Қызылорда ОПД ЕҚҚIҚБ тарапынан жарияланған байқауға

Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін ойы сергек, рухы мықты, дені сау ұрпақтың өсуі маңызды. Дені сау ұлт – әлемде қаптаған кесел мен келеңсіздіктерге төтеп  беріп, бәсекеге қабілетті бой түзей алады. Біз ақпараттың қарыштап дамып жатқан дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Абай атамыз айтқандай, қайғыға салыну не болмаса бір нәрсеге құмарлық пайда болып кетпес үшін арбаған қызылды-жасылды құрдымға жетелейтін зиянды әдеттен аулақ болуымыз керек.

  \Ғасыр індеті нашақорлық – жас талғамайтын, әлеуметтік жағдайын ескермейтін қоғам қасіреті. Жұмыссыз, мақсатсыз, қараусыз қалған әрбір жасөспірімді торуылдап ғасыр індеті жүр. Әуелі еліктіріп, содан соң тәуелділікке дейін жеткізетін зұлым күштің қуыршағына айналып кетпес үшін жұмыла қарсы тұру өзекті меселеге айналды.  Дегенмен, көріп жүргеніміздей, бүкіл дүние жүзі белсенділері, қоғам зиялылары, денсаулық сақтау саласы  жұмыла әрекет етсе де, жаңбырдан кейін қаптаған жауынқұрттай ғасыр індетін ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Бұл іске әр адам саналы түрде келуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, қамшының сабындай аз ғана ғұмырын адам рухани өсуге, спортпен шұғылдануға, оның ішінде эстафеталық жарыстарға, футболдан, шахматтан чемпионаттарға белсенді түрде қатысса, сүйікті ісімен айналысса, тіл білуге, әлем елдерін саяхаттауға жұмсаса әрбір жас өскіннің өмірі ғажайыпқа толы жарқын сәтпен толықпақ. Ол үшін елімізде, облыстық  аудандық, мектепішілік ұйымдастырылып жатқан қызықты шараларды ауыз толтырып айтуға болады. Алайда, жасөспірімдер арасында қызығушылық, белсенділік әлі де болса күшейтілуі тиіс.

Ел Президентінің   «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасында» халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру  мәселесі орынды көтерілген. Осындай бағдарламалар ұлт жанашырлары, жалынды жастар таратынан  қолдау тапса, озық елдердің қатарында оза шабатынымыз айдан анық. Себебі, кез-келген мемлекеттің болашағы – дені сау, санасы ояу  жас ұрпақпен гүлдене түспек.

Кешегі өткен өр намысты Махамбет Өтемісұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет  Байтұрсынұлы, Қайрат Рысқұлбеков сынды ұлттың тәуелсіздігін аманат еткен бабаларымыз алдында уытты ғасыр індетін  бойымызға жұқтырып ұятқа қалмайық! Тәуелсіз елдігімізді, егемендігімізді қасіретке итермелеуші, өлім тұзағын құрушы қорқауларға билетпейік! Есірткісіз өмір ғажайып. Мен есірткісіз өмірді таңдаймын!  Өз үлесіңді қосудан сен де қалыс қалма, жас дос!

Мирас ҚАЙРАТҰЛЫ,

 Сырдария ауданы 37 мектеп-лицейінің

            10 сынып оқушысы