражігін ажырата алмай кетіп барамыз. Медиа бар, сол ме­диа­ның ішінде журна­листика бар. Медиада бәрі бар – ойын-сауық бағдарламаң да, жарнамаң да, концерт, сериалың да. Журналистика – бөлек. Медиада жүрген адамның бәрін журналист дейміз де, одан журналистің қасиеттерін талап ете бастаймыз. Ол дұрыс емес. Медиадағы контенттің бәрі журналистік материал емес. Әсіресе, онлайн медиада. Мысалы, қай сайтты алсаң да – медиа. Тек, ішіндегісі – журналистика емес. Менікі дұрыс емес шығар, тек, мен білетін журналистикада журналистің ең басты қасиеті – аналитикалық ойлау қабілеті. «Болды» деп жазу оңай, ол – медиа, ал соның неден болғанын және артынан не болуы мүмкін екенін сараптап, оқиғаны соңына дейін қадағалап, түйінін қойып жазу – журналистика.

Әншілер журналистердің нанын тартып жеп отыр дегендерді түсінбеймін. Әнші ешқашан журналист бола алмайды. Ал тележүргізуші – журналист емес. Әншілер сараптамалық бағдарламаның тізгінін ұстамайды ғой. Өлетін жерін өздері де білетін шығар. Ал «развлекаловка» журналистика емес. Аудитория – ең алдымен контентті тұтынушы. Тұтынушы талғамы – тұтынушының проблемасы. Әркім өз өмірлік тәжірибесіне, қажетіне, білімі мен багажына қарай ақпарат тұтынады, керегін алады. Бұл жерде медиамен қатар, аудиторияның да жауапкершілігі бар екенін ескеру керек. Әйтсе де, «оқырман өзіне керегін екшеп алады ғой» деген ұстаным да дұрыс емес», – дейді.

Сапалы контент бар, сауатты оқырман ше?

Соңғы жылдары елімізде қазақ тілінде мәлімет тарататын бұқаралық ақпарат құралының саны артып келеді. Бұл – ең алдымен қазақ тілін қолданатын аудиторияның көбейгенінің белгісі болса керек. Дегенмен мемлекеттік тілдегі БАҚ-тың аудиториясын нақты есептеп, медиа нарықтағы орнын анықтау әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай келеді.

Ақпарат құралдарын қаржыландыру мен     қолдау ісінде аудитория өзгеріске ұшырап, қазақтілді көрермен мен тыңдар­манның һәм оқыр­ман­ның сұра­нысы һәм тала­бы елен­бей жүр. Са­рап­шы­лар­дың пікіріне сүйенсек, сайттар мен әлеуметтік желілердегі қазақтілді қолданушылардың саны, сонымен қатар қазақ тіліндегі парақшалардағы пікірлер орыс тіліндегіге қарағанда бірнеше есе арта түскен. Қалай, қанша көлемде болса да, ең бастысы қазақтіліді аудитория бар. Алайда сауат­ты, интел­лектуалды, талғамы биік оқырман бар ма бізде? Жасыратыны жоқ, газет-журналдардың орнын сайттың, сайтты әлеуметтік желілердің алмастыра түсуі – әрқайсысында көтерілетін тақырыптың салмағында сынды. Сараптамалық, анализдік зерттеу жұмыстарын басылымнан болмаса, сайттардан жиі кездестірмейміз. Әлеуметтік желі – жұлдыздардың биографиялық жинағы. Әрине, кейде ресми БАҚ-та жазыла қоймайтын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер әлеуметтік желіде белсенді талқыға түсіп, кейін республикалық телеарнаның бағдарламасына шығатындай дәрежеде көпшілікті қызықтыруы мүмкін. Алайда аудиторияның сұранысы деп рейтингтің ізінен қусақ, оқырман үшін «атақты адамдардың» жеке өмірі мен тұрмыстық жағдайынан әрі аса алмай қаламыз. Неге «Qazagstan» ұлттық арнасындағы «Парасат майданы», «Абай тв» арнасындағы «Соңғы муза» бағдарламасының қаралымы аз? Неге «Қосылайық», «Қызық таймстың» әр шығары­лымын миллиондаған қа­зақ қарайды? Салыстырсақ, төртеуі де таза қазақтілді бағдарламалар.

– Аудиторияны ұстап тұру үшін деңгей керек, алайда сондай деңгейге сай келетін аудитория да болғаны абзал. Неге сарабдал сараптамалық мақалалар мен терең талдамалы бағдарламалардың оқырманы аз, көрермені жоққа тән? «Жұлдыздар отбасын» оқитын оқырман мен «Жұлдыз» журналын оқитын оқырманның арасындағы айырмашылық неге жер мен көктей? Яғни, халықтың басым көпшілігіне жеңіл-желпі ақпарат, көңіл-көтерерлік бағдарламалар қажет. Біздің оқырмандар үшін қандай ақпарат қымбат: олардың жылдар бойы тірнектеп жинаған зейнетақы қорындағы қаржының қандай мақсатқа жұмсалып, қандай инвестицияға тартылатыны қымбат па, әлде Қайрат Нұртастың мешітке барғаны немесе Баян Есентаеваның жағажайда жүргені жайлы ақпарат қымбат па?

