Қазіргі қоғам үшін ең өзекті қауіптердің бірі – діни және саяси экстремизм. Мұндай теріс идеологиялар қоғамдағы тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, адамдар арасында төзімсіздік пен алауыздықты күшейтуге бағытталған. Сондықтан экстремизмнің алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағыттағы ең маңызды құралдардың бірі – толеранттылық мәдениетін қалыптастыру.

Толеранттылық – өзгенің көзқарасын құрметтей отырып, өз ұстанымы мен ұлттық құндылықтарына берік бола білу. Бұл – әлсіздіктің емес, парасаттылықтың белгісі. Толерантты адам дау-дамайды күшпен емес, ақылмен шешуге ұмтылады, қоғамдық келісім мен өзара сыйластықты жоғары қояды. Бұл қасиет қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымымен толық үндеседі. «Сабыр түбі – сары алтын», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Таспен атқанды аспен ат» деген нақыл сөздер халқымыздың қандай қиындық болса да сабыр сақтап, мәміле мен татулықты таңдағанын көрсетеді. Ел ішіндегі дау-дамай билердің әділ төрелігімен шешіліп, қантөгістен гөрі бітімге келу басты құндылық саналған. Қазақ халқының діни танымы да байыптылық пен ұстамдылыққа негізделген. Ислам діні қазақ даласына күшпен емес, ғылым-білімнің, ізгілік пен көркем мінездің арқасында тарады. Халқымыз дінді ұлттық салт-дәстүрімен үйлестіріп қабылдап, оны бірлікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін рухани құндылық ретінде бағалады. Ата-бабаларымыз дінді ешқашан араздық пен өшпенділіктің құралына айналдырған емес. Керісінше, қоғамдағы татулықты сақтауға, адамдар арасындағы сыйластықты нығайтуға мән берген. Сондықтан өзгеге үкім шығару, өз пікірін күшпен таңу немесе қоғамды бөлетін көзқарастарды тарату қазақы дүниетанымға жат әрекет ретінде қабылданған. Бүгінде экстремистік идеологиялардың негізгі нысанасына көбіне жастар айналып отыр. Мұндай ұйымдар жастардың тәжірибесінің аздығын пайдаланып, оларды өз отбасы мен қоғамынан, ұлттық және рухани құндылықтарынан алшақтатуға тырысады. Өздерін ғана ақиқаттың иесі ретінде көрсетіп, өзгеше ойлайтын адамдарға төзімсіздік танытуға үндейді. Бұл – қазақ халқының табиғатына, дәстүріне және рухани болмысына мүлде қайшы ұстаным.

Қазақ халқының болмысы – кеңдік, кешірім, қонақжайлық және өзара құрмет. Тарихымызда түрлі этнос өкілдерімен татулықта өмір сүріп, қиын кезеңдерде өзге халықтарға пана болғанымыз – халқымыздың толеранттылық мәдениетінің айқын дәлелі. Экстремизмге қарсы қоғамдық иммунитет ең алдымен отбасында қалыптасады. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіні құрметтеуге, өзгенің пікіріне түсіністікпен қарауға тәрбиелеу – радикалды идеологияларға қарсы ең тиімді қорғаныс. Бұл үдеріске отбасы ғана емес, білім беру ұйымдары, діни бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтық қоғам институттары бірлесе атсалысқанда ғана оң нәтиже береді.

Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті мен Шәкәрімнің ар-ожданды бәрінен жоғары қойған қағидалары – қазақ руханиятының мәңгілік құндылықтары. Осындай асыл мұраны жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы ғана олардың жалған діни ұрандарға еріп кетуінің алдын алуға болады. Толеранттылық – бүгінгі заманның талабы ғана емес, қазақ халқының тарихи болмысының ажырамас бөлігі. Сабыр мен парасатты, татулық пен өзара сыйластықты ту еткен қоғам ғана экстремизм мен радикализмнің кез келген көрінісіне қарсы тұра алады. Сондықтан толеранттылық құндылықтарын дәріптеу – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың, қоғамдық келісімді сақтаудың және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды алғышарттарының бірі.

Сәкен Алдашбаев,
«Сыр дидары» газетінің бас редакторы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!