Қай кезеңде өмір сүрсек те, келешек ұрпаққа тек білім беріп қана қоймай, өмірде қажет болатын нақты дағдыларды үйрету – берік болашақтың негізін қалау. Осы тұрғыдан алғанда, еңбекке баулу пәнінің маңызы ерекше. Алайда соңғы жылдары бұл пәннің мазмұны мен қоғамдағы беделі төмендеп бара жатқаны ойландырмай қоймайды.
16 сәуір күні Қызылорда қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Орта мектептердегі оқушыларға арналған шеберханалардың жұмыс барысы және еңбекке баулу пәнінің оқытылу деңгейі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға білім беру саласының мамандары, технология пәнінің мұғалімдері қатысып, саладағы өзекті мәселелерді ашық талқылады.
Талқылау барысында ортақ бір ой айқындалды: мәселе жекелеген кемшіліктерде емес, тұтас жүйенің әлсіреуінде. Пән атауы сақталғанымен, оның мазмұны біртіндеп жұтаңдап, өмірмен байланысы әлсіреп барады.
Соңғы жылдары енгізілген ұлдар мен қыздарды бірге оқыту тәжірибесі де сынға алынды. Мамандардың пікірінше, бұл тәсіл еңбекке баулудың табиғи ерекшелігін ескермей, пәннің практикалық бағытын әлсіреткен. Нәтижесінде оқушылар нақты бір дағдыны терең меңгерудің орнына, үстірт біліммен шектеліп отыр.
Екінші түйткіл – оқу сағатының жеткіліксіздігі. Аптасына бір сағат көлемінде еңбек дағдысын қалыптастыру мүмкін емес. Теория мен тәжірибені қатар алып жүруге уақыт жетіспегендіктен, пән формальді сипат алып барады.
Үшінші мәселе – мектеп шеберханаларының жай-күйі. Көптеген білім ордаларында құрал-жабдықтар ескірген, ал кейбір ауылдық аймақтағы мектептерде мүлде жоқ. Мұндай жағдайда сапалы еңбек сабағы туралы айту қиын. Бұл әсіресе өңірлерде өткір сезіледі.

Сонымен қатар, еңбекке баулу пәнінің қазіргі еңбек нарығының сұранысынан алшақтап кеткені де айтылды. Бүгінгі таңда техникалық және қолданбалы мамандықтарға сұраныс жоғары болғанымен, мектеп қабырғасыңда бұл бағытта жүйелі дайындық жеткіліксіз.
Дөңгелек үстелде осы мәселелерді ескере отырып, нақты ұсыныстар берілді. Атап айтқанда:
– еңбекке баулу пәнін қайта құрылымдап, бағыттар бойынша саралап ер бала мен қыз баланы бөлек оқыту жүйесін енгізу;
– пәнге бөлінетін оқу жүктемесін кемінде аптасына 2 сағатқа дейін арттыру;
– мектеп шеберханаларын жаңғырту бойынша республикалық деңгейде арнайы бағдарлама қабылдау;
– оқу бағдарламасын толық жаңартып, оған инженерлік ойлау, техникалық сауаттылық және кәсіпкерлік негіздерін енгізу;
– технология пәні мұғалімдерінің мәртебесін көтеру және біліктілігін арттыру.
Осыған байланысты дөңгелек үстел қорытындысы бойынша төмендегідей ұсыныс берілді:
Еңбекке баулу пәнін білім беру жүйесінде басқа негізгі пәндермен тең дәрежеде қарастырып, оның мәртебесін көтеру қажет. Пәннің оқу жүктемесін арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту және оқу бағдарламасын заман талабына сай қайта қарау бойынша нақты шаралар қабылдау – уақыт талабы.
Қорытындылай келе,Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныстарың дайындауда.
Еңбекке баулу – қосымша емес, оқушыны өмірге дайындайтын негізгі пән. Оны елемеу – ертеңгі күні еңбекке бейімі жоқ ұрпақ қалыптастыру қаупін күшейтеді.
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!