Тұрғын үйге қатысты даулардың жария құқықтық қатынастардан туындайтын даулар қатарына жататыны белгілі. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енгізілген сәттен бастап азаматтардың тұрғын үй қатынастары саласындағы бұзылған құқықтарын қорғау бойынша жиі арызданатыны байқалады. Соған орай тұрғын үй даулары әр өңірдегі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарда ең көп қаралатын істердің бірі саналады.

Талап арыздар санының артуына бірнеше себеп бар. Соның ішінде өтініш берушілер, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері сотқа тұрғын үй алудағы кезегін қалпына келтіру бойынша жиі жүгінеді. Сондай-ақ тұрғын үй жалдау шартын заңдастырудан бас тарту жөніндегі шешімнің, ипотекалық кредиттер бойынша міндеттемелері бар әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдерін тағайындау комиссиясының тұрғын үй төлемдерін беруден бас тартуына дау айтып, соттан әділдік күтетіндер саны көп. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сүйенген азаматтардың талабы көп жағдайда қанағаттандырылатынын айта кеткен жөн.

Жалпы сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай тұрғын үй даулары бойынша талап-арыздардың көптігіне, әрі олардың қанағаттандырылуына жергілікті атқарушы органдармен тұрғын үй комиссияларының азаматтар өтінішін үстірт қарауы, заңдарды жеткілікті білмеуі түрткі болып жатады. Сондай-ақ, лауазымды адамдардың өз міндеттерін талапқа сай сапалы орындамауы, әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібін бұзуы, өтініштерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға салғырт қарауы да тұрғын үйге қатысты даулардың артуына ықпал етеді. Мұндай сапасыз қызмет ӘРПК-де көзделген әкімшілік рәсімдердің қағидаттарына сәйкес келмейді, сәйкесінше заң талаптарын бұзу мемлекеттік органдар қабылдаған әкімшілік актілердің күшін жоюға әкеп соғады. Бұл сонымен қатар қарапайым халықты да әуреге салатынын ұмытпауымыз керек.

Осындай даулардың алдын алып, азаматтар мемлекеттік органдардың негізсіз әрекетінен зардап шекпеуі үшін тұрғын үй даулары бойынша заңнама нормаларын түсіндіріп, осы санаттағы істер бойынша қалыптасқан сот практикасын мүдделі органдарға үнемі көрсетіп, таныстырып отыруаса өзекті. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға мұндай істерді татуласу жолымен шешу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігінде ескерткен орынды.

Себебі, істі бейбіт жолмен шешу тараптардың уақытын, қаражатын үнемдеуге, дауды мейлінше қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Бұл әрі азаматтардың сотқа ғана емес, мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін нығайта түседі.

Айбек Сарсенбаев,
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!