Жаһандану заманында тың жаңалықтар шаһардың шырайын келтіреді. Заманауи лэд экрандар, тратуардағы су бұрқақ, көркі көз тартар орындықтар осының барлығы қала халқының көз қуанышына айналуда. Бұл қатарды енді жаңа электрлі самокаттар толықтырып отыр. Тұрғындар діттеген жеріне таза ауамен тыныстап, шаршамай, шалдықпай жете алады.

Jet атауындағы самокаттар жерігілікті кәсіпкерлердің қолдауымен қыркүйек айынан бастап пайдалануға берілді.  Әу баста пайдаланушылар арасында түсініспеушілктер орын алғаны жасырын емес.  Дегенмен қызылордалықтар жаңа жобаға үлкен қызығушылық танытуда. Адамзат баласы жақсыға тез үйренеді емес пе, электронды самокат тебушілердің қатарында жастар да, ересектер де көбейген. Арасында тың жүйеге сүйсініп, ұнап жатқандары да көп, сүрініп құлап жатқандары да баршылық. Таңғаларлығы тұтынушылар самокатты діттеген жеріне жеткенде немесе қаланың кез келген бұрышына тастап кетуде. Себебі онда заманауи GPS құрылғылары орнатылған. Jet-ке жайғасу үшін «Play Maрkeт» бағдарламасынан «BasyFly» қосымшасын жүктеп алуы шарт. Байқағанымыздай жоба ресейлік кәсіпкерлердікі екен. Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы тұрғындар үшін бұл электрлі самокаттар күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналып кетіпті. Ал жобаның ел аумағына келгені кеше ғана.

– Тұрғындар үшін электрлі самокаттар өте қолайлы. Қыркүйек айынан бастап қаламыздың 5 нүктесінен 250 самокат орналастырдық. Самокаттар «BusyFly» «iOS» және «Android» жүйелерімен жұмыс істейді. Оны қолданудың еш қиындығы жоқ. Самокатты жалға алу құны минутына 30 теңге. Ал сағатына 1800 теңгені құрайды. Сағатына 15 шақырымнан 25 шақырымға дейін жылдамдықта қозғалады. Сонымен қатар самокаттарды тұрғындар қаланың кез келген жеріне қалдырып кете алады. Себебі біз кешқұрым барлығын GPS арқылы жинап, таңға дейін қуаттандырып қоямыз. Әу баста үйлеріне алып кету деген түсініспеушіліктер орын алды. Бірте-бірте мұндай жағдайлар саябырсыды. Сындырып қойғандары да болды. Енді қолды еткендерге арнай әкімшілік жаза тағайындалды. Яғни бір самокатқа 480 мың теңге айыппұл салынады. Қазір күн салқындағаннан кейін сұраныс азайды. Қыс ауасында самокаттармен жүру тоқтатылады. Ерте көктемде 500-ге жуық жаңа Jet халық үшін пайдалануға беріледі, – дейді жобаның жауапты өкілі Әділжан Жарықбаев.

Расында да құрылғыны қолдану еш қиындық тудырмайды. Смартфондағы арнайы қосымша арқылы банк карточкасымен есептесіп, самал желмен жарысып, самғай бересіз.

Жаңа жоба турал қала тұрғындарының  пікірін білдік.

– Әрине қала жұртының игілігі үшін іске асып жатқан мұндай жобалар көңіл қуантады. Десек те самокатпен жаяу жүргіншілер жолы арқылы жастар қатты жүреді. Бұлар қалада автокөлік жолдарымен жүруі қажет дейін десең, ертеңгі күні машинаның астына түссе тағы қиын. Ал бізде мұндай электрлі құрылғыларға, велосипед айдаушыларға арналған жолдар бірең сараң. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолынан болса да самокатпен жүретіндерге арналған арнайы жолақ қажет сияқты, – дейді қала тұрғыны Арайлым Қасымова.

– Біздің қаланың мәдениетіне сай келмейтін секілді. Өйткені әлеуметтік желіде байқағанымыздай, көбісі самокаттарды қолды қылды. Бірі сындырды. Шыны керек каламызға мұндай жобалардың келуіне әлі ерте секілді. Нұр-Сұлтан, Алматы секілді мегаполистерге таптырмайтын құрал. Өйткені ол жақта кептелістер көп. Жұрт Jet-пен ақ уақытын үнемдейді. Ал бізде кептеліс жоқ, такси қызметі де қалтаға қонымды. Оның үстіне қоғамдық көліктер де уақытылы қатынауда, – дейді Нұрбол Елемес.

Денсаулық саласының мамандары самокаттың адам ағзасына пайдасы көп екенін алға тартады.

Jet самокаты іске қосылғанда қуанғандардың бірі мен болдым. Жалпы маман ретінде айтайын, самокат тренажер сияқты, оның көмегімен қозғалыс тапшылығы өтеледі. Адам даму үшін жас ерекшелігіне сай қозғалуы керек. Жас бойынша қозғалыс белсенділігінің нормасы бар. Қазір балалардың жартысы әртүрлі себептер мен жағдайларға байланысты қозғалыс тапшылығын сезінуде. Самокат – бұл тапшылықтың орнын толтырудың жақсы құралы, – дейді медицина ғылымдарының докторы Владимир Приз

Санк Петербургтан тараған Jet-тың қаламыз үшін жағымды жаңалық болғаны жасырын емес. Алайда шаһар тұрғындары жаңа құрылғыға бейімделе алмай жатқандай әсер қалдырды. Дегенмен қала мәдениеті үшін тың жоба болған Jet-тың болашағы зор болмақ.

Ерасыл ШӘРІБЕК