Өкінішке қарай, біздің көптеген оқырман бұл ақпаратқа бейжай қарайды. Тіпті, назар аудармайды. Керісінше Қайрат Нұртастың немесе Баян Есентаеваның басынан кешкені өте көп талқыға түседі. Яғни, ақпарат құралдары оқырманға өз тауарын ұсынады. Қандай тауар өтімді, сол тауарды саудаға салады. Сол себепті бүгінгі аудиторияның өзін тәрбиелеу қажеттілігі байқалады, – дейді бұл мәселеге қатысты журналист Есенгүл Кәпқызы. Осы орайда мемлекет тарапынан заңды түрде контентке тақырыптық, мазмұндық, жалған немесе шынайылығына қатысты қойылатын нақты талаптар болуы қажет. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітсе, бір жақсы мың қолды ізіне ертеді» деген мақал осы мәселеге арналғандай. Әйтпесе, рейтинг қуған көптің ішінде еленбей, ескерілмей қаншама құнды журналистік сараптамалар, тың ізденістер, салалық зерттеулер кетіп барады.

Тілшінің орны – төр

Әмбебап болу – қазіргі уақыт пен нарық талабы. Журналист өзі редактор, өзі сарапшы, өзі психолог, өзі корректор, өзі маркетолог болса ғана жүз жүйрік­тің ішінен шылбырын үзіп, алға шығады. Қоғамда журналистке көрсетілер құрмет көбейіп, бұқара үшін беделі биік болғанмен, билік тарапынан журналистердің ел ішіндегі орны ешқандай санатпен белгіленбеген. Әрине, заң жүзінде журналистердің құқығы қорғалып жүр. Алайда ресми, кәсіби беделі асқақтамай келеді. Бұған себеп көп. Кім көрінгеннің «қасапшымын» деп шымшық «сойып» жүргендігі, ақпарат құралдарының қаржы­ланды­рылмауы, ЖОО-да журна­листика сала­сын оқытуды, кадрлық өзгерістерді іске асырмау – осының бәрі журна­листикаға, журна­листердің кәсіби мәрте­бесіне кері әсер ететін факторлар.

Қазақ журналистикасының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік Университетінің ұстазы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы: «Журналист – бүгінгі күннің талғамы мен талабын таразылай отырып, өткеннен өнегелі нәрселерді алып барып насихаттайтын, рухты көтеретін және де ол ең әуелі ар мен ұяттың, заңның, мемлекеттік, ұлттық мүдденің алдында жауапты болуы керек. Жауапкершілік осыдан басталады. Шын ықыласы, пейілі болса еңбегімен алып кетеді. Болмаса көп жазушының, ақпарат таратушының бірі болып қалады. Дегенмен, бүкіл қоғамдық сананы бір арнаға бағыттаған жур­налис­тика саласында публи­цистика деген бар. Бұл үшін үлкен жүрек, рух, сана керек. Журналис­тикада жүргендер осы жағын кейде ұмытып кетеді. Тек қана ақпарат тарату, оны ала білу емес, алдымен сол ақпа­ратты халықтың сана­сына сің­діре білу ма­ңызды.

Жур­налистің мәртебесі бұқараның арасында жоғары. Журналистің жазғанына, айтқанына халық құлақ түреді. Баспасөз орталығы болғаннан кейін газеттер арқылы халыққа мемле­кеттің саясаты тарайды. Міне, осы үшін де кәсіби журналис­тер керек», – дейді.

Ал журналистика­ның бүгінгі бейнесі жайлы журналист Дархан Әбдік: «Журналистиканың рөлі әлі де сол Ахаң айтқан секілді – халықтың, оның ішінде әр адамның көзі, құлағы һәм тілі мен үні. Бүгінгі таңда адам өмірі ақпаратқа толы. Ақпараттан тұрады десек те болады. Әділ ақпарат көзінен айырсаң ұлт та, адам да әлем тынысынан бейхабар. Не болып жатқанын білмейді. Ондай қоғамды жалған ақпаратпен адастырып алдау да, жынды қылу да оңай. Керісінше, бұқаралық ақпарат құралдарына қандай да адами кеңістікке жол берілмесе, сол аймақта болып жатқан адамдардың өмірі әлем үшін беймәлім. Ондай қоғамның үні жоқ. Мұң-мұқтажы да, қасіреті де айтылмай қалады. Демек, жанашыр да, ара түсер де ешкім болмайды. Мәселен, кезінде Кеңес үкіметі сондай саясат ұстанды. Бүгінгі таңда Солтүстік Корея бар. Аталған ахуалдың екеуі де озбыр билікке тиімді. Қоғамды уысында ұстағысы келетін билік халықты соқыр әрі мылқау етуге тырысып бағады. Демек, азат ақпарат құралдарынан айырады. Дамығысы келетін қоғам біріншіден әділ ақпаратты қажет етуі тиіс, екіншіден сол үшін күресе білуі керек. Бұл айтқанымның бәрі ақпараттық журналистикаға қатысты», – дейді.

Иә, сөз еркіндігі, ой еркіндігі қалыпт­ас­қанда ғана журналистер сол қоғамның жанайқайын айқайсыз жеткізе алады, таптаурын болған ережелерді өзгертіп, жаңа бағытта жаңа тақырыптарға қалам тартады, жазуға деген алғаусыз сертінен айнымай­ды. Ал тілшінің орны төрде болуы тиіс. Тілшінің мәртебесі пенделік ілтипаттан бұрын, «төртінші биліктің» иесі ретінде мемлекет тарапынан кәсіби мерекесі қарсаңында ғана емес, күнделікті және әрдайым маңызға ие болуы шарт.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!