Соңғы уақытта әлеуметтік желі мен БАҚ бетінде Өзбекстан Республикасының инвестициялық әлеуеті талқылануда. Көбі шетелдік IT компаниялардың көрші елге орнығуын әңгімелеп, неліктен бізге келмегенін білмекке құмартады. Әрине, Қазақстан – экономикалық деңгей жағынан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет. Алайда шетелдік инвесторлар аталған артықшылыққа мойын бұрмай келеді. Мұның себебі не? IT компанияның Өзбекстанға шоғырлануы қандай келеңсіздікке әкелуі ықтимал?

Алдымен көрші ел нарығына кірген компаниялар тізімінен бірер ақпарат бере кетейік. Мәселен, Prow компаниясын алайық. Жыл басында БАӘ-де орналасқан киберқауіпсіздік және деректерді басқару IT қызметтерінің провайдері қызмет географиясын кеңейтетінін жариялаған еді. Көп өтпей компания Өзбекстан мен Бахрейнде қызметтерді іске қосуды қолға ала бастады.
Ал атақты Binance халықаралық криптобиржасы Өзбекстанда бас менеджерін тағайындады. Постта менеджер жаңа нарық үшін стратегияларды, іс-қимыл жоспарларын және бизнес-модельді әзірлеумен айналысатыны белгілі болды. Ол сондай-ақ жергілікті криптовалюта командасын басқарып, маркетингтік операцияларға күш салады. Яғни, бұл компанияның аталған елге деген қызығушылығын білдірсе керек.
Қазіргі таңда Өзбекстанда батыстық кәсіп нысандарынан бөлек, ресейлік компаниялардың үлесі орасан. Мәселен, ресейлік Broniboy тауарлар жеткізу қызметін алайық. Аталған қызмет сәуір айында Ташкентте іске қосылды. Содан бері платформаға 50-ден астам серіктес қосылып, инвестиция сомасы 300 мың долларға жеткен. Платформа мейрамхана, дүкен, дәріхана және гүл сататын дүкендерге жеткізу қызметін көрсетеді. Компания өкілдерінің айтуынша, алдағы бірнеше жылда Өзбекстанның 50 мың адамнан асатын барлық қаласында қызметті іске қоспақ.
Екінші компания – Wildberries. Орталық Азия елдеріне кең танымал платформа екені даусыз. Аталған ресейлік маркетплейс Ташкентте фитинг кабиналарымен жабдықталған тарату пунктін ашты. Тауарларды жеткізуді компанияның жеке логистикалық қызметі жүзеге асырады. The Wildberries сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерді жеткізу пункттерін өз бетінше ашуға және айналымнан 3,5 процентке дейін кіріс алуға шақырды.
Соңғылардың бірі – ITHUB. Технология сала­сындағы ресейлік білім беру желісі шетелдегі орыстілді аудиторияға назар аударуды үлғайтқан болатын. Нәтижесінде компания филиалдары Өзбекстан, Қырғызстан, Кипр, Израиль және Индонезия елдерінде жұмысын бастамақ. Сондай-ақ мекеме білім беру мазмұнын өзбек тіліне аудару мүмкіндігін қарастыруда.
Осы орайда Өзбекстанның бүкіл Орталық Азия аймағының даму орталығы болуға деген амбициясын талқылау қажет секілді. Себебі соңғы уақытта алпауыт ұйымдар мен кәсіпкерлер Қазақстанға емес, көрші өзбек еліне мойын бұруы көбейтті. Оған елдегі халқы саны, арзан жұмыс күші, географиялық ахуал себеп болғандай. Соның ішінде IT және жалпы цифрлан­дыру жүйесі басым бағыттың біріне айналды.
Өзбекстан мұндай мүмкіндікті қапы жібермеу және IT әлеуетін көтеру үшін барын салары белгілі. Әсіресе, білікті кадрлар даярлау, Орталық Азиядағы басты IT-орталыққа айналуына мүмкіндік жасау жүзеге аспақ. Бұл үшін нақты жобалар да жолға қойылып келеді. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Өзбекстанда IT park құрылды. Нәтижесінде IT компаниялар үшін салықты жеңілдету, жеке тұлға­ларға арнайы визалар беру ісі қарқын алғаны бар. Онымен қоса мемлекет кәсіпкерлерге кеңсе, желі ашуға да қол ұшын созды.
Өзбекстандағы ең жылдам дамып келе жатқан саланың бірі – қаржылық технология. Қазіргі таңда көрші елдегі жергілікті банктер IT-дің дамуына ілесе алмай кешеуілдегенімен, алдағы 2-3 жылда бұл олқылықты түзетуге тырыспақ. Айтпағымыз, Өзбекстан банктік қосымшалар, қашықтықтан қызмет көрсету сапасы бағытында жобалар әзірлеуде. Мұның бәрі төлем карталарын пайдалану көбейіп, халықтың қаржылық сауаты да өседі деген сөз. Оған экспорттық Payme және Click толық мүмкіндік беретін түрі бар. Әрине, Қазақстандағы банк жүйесіне ілесу үшін әлі де еңбек қажеті анық. Десе де кей инвесторлардың көрші елге қызығуы осы «бос кеңістікті толтыруға» толтырып, табыс табуға ұмтылысы секілді.
Электрондық сауда және дербес дерек жайы өзбектер жағымды жаңалыққа жетеледі. Стартаптар мен венчурлық нарық талабы да жаңа мүмкіндік тудырға­нан айта кетуге тиіспіз. Мұнда бәрі енді ғана пайда дамыған IT саласына серпін бергені жасырын емес.
Айта кетейік, өткен жылы Өзбекстан БҰҰ цифрлық үкімет рейтингінде 18 орынға көтерілді. Мұндай өзгеріске елдегі онлайн мемлекеттік қызметтердің де әсері мол. Мәселен, қызметтерді жеңілдету үшін елде бірыңғай PINFL идентификаторы енгізілген. Ол бойынша салық, еңбек өтілі бақыланып, зейнетақы беріледі.
Әрине, Өзбекстанның аталған IT саласындағы өзгерісі бізді қайрауға, жаңа инвестиция жолын таңдауға итермелері анық. Себебі салалық бәсеке ғана мемлекеттің алға жылжуына жол ашып, потенциалын толық ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан аймақтағы орнымызды нығайту үшін IT әлеуетке де мән берген абзал.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!