фото:el.kz

Мемлекеттік рәміздер – кез келген тәуелсіз мемлекеттің егемендігін, тұтастығын және ұлттық бірегейлігін айқындайтын басты құндылықтарының бірі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Әнұраны – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұратының, азаттық жолындағы күресінің және тәуелсіздігіміздің жарқын белгісі. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі Отанға деген шынайы сүйіспеншілігінің көрінісі. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздері ресми түрде қабылданды. Бұл – жас тәуелсіз мемлекеттің әлем алдындағы өзіндік келбетін айқындаған маңызды тарихи қадам болды. Осы күннен бастап мемлекеттік рәміздер Қазақстан халқын бір мақсатқа, бір мүддеге жұмылдыратын рухани күшке айналды.

Мемлекеттік Ту – еліміздің бейбітшілікке, тұрақтылыққа және жарқын болашаққа ұмтылысын бейнелейтін қасиетті нышан. Көк байрақтың көгілдір түсі ашық аспан мен халықтар арасындағы татулықты білдіреді. Ал оның ортасындағы алтын күн – өмір мен молшылықтың белгісі болса, қалықтаған қыран құс еркіндік пен тәуелсіздіктің символы саналады. Ұлттық өрнек халқымыздың мәдени мұрасы мен салт-дәстүрінің сабақтастығын көрсетеді. Бүгінде көк Туымыз халықаралық ареналарда көтеріліп, спортшыларымыз жеңіс тұғырына шыққанда немесе еліміздің жетістіктері әлемге танылған сәттерде әрбір қазақстандықтың жүрегін мақтаныш сезіміне бөлейді.

Мемлекеттік Елтаңба – Қазақстанның ортақ шаңырағының бейнесі. Елтаңбаның негізгі бөлігі болып табылатын шаңырақ халықтың бірлігі мен ынтымағын білдіреді. Одан тараған уықтар еліміздегі барлық этностардың бір мақсатқа жұмылғанын көрсетеді. Қанатты пырақтар – еркіндікке, дамуға және өркендеуге деген ұмтылыстың белгісі. Ал жоғарғы бөлігіндегі жұлдыз Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орны мен болашаққа деген сенімін айқындайды. Елтаңба – халқымыздың тарихы мен мәдениетін, ұлттық болмысын бейнелейтін ерекше мемлекеттік белгі.

Мемлекеттік Әнұран – ел рухын көтеретін, патриоттық сезімді нығайтатын құдіретті шығарма. Әнұран орындалған сәтте әрбір азаматтың жүрегінде туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімі оянады. Ол халықтың бірлігі мен елдің тәуелсіздігін дәріптеп, ұлттың рухани күшін көрсетеді. Мемлекеттік мерекелерде, халықаралық жарыстарда және маңызды іс-шараларда Әнұранның шырқалуы – еліміздің абыройын асқақтататын ерекше сәттердің бірі.

Мемлекеттік рәміздер тек ресми белгілер ғана емес, олар – ұлттық сананың, тарихи жадымыздың және елдік құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі. Рәміздерді құрметтеу мектеп қабырғасынан басталып, әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы ерекше. Себебі өз елінің рәміздерін қадірлей білген жас ұрпақ Отанның болашағына бейжай қарамайды. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, беделді мемлекет ретінде танылып отыр. Осындай жетістіктеріміздің барлығы мемлекеттік рәміздеріміздің астында жүзеге асуда. Сондықтан олардың мәртебесін көтеру, қадір-қасиетін сақтау және насихаттау – баршамызға ортақ міндет. Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мақтанышы, елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Көк Туымыз әрдайым биікте желбіреп, Елтаңбамыз ел бірлігінің нышаны болып, Әнұранымыз асқақ рухымызды әлемге паш ете берсін. Ел рәміздерін құрметтеу – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына деген сенім мен адалдықтың белгісі.

                                                      Жардемхан Нұрдәурен,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің

қабылдау бөлімінің қоғамдық меңгерушісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!